16 Наурыз, 2016

Бұра тартуға жол берілмейді

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қарағанды қаласына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өкілі Егор Каппель келді. Сапар барысында ол сайлауды байқау жөніндегі облыстық комиссияның жұмысымен танысты. – Сайлау науқаны кезінде Қараған­ды өңірі қашанда белсенділік таны­тады. Бүгінгі күнде облыста сай­лауға дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Байқаушылар тізімі құра­лып, комитеттің жұмысына алғаш рет қатысып отырғандарға ар­на­лып семинар-тренингтер ұйым­дас­тырылуда, – деді Егор Каппель. Қазіргі таңда Қарағанды об­лы­сында байқаушы болғысы келе­тін­дердің саны көбейген. Мұның өзі тұрғындардың елдің болашақ тағ­дырына алаңдаушылық білді­реті­нін аңғартса керек. Егор Каппель­дің айтуынша, халықаралық байқау­шылар Қазақстанда сайлаудың әділ және ашық өтуіне барлық жағдай жасалғанын атап өткен. Кездесу барысында Халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан бюро­сы­ның Қарағанды қалалық филиа­лының директоры Юрий Гусков Қазақ­станның көптеген елдерге қарағанда демократиялық бағытта дамып келе жатқан мемлекет екенін тілге тиек етті. «Сайлау кезінде бізге қандай да бір депутаттың жеңгені емес, ешқандай қысымсыз дауыс беріп, дұрыс шешім жасаған жалпы халықтың жеңісі маңыздырақ», – деді Ю.Гусков. Сонымен қатар, ол биылғы сайлауда байқаушылар бюллетеньдерді санау­мен ғана шектеліп қалмай, санақ хаттамасын алуға да құқылы болғанын мәлімдеді. Мұның өзі дауыс берудің әділ және ашық түрде өтуіне зор ық­па­лын тигізетін жағымды жаңалық еке­нін атап өтті қарағандылық құқық қорғаушы. Қайрат ӘБІЛДИНОВ,                «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.