18 Наурыз, 2016

Тіл – ұлт тұтастығының тұғыры

3910 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Тил-224Қытай философы Конфуций: «Егер де маған мемлекет басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан, бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды», деген екен. Аспанасты елінің мемлекеттік тұғыр­намалары Конфуцийдің фи­лосо­фиялық тұжырымдарымен су­а­рылып, нығайтылғаны мәлім. Нәти­жесінде, планетамыздағы ең қуатты мемлекет­тердің біріне айналған Қы­тайдың сермеген құлашы әлемнің әр қиырына жетіп тұр. Көршіге қарап көшін түзейтін Қазақ елінің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қа­зақ тілінің одан әрі дамуы үшін бар­лық күш-жігерімізді салуымыз керек», деп философтың халықты біріктіру жө­нін­дегі тұжырымын жаңғыртқаны есте.    Қазақ тілі денсаулыққа пайдалы Осыдан бес жыл бұрын елдің қалауымен, Елбасының қолдауымен бекітілген Қазақстанның ұлт бір­лігі доктринасына: «Қазақ тілін – Мемлекеттік тілді білу, әр азаматтың парызы әрі міндеті», деп жазылып, мөрленгенін білеміз. Ел бірлігінің бас­ты факторы болып табылатын қазақ тілін білуді мемлекеттің әр азаматына міндеттеген билік ұлт тұтастығын нығайта түсуді көздегені анық. Алай­да, қазақ тілін күнделікті қолдану – адам денсаулығына өте-мөте пайдалы екенін және ана тілімізде сөйлеген адамның бет-жүзін әжім торламайтыны, сөйтіп, ерте қартаймайтыны на­зарға алынған-алынбағаны бізге беймәлім. Бұл дәйекті деректі аспаннан алып, қолдан жасап отырған ешкім жоқ. Ш.Шаяхметов атындағы Тіл­дерді дамытудың республикалық үй­­лестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы Несібелі Құрманның айтқанына зер салайық. «Қасиетті қазақ тілінің өзге тілдерден ерекшелігі дауысты дыбыспен бастал­ған сөз – дауысты дыбыспен ғана, да­уыс­сыз дыбыспен басталған сөз – дауыссыз дыбыспен ғана аяқталады. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, сөздің бұлай айтылуы денсаулыққа пайдалы. Әсіресе, қазақша сөйлеу кезінде асқазан мен бүйрекке мүлде сал­мақ түспейді. Сондай-ақ, қазақша сөйлегенде ауыздың тек астыңғы жағы ғана қимылдап, қозғалатындықтан адам­ның бет-жүзін әжім ерте торламайды», деген еді профессор Несібелі Жә­кенқызы. Үш-төрт жыл бұрын халықаралық «Мир» телеарнасының қазақша бағ­дарламасында сұхбат берген Тұрсын Жұртбайдың айтқан мына бір сөзі де көңіл аударарлық. «Адам баласы туылғанда жетінші бабасының миымен дүниеге келеді екен. Яғни, қазақы түйсікпен, дәл ұғымы қазақ миымен осы әлемнің есігін ашады. Қызылшақа нәресте туған сәтте миы балқып тұр­ған қорғасын іспетті ып-ыстық болатын көрінеді. Сол балқып тұрған ми дүниеге келгенде оны қоршаған орта, ата-анасы және қоғам ата-бабасына жат болған тілде сөйлесе, оны ұқпай шырқырап жылайды. Сөйтіп, басқа амалы қалмаған соң, жаратылысынан жат ортаға бейімделуге әрекет етеді. Нәтижесінде, балқып тұрған ми толық дерлік қайта жасалып, «қи­сайған» күйде қатаяды. Осындай ауыр үдерістен өтіп «қисық» қатайған ми өзінің ұлттық кодынан безіп ке­тіп, оған қайта оралуы тым қиын бо­лады. Менің бұл айтқандарым ғылыми тұрғыда дәлелденген нақты дәйектер. Оны осы саланы зерттеумен шұғылданатын ғалымдар айтып жүр. Сондықтан, қазір орыс тілді қазақ отбасыларында дүниеге келген әр сәби адам төзгісіз осы күйді бастан кешіріп жатыр ма деп қорқамын», деген еді белгілі ғалым. Десек те, қазақтың ұлттық коды өте мықты екенін дәлелдейтін дәйектер бар. «Бұл жөнінде біз арнайы тәжірибе жасап көрдік. Онда орыс мектебінде оқитын Мақсат есімді жоғары сынып оқушысына құрбылары «дурак», «полоумный» деп сөйлегенде ол көңіл бөлмей отыра берді. Ал дәл сол Мақсатқа қазақша «жынды», «жарымес» деп сөйлегенде намыстанып, ашуланған ол үстелдің үстіне қалай шы­ғып кеткенін өзі де білмей қалды. Бұдан байқағанымыз, қазақтың әр сөзі салмақты әрі өте қуатты екенін білдік. Сондай-ақ, ұлттық кодымыздың мық­ты екеніне көз жеткіздік. Ендеше, орыс­тілді бауырларымызды намысын қамшылай отырып, өз үйіріне қайта орал­туға мүмкіндік мол», деген еді Несібелі Құрман. Ғалыммен ұзақ әңгімелесу барысында тағы бір елеңдетерлік деректі естіп, қатты таңырқадық. Қазақы түрің мен қалпыңды сақтау үшін ана тілімізде сөйлеу қажеттігін алға тартқан профессор: «Тағы бір қызығы, кім қай ұлттың тілінде көп сөйлесе уақыт өте келе бет-әлпеті, түр-келбеті сол ұлттан аумай қалатын болады. Тра­гедия мұнымен ғана тоқтамайды, адамның түпкі гендік болмысы өз­­герген соң оның жүйкесіне, қан тамырларына, миындағы ойлау өресіне қатты салмақ түсіп, ондай адамдардың психологиялық ауруларға шалдыққыш келетінін қазіргі ғылым дәлелдеп отыр. Сол үшін әр адам «өзге тілдің бәрін білгенімен» күнделікті тұрмыста негізінен өз ана тілін пайда­ланғаны дұрыс», деді ғалым. Демек, еліміздегі өз-өзіне қол жұмсау жайлы оқиғаларды осы қырынан да бір зерделегеннің артықтығы жоқ. Бірі кем билік – тілі жоқ «жүйрік» Мемлекет басшысы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жол­дауында Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын сәт сайын нығайта берудің маңызын айтып: «2017 жылға дейін мемлекеттік тілді білетін қазақ­стандықтардың саны 80 пайызға же­теді. Ал 2020 жылы олардың саны кемінде жалпы халықтың 95 пайызын құрап, сол жылы мектеп бітірушілер 100 пайыз мемлекеттік тілді толық біліп, еркін меңгеріп шығуы тиіс. Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз», деді. Сөйтіп, қазақ тілінің қуаты мен заңдық құқығы күн санап арта бере­тінін, қоғамдағы орны сәт сайын ұлғая түсетінін жақсылап ұқтырған-ды. Өкініштісі, Елбасының, «Қазақ­станның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлағатын Үкімет мүшелерінің басым көпшілігі әлі күнге қаперге алмай келеді. Оның анық мысалдарын мемлекеттік және қоғамдық жиындардан, тіпті, Орталық коммуни­кациялар қызметінде 95 пайызы дерлік тек орыс тілінде өтетін баспа­сөз мәслихаттарынан көруге болады. Үкіметтің осы аужайы мен мем­лекеттік тілді меңгеріп, пайдалану жағ­дайына қарап, қанша мықты болса да, бірі кем билік – тілі жоқ «жүйрік» демеске амал жоқ. Негізі, қазақ жеріне ғұмырлық та­мырын терең жіберіп, Мәңгілік Ел қыламын деген азаматтар ғана қазақ тіліне мойын бұрып жатқаны мағлұм. Қазаққа тамыр байлағысы келмей бес күндік өмірін ғана ойлағандардың саны біртіндеп азаюда. Елбасымыз мұндай пәруайы пәлек пенделерге «20 жылда аюға да қазақ тілін үйретіп болатын кез болды ғой», деп кейістік білдірген. Себебі, Мемлекет басшысы халықтың қалауын, әсіресе, жастардың жаны мен ділін терең түсінеді. Оны тағы бір ғұмырлы мысалмен мәндеп өтейік. Елбасының аталған Жолдауымен жан-жақты танысқан, өмірге деген көзқарасы қалыптасып болған, екі бірдей жоғары оқу орнын табысты тәмамдаған 24 жастағы орыстілді азамат әке-шешесімен ренжісіп қалыпты. «Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын! Сонда да мемлекеттік тілді білмеймін. Өйткені, сіздер қазақ бола тұрып жә­не Қазақстан азаматы бола тұрып, мені жат елдің тілінде тәрбиелеп, оқыттыңыздар. Бір кездері бөтен біреулер сіздерді ұлттық тілдеріңізден айырып құрбандыққа шалған болса, енді сіздер өз балаларыңыз – менің бола­шағымды құрбан еттіңіздер. Ел­басы Тәуелсіздіктің алғашқы күн­дерінде-ақ: «Қазақ пен қазақ қазақ­ша сөйлесіңдер. Балаларыңды қа­зақ мектептеріне беріп, қазақша тәр­биелеп, қазақша оқытыңдар», деген екен. Оған құлақ қоймадыңыздар. Енді соның 25 жылдан кейінгі нәтижесі, қазақ тілін білмегеннің Қазақстанда болашағы жоқ дегенге сайып тұр», депті. Өкініштісі, әлемдегі озық 30 ел­дің қатарына қарай ұмтылған шақ пен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қар­саңында балаларын жат тілде оқытатын мектептерге жетелеп барып жүрген қазақ азаматтар бүгінде бар. Бауырларға риза бол Сырттағы қазақтың сан-алуан тағдыры болғанымен басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрінен айырылып қалмауға барынша тырысып бағады. Ұл-қызы өзге ұлттың жетегінде кетпес үшін ұлттық тәрбиенің тінін тілгілемей, дәстүрлі тәлім ісін тынымсыз жүргізеді. Шетелде өсіп жатқан ұрпағы ұлттық уызға жарып өсуі үшін әрбір мүмкіндікті қалт жібермейді. Оны Қазақ елінің шетелдердегі студенттері мен сол жақта қызмет ете­тін қазақ жастарының басын қосқан «ҚазАльянс» ұйымының жетекшісі Рашид Аюпов та растайды. – Еуропа мен АҚШ және Кана­дадағы бауырларымыз балала­рының қазақылықты, ана тілі мен ата дәстүрін және тарихын біліп өске­нін жан-тәні­мен қалайды. Ал көршілес жатқан Қытай мен Өзбекстан және Ресейдегі қалың қазақтың атажұртқа деген жүрек қағысы бүкіл қазақстандықтарға айпара. Олардың әрқайсысы алмағайып заман туса атажұрты үшін атқа қонуға әрдайым дайын. Әңгімені әріден таратсам, қазір шетелдерде оқып және қызмет етіп жүрген 40 мыңнан астам қазақ жастары бар. Бұрын түрлі ұйым­дарда болып келген осы жастар биылдан бастап «ҚазАльянс» ұйымына бі­рік­тік. Халықаралық бұл ұйым отандастардың басын біріктіріп қана қоймай, шетелдердегі қазақ диаспораларымен де тығыз байланыс орнатуды көздейді. Еліміздің мемлекеттік мерекелері мен мұсылмандар мейрамын бір­ге өткізе бастадық. Сондай-ақ, салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық құнды­лықтарымыз жөнінде, мемлекеттің болашағы туралы тағылымды бас­қосулар ұйымдастырып тұрамыз. Бір жақсысы, туған Отанында ана тілінен мақұрым болған көптеген бауырларымыз шетелдерде ашылған қазақ тілі курстарына барып, мемлекеттік тілді үлкен ықыласпен үйреніп жүр. Себебі, өркениетті елдердің бәрінде бір ұлттың екі азаматы өзара тек қана өз ана тілінде қарым-қатынас жасайды. Өйтпегенде, өзге ұлттың арасында күлкіге, мазаққа қалады. Оның анық бір дәлелі италиялық кәсiпкер, жиһанкез Реналью Гаспириннің сө­зінде жатыр. «Мен әлемнің 141 ел­ін аралаған адаммын. Солардың ішін­де өз мемлекетінде өз тілінде өмір сү­ре алмай отырған бейшара халық­ты көрдім. Ол – қазақтар», депті жиһанкез. Шанхайға жақын орналасқан Нанкин қаласында оқитын Сәуле Ке­мелова да туған елінде мүмкіндігі болмай, ендігіде Қытайда жүріп ана тілін үйреніп жатқанын айтты. «Аспанасты еліндегі қазақ сту­денттері жетекшілерінің бірі бола тұрып, ана тіліңді және өз мем­лекетіңнің тілін білмеу өте ұят екенін ұққанмын. Сондықтан, қазақ тілін бар ыждағатыммен оқып, үй­реніп жүрмін. Талабыма нұр жауып тұрғанын өзіңіз көріп отырсыз. Үлкен газеттің тілшісімен әңгіме құруға қа­зақ­ша ойым да, сөзім де еркін же­тіп отыр», деп күлді ол. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының бас мінберінде қазақ­ша бірінші сөзді айтқан Шанхай университетінің түлегі Олжас Сүлей­менов Президенттің елдік сөзін еске алды. «Ана тіл – бәріміздің анамыз, өйт­кені, ол – ұлтымыздың анасы», де­ген Елбасының ұлағаты жадыма жат­талып қалыпты. Ұялатын несі бар!? Ұлтымыздың ғайыптан қайық жасай алатын, өмірдің кез келген ағы­сында еркін жүзе білетін керемет бай тілі бар екенін енді ұға бастадық. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды әлемдік классиктермен үзеңгі қағыстыра алатын жазушыларымызды өз ана тілімізде оқығанда көзіміз ашыла түсті. Себебі, осыған дейін қазақтың осындай ғаламат жазушылары бар екенін білмей келдік. Сондықтан, ана тілін білмейтін бауырларымызды кінәлаудың орнына қазақ тілінің тұмса тұнығына қандыра білген жөн. Себебі, олардың ешқайсысы орыс немесе қытай, әйтпесе, ағылшын болып кетпейді, мәңгілік қазақ болып қалады», деген еді Олжас. Туған елінде өз ана тілінде сөй­леу мен білім алу бақыты бұйыр­маған шетелдердегі көптеген жас­тарымыздың арасынан мұндай мысалдарды жүздеп, тіптен, мыңдап кездестіруге болатын көрінеді. Бұл сөзді олардың топ бастаған лидерлері айтып отыр. Өркениетті елдерде өз ана тіліңді білмеу парықсыздық екенін олар бір-екі жыл білім алғанда-ақ ұғып жатыр.  Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі Мемлекеттік тіл туралы ойланып-толғану бәріміздің қасиетті парызымыз. Әрбір мемлекет басты рухани байлық ретінде тілді дамытуға айрықша маңыз береді. 1998 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданды. Сол заң аясында бірқатар жұмыстар ат­қарылды. Әр аймақта тілдерді дамыту басқармасы құрылды. Қазіргі таңда елімізде 8 мыңға жуық орта мектеп бар. Оның 5 мыңға жуығы мемлекеттік тілде, 1,5 мыңы орыс, 2 мыңға жуығы аралас орта білім беретін оқу орындары. Оған қоса, отандық телеарналарда мемлекеттік тілдің 50 пайыздық үлесі қатаң ескерілуі керек. Бүгінде үштұғырлы тіл саясаты қолға алынды. Анықтама үшін айтып өтейік, елімізде бес тілде теа­тр­лар жұмыс істесе, 5 тілде газеттер шығарылады. Сондай-ақ, былтыр тілдерді дамыту мақсатына мемлекеттен 7 млрд. теңге бөлініпті. Енді мемлекеттік деңгейде, яғ­ни Үкімет тарапынан атқарылған шаруаға келсек, қазақ тілінің тұғыры құқықтық жағынан бекітілген. Оған қоса тілдерді дамытудың кезеңдік бағдарламаларының пайдасын да жоққа шығармаймыз. Соның нәти­жесінде, 1989-1990 оқу жылында 910 мың оқушы қазақша білім алса, қазір олардың саны 1,5 миллионнан асыпты. Халықаралық мектеп олимпиадаларында жеңімпаз атанып жүргендердің де 70 пайызға жуығы қазақ мектептерінің оқушы­лары көрінеді. Осыдан кейін қазақ мек­теп­терінде білім таяз беріледі дегенге қалай ауыз барады. Керісінше, мемлекеттік тілде білім беретін мек­тептердің жетістіктерін әрдайым жамағатқа барынша жариялап, бі­лім жолында адасып жүрген бауырларымызды қатарымызға тарта білген абзал. Республика бойынша іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі де түрлі қиындыққа тап кеп жүрсе де көмбеге таяп келеді. Демек, қазақ тілі Мәңгілік Елдің мәңгілік тіліне айналар күн де жақын тұр. Мемлекеттік тіл туралы көңілде жүрген көп ойдың бір парасын ақтар­дық. Дегенмен, ұлы Абай айтқандай, дәл қазіргі уақытта қазаққа «ақырын жүріп, анық басатын» шақ туып тұр. Сондықтан, бүгінгі сөзді ардақты ғалым Мекемтас Мырзахметовтің сөзімен аяқтағанды жөн санадық. «Менің ойымша қазақ тілін күшпен үйретуге болмайды. Себебі, елі­міздегі өзге ұлт өкілдерінің талап-тілегімен де санасуымыз керек. Қазіргі таңда еліміздегі қазақтардың үлес салмағы 63 пайыз. Ал, енді біздің санымыз 70 пайызға жеткенде мәселені басқаша қоюға болады. Жақын арада 70 па­йызға жетеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілін қолданысқа асықпай-аптықпай енгізейік», деп отыр ғой. Менің ойымша, бұл мәселеде Президенттің ұстанымы өте дұрыс. Себебі, еліміз Қытай мен Ресей сынды алып мемлекетпен көрші болып отыр. Сондықтан да, саясатты ушықтырмау үшін бір­тіндеп қазақ тілін үйрету керек. Өйткені, түптің-түбінде қазақ тілі өзінің үстемдігін алады. Сол себепті, қазақ тілінің мәселесіне алаңдап бас қатырмаймын», дейді ақсақал. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».