16 Наурыз, 2016

Алтын-күміс өндірісі өрге басып тұр

771 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
100-850Қазақстан алтыны мен басқа да бағалы металдарын қалай жаратам десе де өз қолында. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытының директоры Мейрамғали Тілеужанов айтты. Қазіргі таңда еліміздегі үш бірдей бағалы металдарды аффинаждаушы зауыт бір-бірін толықтырып, қалыпты жұмыс істеп тұрған көрінеді. Осыдан үш жыл бұрын Астананың Индустриялық паркінде іргетасы қаланған «Тау-Кен Алтын» зауыты екі жылдан бері алтын құймаларын шығарып жатыр екен. Бұрнағы жылы Ұлттық банкке 7 тонна алтын өндіріп берген болса, былтыр оның көрсеткішін 11 тоннаға дейін жеткізіпті. Негізі аталған зауыт жылына 70 тоннаға дейін құйма алтын өндіруге қау­қарлы. Ал таяу болашақтағы жос­парларына назар аударсақ, 2020 жылға қарай жылына 25 тоннаға дейін өнім шығаруды көздеп отыр. Еліміздің аффинажды зауыты өз саласында әлемдік стандарттарға сай өнім шығарумен аймақтағы елдер арасында алдыңғы қатарда тұр деуге ауыз барады. Себебі, әлемдегі ең озық технологиямен жабдықталып, мамандары сол технология бойынша озат елдерден білім алып, біліктіліктерін шыңдаған кәсіпорын Лондондағы бағалы металдарды сынның тезінен өткеретін мекеменің 19 талабының 18-ін толық орындап болған. 19-шы талаптың үдесінен шығу үшін кәсіпорынның жұмыс істегеніне кемінде үш жыл толуы қажет екен. Зауыт директоры белгілі мер­­зім келгенде ол талапты да қана­­ғаттандыратындарына толық сенімді. Бүгінгі күнде Қазақстандағы аса құнды металдарды аффинаждау саласындағы үш зауыт жылына 130 тонна алтын шығара алады екен. «Егер шикізат болса, Қазақстанның үш зауыты бірігіп 130 тонна алтын шығаруға мүмкіндігі бар. Оның ішінде «ҚазЦинк» зауытында жылына 52 тонна, «Қазақмыста» 10 тонна алтын шығаруға, ал «Тау-Кен Алтын» кәсіпорнында 70 тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік бар. Орташа есептегенде Қазақстан бір жылда 130 тонна алтын шығаруға қауқарлы. Ал біздің кәсіпорын биылғы жылы 14 тонна таза ал­тынның стандартты құймаларын шығаруды жоспарлап отыр», деді М.Тілеужанов. Зауыт директорының сөзіне илансақ, Қазақстан Иранның алтынын өндіру көлемін арттырып, Моңғолия құнды металдарын өндіруге де ниетті. «Қазіргі кезде Иранмен тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл елден алтын Қазақстанға жеткізілді және оны өндіріп, шығарып жатырмыз. Яғни, осы алтынды Ираннан шикізат ретінде сатып алудамыз. Атап айтқанда, бүгінде құнды металдарды шикізат ретінде шетелге сатпаймыз. Бұл ретте керісінше, шикізатты шет мемлекеттерден Қазақстанға тасымалдауды пысықтап жатырмыз», деген ол Иран елі бұған дейін шикізатын сонау АҚШ-та қайта өңдетіп отырғанын айтты. Ал қазіргі күнде жақындағы Қазақстанның аффинаж зауытының технологиясы озық болумен қатар, экономикалық тұрғыда да тиімді екенін ескеріп біздің елге бағалы металдарын әкеле бастапты. Мұнымен бірге, Қазақстан тарапы биылғы мамыр айын­да Моңғолияда өтетін саммитке дайындалып жатыр екен. Халық­аралық саммитке қатысудағы негізгі мақсаттың бірі, аталған елдің алтынын шикізат ретінде сатып алып, елімізде өндіру жос­парын жүзеге асырмақ. «Ресейде 11 аффинаж зауыты бар. Біз солармен бәсекеге түсіп отырмыз. Біздің кәсіпорын өнімдерінің сапасы жақсы болғандықтан және экономикалық тұрғыда тиімді болғанын ескеріп, ресейлік «Поли­металл» компаниясы өз алтындарын Қазақстанға алып келіп, биылдан бастап тағы да аффинаж жүргізбек. Ресейден екі тонна алып та келдік. Сондықтан алдымыздағы мақсат, тек Қазақстанның ғана алтынын емес, бізбен жұмыс істегісі келетін әлемнің кез-келген елінен шикізатты сатып алып, өзімізде өндіру және Ұлттық банкті алтынмен қамтамасыз ету», деді М.Тілеужанов. Аталған зауыт тек алтын құй­маларын ғана жасаумен айналысып отырған жоқ, ол мың грамдық құймадан бастап, кішкентай алтын бұршақтарын да шығарады. Ол өнімін отандық зергерлік бұйымдар шығаратын шағын зауыттарға сата бастаған. Сондай-ақ, бағалы металдардың сапасын анықтап, белгі соғып беруге де құқылы. Ол үшін арнайы зертханасы мен кепілдік беретін сертификаты да бар. Бұған қоса, былтыр «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты ломбардтардан 110 келі алтын сатып алыпты. «Ломбардтардың көбісі бізді біле бермейді, алайда оған қарамастан, біз 110 келі алтын сатып алдық. Себебі, біздің зау­ыт іске қосылғалы екі жыл ғана уақыт өтті және жұмысымыздың екінші жылында ломбардтар бізге 110 кило тапсырды. Биыл біз бұдан артық сатып алуға ниеттіміз», деген ол бір грамм алтынның бағасы лондондық металл биржасына сәйкес айқындалатынын еске салды. Сөйтіп, зауыттың зертханасы тиісті тіркеуден өткенін және алтын бұйымдардың құрамын сапалы анықтайтынын, сондай-ақ, зерттеу нәтижесі бойынша таза алтынның салмағына сәйкес төлем жасайтынын атап өтті. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».