Ел мұратына тиянақты білім, орнықты ғылым арқылы жетуді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға міндет етіп қойып, бар мүмкіндіктерді жасап келеді. Заман талабына, уақыт өлшеміне сай қабылдаған заңнамаларға, қажет құжаттарға жете мән беріп, оның жүзеге асуын, талапқа сай жаңартып тұруды Президент бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Соның дәлеліндей, өткен жылдың 7 желтоқсанында Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекіткені белгілі. Осы құнды құжат туралы қоғам өмірінің аса маңызды саласы – білім, ғылым мәселелерінен жұртты хабардар ету ниетінде Білім және ғылым министрі, көрнекті ғалым-математик, тәжірибелі басшы Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді. Білімді қаржыландыру ІЖӨ-нің 4,1%-ына жақындады – Бақытжан Тұрсынұлы, сізге білім, ғылым саласы тосын емес. Өмір жолыңыздың бастауы осы екі саламен ұштас өрбіп келеді. Жүйелі көзқарасыңызды, тапсырмаға тиянақты қарау тәсілін біз Елбасы сеніп тапсырған «Нұр Отан» партиясындағы қызметіңізден, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі ректорлық жұмысыңыздан айқын аңғардық. Жалпы, ел дамуы, Елбасы саясаты, ел білімі жайлы қабылданған мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары туралы газет бетінде әлденеше мақалалар да жарияладыңыз. Сіздің ойыңызша, білім беру мен дамытудың қазақстандық моделі қандай болуы керек? Тұрақты даму үдерісінің даңғыл жолына түскен Отанымызға заманауи ілімдерді игерген мамандар қажет. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жақында «Назарбаев университетінде» оқыған дәрісінде ерекше аталып өтілді. Мен бірден айтайын, өткен жылдар ішінде көптеген жетістіктерге қол жетті. Заманға сай заңнама базасы қабылданып, жұмыс істеп жатыр. 2005-2010 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Соңғы он жылда білім беруді дамытуға жұмсалған қаржы он есеге артты. Кадрларды дайындау құрылымын ЮНЕСКО ұсынған білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкестендіруге жүйелі қадамдар жасалды. Қазақстан баршаға арналған білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшылар қатарына сенімді түрде енді. Ал бір жыл бұрын мұндай көрсеткіш бойынша бірінші орында едік. Бұл Ата Заңымызда көрсетілгендей, азаматтардың білім алу құқығының мүлтіксіз орындалуын, Мемлекет басшысының ұлттың интеллектуалдық әлеуетін дамыту жөніндегі бағдарының іске асуын дәйектейді. Елімізде кадр даярлаудың басты мақсаттары мен басым бағыттары айқындалып, білім беру сапасын арттыру, оны бағалаудың ұлттық жүйесі уақыт талабына сай қызмет етеді. Дәл қазір әлемдік өркениеттің өрлеуіне ұйытқы болып отырған Еуропалық білім беру кеңістігіне ену үрдісі қамтамасыз етілгенін де айта кетсем деймін. Беделді TIMSS халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне сүйенсек, еліміз математика пәнінен мемлекеттер арасында 5-орынға, жаратылыстану бойынша 11-орынға көтерілді. Бұл тәуелсіз ел оқушыларының алған білімінің қандай дәрежеде екенін дәйектейтін мысал деуге болады. Білімнің алтын ұясы саналатын оқу ғимараттарын салу жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп» бағдарламасы шеңберінде елеулі істер атқарылып, жүздеген мектеп оқушылардың пайдаланылуына берілді. Егер 2004 жылы мектептердегі орын тапшылығы 200 мыңнан астам болса, бүгінде бұл көрсеткіш 100 мыңға төмендеп, екі есеге азайды. Мектептер заманауи жабдықтармен, пәндік және интерактивті кабинеттермен жабдықталса, соңғы бес жылда мұндай зәру құралдардың 9 мыңға жуығы оқушылар мен ұстаздардың қолданысына берілді. Еліміздегі жоғары мектеп әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған кадр даярлаудың үш деңгейлі моделіне – бакалавр – магистр – философия докторы (PhD) – толығымен көшті. Кредиттік оқыту жүйесі енгізілді, бірқатар бағдарламалар халықаралық орталықтарда аккредиттеуден өтті. Ашық үлгідегі 5 ұлттық зертхана және соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған инженерлік бейіндегі 15 зертхана құрылды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне қарайтын болсақ, еліміз жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша әлемде 51-ші орынға табан тіреп отыр. Отанымыздағы 38 жоғары оқу орнында шетелдік университеттердің қатысуымен екі мамандық бойынша диплом беру жүзеге асырылуда. Жыл сайын үш мыңға жуық қазақстандық жастар Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша өркениет жолында келе жатқан мемлекеттердің беделді университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл игілікті шараның жүзеге асып келе жатқанына да жиырма жылға жуықтап қалды. Бірден айталық, мұндай бағдарлама әлемдік тәжірибеде некен-саяқ. Әрине, біздің алға қойған мақсат Елбасы талабына орай қаумалап өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы білім беру болып табылады. – Заманауи талапқа сай кадр дайындау жөніндегі реформа туралы не айта аласыз? – Реформа реформа үшін болмауы керек. Оның халыққа пайдасы тиюі тиіс. Бізге сол реформаның аты емес, заты, нәтижесі қажет. Сөзбен емес, іспен дәйектелуі тиіс. Кадр даярлау ісіндегі қазір жүргізіліп жатқан реформаларды реформа дегеннен гөрі жаңарудың, жаңартудың көрінісі десек, жөн болар. Бірін-бірі жетілдіретін мұндай жаңару бірқатар бағыттар бойынша бір мезгілде жүргізілуі тиіс. Сөз жоқ, мұның бәрі – білім беруді қаржыландыруға келіп тірелетіні анық. Мемлекет басшысының Назарбаев университетінде оқыған дәрісінде Қазақстанда аталған саладағы қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 4 пайызды құрап отырғанын, бұл көрсеткіш 2010 жылы ІЖӨ-нің 4,1%-ына жақындап, бірқатар еуропалық елдердің деңгейіне жеткенін атап өткен болатын. Осы үрдіс биыл да жалғасын табады. Тек республикалық бюджеттің өзінен бөлінетін қаражат көлемі 2011-2015 жылдары 461 миллиард теңгеден астам соманы құраса, бірте-бірте жергілікті бюджеттің, жеке секторлардың да қаражатын тарту көзделіп отыр. Түбегейлі жаңа тетіктердің қатарында білім берудің барлық деңгейлеріндегі жан басылық қаржыландырудың енетіні дер едім. Бүгінде бұл жоғары мектептерде орнығып келеді. Бұған ұқсас тәсіл енді мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізіледі. Осы қадам білім беру ұйымдарында қаржының қордалануына мүмкіндік береді. Нарық талабынан туындап отырған бұл іс бәсекелестікке алғышарт жасап, білім сапасын арттырумен қатар, сала қызметкерлерінің жауапкершілігін де көтереді деген сенімдеміз. Ал баламалы тәсілмен педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыруда ваучерлік-модульдік қаржыландыру да қолданылатын болады. Жылдар өте келе педагогтар өз мамандықтарын жетілдіру үшін ваучерлер алып, оны қай жерде пайдалануды: Қазақстанда ма, әлде шетелдік орталықтарда ма өзі шешетін болады. Бәсекеге қабілеттілік «жарысы» осындайда өріс алады. Бұл ретте педагогтар ғана емес, сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшылары да қайта даярлаудан өтеді. Олар қазіргі заманғы білім беру менеджментіне сай оқытылатын болады. Қаржыландырудың тағы бір көзі – мемлекеттiк білім берудің жинақтау жүйесі (МБЖЖ). Бұл жүйе Қазақстанның әрбір азаматына жоспарлы түрде балаларының жоо мен колледждерде таңдаған мамандықтарына орай білім алу үшін қаржы жинақтауларына мүмкіндік береді. – Сол жинақталған қаржыға кепілдік беретін тетіктер туралы айта кетсеңіз. – Халықтың қаржысына 100 пайыз кепілдік болады. Болашақта осы істің жұрт көңілінен шығып, қандай дағдарыс кезінде де жинақталған қаржыға кепіл беретін тетіктері жан-жақты ойластырылып, әзірлену үстінде. Кадр даярлаудың барлық деңгейлерін қамтитын маңызды аспектінің бірі электрондық оқытуды – е-learning кеңінен енгізу. Мамандар мұның болашағы зор екендігіне түйінді болжамдар жасап отыр. Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерде электрондық оқыту бойынша ұлттық бағдарламалар орындалып, қағаз оқулықтардың орнын алмастыру мәселесі талқылануда. Электрондық тәсілмен оқыту 2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50%-ын қамту, 2020 жылы бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу жоспарлануда. Сол секілді таяу жылдары мектепке дейінгі тәрбиеде компьютерлік оқыту ойындары, орта мектепте – электрондық оқулықтар, колледждер мен кәсіптік лицейлерде – виртуалды тренажерлер, жоғары оқу орындарында –электрондық ғылыми-зерттеу зертханалары пайдаланылатын болады. – Осы ауқымды жұмыстарды іске асыру үшін орасан қаржы қажет болатыны сөзсіз. Нәтижесі жұрт көңілінен шығатынына сенімдісіз бе? – Расында, қомақты қаржы қажет болатынын жоққа шығармаймын. Бірақ әлемдік үрдістен қалыс қалмау үшін мұндай қадамдарға баруымыз керек. Еліміздің болашағы, адами капитал, Қазақстанның жаһандық экономикадағы ұстанымын нығайту тұрғысынан келгенде мұндай ұмтылыс жеміссіз болмайды деген сенімдемін. Әрине, ғылым мен білімнің қайтарымы бір жылдың ішінде бола бермейтіні көпке мәлім болса керек. Біз электрондық оқыту жүйесінің дамыту жобасын әзірлеп, Үкіметке ұсындық. Осы орайда, бүгінгі таңда 18 оқушыға 1 компьютерден келсе, дамыған елдердің деңгейіндегі 1:1 сәйкестікке жету үшін жарты миллион компьютер және 8 мыңнан астам сервер алу қажеттігі туындап отыр. Келешекте қазіргі заманға сай мәтінді, кескінді, әуенді, бейнені, т.б. қамтитын интерактивті оқыту және басқару ресурстары әзірленеді. Осы жүйе арқылы оқушылар мен педагогтер ең жаңа және сапалы оқулықтар мен әдістемелік ресурстарға, ал білім басшылары автоматтандырудың қазіргі заманғы желілік құралдарына қол жеткізе алады. Бұл сіз сұраған нәтиже болмақ. Әзірге Қазақстан әлемде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың индексі бойынша 69-орында тұр. Осы жүйені тыңғылықты енгізу арқылы Отанымыз бірінші ондықтың қатарына кіруге мүмкіндік алады. Қала мен ауыл арасындағы ақпарат алудағы алшақтық біз алға қойған осы міндеттер орындалатын болса, оң шешімін табатыны сөзсіз. Білім сапасы жаңа қырынан көрінеді, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу үшін жақсы базаға ие боламыз. Педагог мәртебесі артып, қолдау күшейеді – Мұндай жағдай мұғалімдердің рөлін екінші орынға ығыстырып жібермей ме? – Жоқ, олай болмайды. Керісінше, мұғалімнің рөлі арта түседі. Қазақстан тарихында бірінші рет мемлекеттік бағдарламаға арнайы «Педагог мәртебесі» деген бөлім қосылды. Шыны керек, бұл мәселені өте көп айттық. Бірақ та нәтиже шығара алмай келеміз. Оны айтасыз, оқытушылардың әлеуметтік мәртебесінің төмендігі де ойландырмай қоймайды. Тіпті ол жастардың мамандыққа қызығушылығын төмендетуге әкеліп соғуда. Ендеше, мұндай жағдайды дұрыстау үшін түбегейлі өзгерістер қажет десек, қолданысқа енді енген мемлекеттік бағдарламаның үш басты бағытында нақты көрсетілген. Оның біріншісі – барлық деңгейдегі педагогтардың біліктілігін арттырудағы кешенді шара. Әр мұғалім өз кәсібіне сай болуы қажет. Ол үшін жыл сайын 73 мыңнан астам педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтетін болады. Қайта даярлау ісіне Президенттің «Болашақ» бағдарламасы, қашықтықтан оқыту жүйесі, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары, т.б. мекемелер атсалысады. Екіншіден, педагогтардың еңбегін мемлекеттік қолдау және ынталандыру барынша күшейтіледі. Біліктілік және түпкі нәтижеге сәйкес сараланған еңбекақы төлеудің мүлдем жаңа моделі қолданысқа енгізілетін болады. Нәтижесінде 2015 жылға қарай педагогтардың орташа еңбекақысы жеке сектор жалақысының деңгейіне жеткізіледі. Бұл мәселені шешу педагогтардың қоғамдағы беделінің шұғыл көтерілуіне басты негіз болады және бұл мамандыққа ең талантты жастар бет бұра бастайды. Үшіншіден, материалдық ынталандыруға қосымша Мемлекеттік бағдарламада педагогтардың қоғамдық беделін көтеру үшін имиджді жұмыстар жүргізу қарастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында біздің үздік педагогтардың тәжірибесі мен жетістіктері, мұғалімдердің міндеті, абырой беделі туралы белсенді жұмыстар жүргізуді қолға алатын боламыз. Үздік мұғалім конкурстары, мастер-кластар, семинарлар мен симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, т.б. іс-шаралар өткізіледі. Ықылым заманнан бері халқымызда біздің жерімізде мұғалім үлкен сый-құрметке ие болған. Біз сондай құрметті қайта қалыптастыруымыз қажет. – Көптеген қазақстандықтарды балабақшалармен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі тәрбие мәселесі толғандырып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз. – Иә, бұл – өте үлкен әлеуметтік маңызы бар, Елбасы назарында тұрған мәселе. 90- жылдары экономикадағы түбірлі қайта құруларға байланысты мектепке дейінгі мекемелердің 80 пайызы жабылды. Өткенді айтып өкіне бергеннен пайда жоқ. Алға қарап ұмтылсақ, мақсатқа жетеріміз анық. Соңғы кездері бұл Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында қарқынды түрде жақсарып келеді. Соңғы бес жыл ішінде 4 мыңнан астам балабақша мен шағын орталық ашылып, оған балалардың қамтылуы 20 пайыздан 41 пайызға дейін өсті. Енді жаңа Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес екі басты мәселе қатар шешімін табады. Оның біріншісі – мектепке дейінгі ұйымдар санының өсуі. Бұл бағыт нақты, әрі айқын қойылып отыр. 2020 жылға қарай барлық мұқтаждық 100 пайыз шешіледі. Осы сала бойынша да жаңа мүмкіндіктер іске қосылмақшы. Соның бірі, балабақшалар желісіндегі ынталандыру ісіне терең мән беру қажеттігі. Енді мемлекеттік те, мемлекеттік емес те балабақшалар ел қазынасынан әр балаға жылына 170 мың теңгеден астам қаржы алатын болады. Бұл қолдау мектепке дейінгі ұйымдар санының белсенді өсуіне алып келеді. Екінші мәселе – тәрбие жұмысын әлемдік деңгейге сай келетін жаңа мазмұнда жүргізуді орнықтыру. Бұл үшін барлық бағдарламалар мен әдістемелер, қажетті мамандарды даярлау мәселелері толығымен қайта қаралатын болады. – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму ел өмірінің дағдарыстан кейінгі кезеңіндегі басты мазмұны екендігіне тоқталған Елбасы орта буын мамандарды дайындаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл орайда Мемлекеттік бағдарламада нақтыланған басты бағыттар қандай? – Біріншіден айтарым, мұндағы ерекше рөл техникалық және кәсіптік білімге (ТжКБ) тиесілі. 2010 жылғы маусымда Шетел инвесторларымен өткен кеңестің 23-отырысында Елбасы осы мамандықтарды сапалы дайындау қазіргі уақыттың талабы ғана емес, Қазақстанның бәсекеге қабілетті және жалпы еңбек ресурстары сапасының маңызды құрамдас бөлігі болатынына баса назар аударды. Бұл сала бойынша әзірше бізде мынандай бар, мынандай бар деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте тәрізді. Мысалы, Еуропа елдерінде техникалық және кәсіптік білімге жастардың 55-60%-ы тартылса, Қазақстанда 33%-ға жетпейді. Халықаралық стандарттар кемшін. Колледждер мен кәсіптік мектептер тәжірибелік дәрістер беруге лайықты базамен толық қамтамасыз етілмеген. Мұндай жағдайда бәсекеге қабілеттілік туралы айтуға әлі ерте деп білемін. Сондықтан, осы білім беру жүйесін төмендегідей үш негізгі бағыт бойынша түп тамырымен жаңғырту қажеттігі туындап отыр. Ол – бағдарламалардың дайындалуын жетілдіру және халықаралық стандарттарға сай мамандарды тәуелсіз сертификаттауды енгізу, теория мен практиканы ұштастырып, жоғары деңгейдегі кәсіптік базамен қамтамасыз ету, уақыт талабын толық көлемде іске асыра алатын білім беру ұйымдарын құру арқылы институттық дамыту, т.б. Мемлекеттік бағдарламада аталған бағыттағы іс-шаралардың толық кешені қарастырылған. ТжКБ-ны, оның әдіснамалық базасын және кадр даярлауды жүйелі жетілдіру міндеті қойылды. Осы процестегі негізгі буын жұмыс берушілермен барлық кезеңдерде барынша тығыз өзара әрекет жасау болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаның міндеттеріне сәйкес оқушылардың кәсіптік білімдегі үлесі 60%-дан артуы қажет. Мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім ұйымдары заманауи жабдықтармен және технологиялармен 70%-дан аса жарақталатын болады. Бұл халықаралық талап негізінде қаржыландыру, басқару, тәжірибе алмасу, өзге де қажеттіліктер жұмыс берушілердің қатысуымен жүзеге асады. Бұл Қазақстан үшін мүлдем жаңа міндет. Осыны еш кідіріссіз орындайтын болсақ, біз сұраныс берушілерді орта буын кадрлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы мақсатта министрлік техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті арттырудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының жұмысын жоғары талап деңгейіне көтеретін боламыз. Кәсіпкерлермен, олардың бірлестіктері – «Атамекен» одағымен, Жұмыс берушілердің конфедерациясымен, тағы басқа құрылымдармен тізе қосып жұмыс істейміз. Дүниежүзілік банктің қатысуымен «Техникалық және кәсіптік білімді жетілдіру» халықаралық жобасы бойынша ауқымды жұмыс басталады. Өңіраралық кәсіптік орталықтар құрылады. – Орта білім бойынша алда тұрған негізгі мәселе 12 жылдық оқытуға көшу екені белгілі. Бұл жұмыс туралы да оқырмандарды хабардар ете кетсеңіз. – Біз неге 12 жылдық білім беруге көшеміз деген сұрақ талайдың көкейінде жүр. Ол маңызды үш міндетті алға тартады. Біріншіден, әлемдік стандарттарды қамтамасыз ету. Дамыған елдерде 12, тіпті 13 жылдық мектептер де бар. Екіншіден, әлемдік тәжірибеге сәйкес бейіндік мектепті енгізу қажет. Бұл – оқытудың соңғы екі жылында жүзеге асырылады. Негізгі міндет дамыған елдердегідей білім сапасына қоса, оқушыларға дер кезінде бағдар беріп, болашақ өміріне жол сілтеу. Қазірше бұл жағынан олқылығымыз баршылық. Сол себептен де нақты талдаулар жасалу үстінде. Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген екі бағыт бойынша енді бейіндік мектептер құруды (11-12 сыныптар) жоспарлап отырмыз. Олар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейді. Үшінші міндет – 12 жылдық білім беруге көшу оқыту тұжырымдамасын түбегейлі өзгертеді, яғни «білімді тек жинап қана қоймай, өмірде қажетіне жарату». Әрине, бұл үшін білім стандарттарын, оқыту мазмұнын, бағдарламаларын, оқу материалдарын толығымен қайта қарау керек. Бұл үздік педагогтармен және білім беру ұйымдарының басшыларымен тығыз өзара қарым-қатынаста жүзеге асырылатынын еске сала кетсем деймін. Жалпы, 2015-2020 жылдар аралығында барлық орта білім 12 жылдық оқу моделіне көшеді. Орта білім берудің қазақстандық жүйесін жетілдіру үшін Назарбаев интеллектуалды мектептері көбейе беретін болады. Мемлекеттік бағдарламадағы міндеттерге сәйкес олардың саны 6-дан 20-ға дейін өсіп қана қоймай, ол білім ұясы арқылы алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибе меңгеріліп, жаңа әдіснамалар әзірлеу мен жинақталған білімді басқа да білім беру ұйымдарына тарату дәстүрі қалыптастырылады. ЖОО-ға академиялық еркіндік беріледі – Енді әңгіме желісін жоғары білімге бұрар болсақ, бұл саланы қандай реформалар күтіп тұр? – Біз болсын-болмасын реформа деген сөзді айта беруге әбден үйреніп алдық. Реформа ұғымы ауқымды. Осыны ойымызға берік ұстағанымыз жөн. Отандық жоғары оқу орындарына реформа емес, алға қойған міндеттерді сапалы жүзеге асыру жұмыстары жүретінін атап өткім келеді. Мемлекеттік бағдарламадағы маңызды өзгеріс жоғары мектеп үшін білім беру үдерісінің ғылыммен нақты кірігуі болып табылады. Басты кедергі келтіретін фактілердің бірі – бізге КСРО-дан мұра болып келе жатқан білім мен ғылымды бөліп қарау мәселесі. Осының салдарынан ғылымда кадрлардың «қартаю» проблемасы туындап, күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Жоғары мектепте ғылымға бейімдеу сапасы төмендеді, студенттер алған білімдерін ғылыми практикада пайдалана алмайтын болды, нәтижесінде олардың шығармашылық ойлау өресі қалыптаспай қалуда. Оқытуды, ғылым мен инновацияны біріктіру мақсатында құрылған Назарбаев университеті аталған проблеманы шешу үшін жасалған басты қадам, ендігі жерде ғылымның жоғары мектептен оқшаулануына жол берілмейтін болады. Білім және ғылым жүйесінде тағы да маңызды қадамдар жасалады. Қазіргі кезде Парламент Мәжілісінде қолдауға ие болған «Ғылым туралы» заң жобасына зерттеу университеті деген ұғым енгізілді. Ол ғылым мен оқу процесінің бірігуін нақты жолға қояды. Бұл әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне, Болон процесі принциптеріне Қазақстанның кірігуіне жаңа серпін береді. Халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесі артады. Бұл өз кезегінде жоғары мектептегі оқыту мазмұнына да өз ықпалын тигізеді. Осыдан барып жоғары оқу орындарының жіктеуішіне тиісті өзгерістер енгізіледі. Ол алты саты бойынша іріктеледі: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, университеттер, академиялар мен институттар. Әрине, жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтіледі. Қазақстан мемлекеттік емес секторға кең жол ашты. Алайда, оның келеңсіз тұстары болмай қоймады. Жоғары оқу орындарының саны күрт артып, білім сапасы төмендеді, халық арасында «сәнге айналған» заңгер, экономист мамандықтарымен шектелу үрдісі белең алды. 1992 жылы жоғары оқу орындарының саны 60 болса, 2005 жылы 185-ке бір-ақ көтерілді. Сөйтіп, «саңырауқұлақша» көбейген жоо-лар енді өздерінің практикалық тиімсіздігін көрсетті. Қабылданған шаралар нәтижесінде 148-ге дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Тексеріс көрсеткендей, біршама жоғары оқу орындары талапқа сәйкес келмейді. Сондықтан жекеменшік қана емес, сонымен қатар, мемлекеттік жоғары оқу орындарына да қатаң талап қойылады. Оларды аккредиттеу жүйесі барынша күшейтіледі. 2012 жылдан бастап коммерциялық не үкіметтік емес тәуелсіз аккредиттеу агенттіктері жүргізетін болады. Олар халықаралық стандарттар бойынша әрекет етеді және уақыт өте келе сапаны қамтамасыз ету агенттіктерінің еуропалық тізіліміне енеді. Тағы бір маңызды жаңалық – жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру. Оның негізгі мағынасы – білім беру бағдарламаларында таңдау үрдісі ұлғайтылады: бакалавриатта – 70%-ға, магистратурада – 80%-ға, докторантурада 90-95%-ға дейін. Қадап айтар нәрсе, еліміздегі жоғары оқу орындарының дербестігі туралы мәселені алғаш рет көтеріп отырмыз десем, бұл білім берудегі, ғылыми, қаржылық, халықаралық және басқа да қызметте дербестікті жүзеге асыратын болады. Назарбаев университеті осы жолды таңдап отыр. Бұдан былай онда пысықталған механизмдер басқа жоғары оқу орындарына да мысқалдап ене бастайды. – Бақытжан Тұрсынұлы, жақында сіз Сенат отырысында болғанда бұрындары шет елдерге көшіп кеткен отандас 125 ғалымды Қазақстанға тарту туралы бастама көтердіңіз. Көптің көкейінде жүрген осы бір игілікті істі жүзеге асырудың жолы қалай болар екен? – Сұрақ орынды қойылып отыр. Өзгенің өрісін кеңейтіп жүрген ондаған ғалымдарға жағдай жасасақ, өз елін көркейтуге де үлестерін қосары сөзсіз. Ал бастаманың мәніне келсек, әлемдік деңгейдегі олардың тәжірибесін ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруға, зерделеуге тарту. Дүниежүзілік ғылым жүйесіне бойлаған, шет елдерде табысқа жеткен қазақстандықтардан басқа мұны кім жақсы істей алады? Олардың басқаруымен қазақстандық ғалымдар халықаралық стандарттарға сәйкес зерттеу жүргізер еді. Жұмыла алсақ, әлемдік деңгейге шығамыз. Сондықтан, біз олардың бір шоғырын Қазақстанға қызметке шақырсақ деп отырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.
Президент Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды
Президент • Бүгін, 13:01
Мемлекет басшысы Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандармен танысты
Президент • Бүгін, 12:41
Биыл Алматы облысында 57 мың жұмыс орны ашылды - Марат Сұлтанғазиев
Аймақтар • Бүгін, 12:14
Мемлекет басшысы: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі»
Президент • Бүгін, 11:56
Перизат Қайраттың мүлкі тәркіленді
Қоғам • Бүгін, 11:36
Шерзат Болаттың өлімі: тергеу қашан аяқталады
Заң • Бүгін, 11:14