18 Наурыз, 2016

«Суретті түсірген Берсінбек Сәрсенов»

1181 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
берсінбек 001Табиғаттың заңын да білесің, өткен адам­ның қайтадан келмесін де білесің. Сөйт­се де, кейбір адамды сағынатының бар. Ол ал­­дыңнан шыға келіп, әдеттегідей жайдары күлкісімен жаныңды жадырататындай кө­рінеді. Берсінбек сондай жан еді ғой. Оның дүниеден озғанына да бір жылдай уақыт болып қалыпты, ал жадыраған жү­зі жа­дымызда тұр. Оны білетіндер басымыз қосылғанда, еске аламыз, мұңданамыз, қы­зық­ты қылықтарын айтып, сол мұңнан да айығамыз. Ол Берсінбек еді ғой. Бұл жай есім ғана емес, жиынтық ұғымдай көрінетін: ол шебер фотосуреткерді, әдемі әзілі төгіліп тұрған адам­ды, біреуге иненің жасуындай қиянаты жоқ азаматты, тіпті, кейбір пендешілік кемші­ліктерінің өзі көңілді жадыратар жақсыны қамтитын кең ұғым. Ал фотосуреткер Сәр­се­нов десек, ол Берсінбектің бір қырын ғана көрсететіндей. Содан да үлкендер Берсінбек десе, кішілер, тіпті, қатарластары Беке, Бер­секе, Берсекең дер еді. Және көңілдері жылып айтар еді. Пендешілігіміз ғой, сол Берсінбекті көзі тірісінде, қасымызда жүргенде лайықты ба­ға­ламағандаймыз-ау. Жоғалтып алған соң, жоқтадық. Арамыздан аяулы бір азамат кетіп, орны үңірейіп қалды. Көңіліміз құлазыды. Тек бірге қызметтес болған біз ғана емес, оны із­дейтіндер көп екен. Оны еске алып, қазақ газет­терінің бәрі жазды. Сонда бұл азамат тек бізге ғана емес, көп жұртқа жақын болған екен-ау дедік. Берсінбек «Егемен Қазақстанға» бертінде, 90-жылдарда келді. Бірақ біз оны бұрыннан білетінбіз. Өзін көрмесек те, газеттерде жа­рия­ланған фотосуреттердің авторы ре­тінде білетінбіз. Журналист болған соң, қа­зақтың бетке ұстар газеттерінің бәрін қарайсың, оқисың. Сонда «Суретті түсірген Б.Сәрсенов», деген жазу көзге шалынар еді. Кейін «Б.» дегеннің Берсінбек екенін білдік. Бұл есім алдымен Шерхан Мұртаза ағамыз бас­қаратын «Қазақ әдебиеті» газетінде пай­да болды. Сонда ол әлі университетті бітір­меген екен. Тұрмыс жағдайымен оқуға кеш­теу түскен ғой. Сосын тағы да тұрмыс араласқан-ау, сырттай оқуға ауысып, газетке барған. «Қазақ әдебиеті» көлденең көк аттыны қа­былдай салатын газет емес. Берсінбектің қолтаңбасына қарап таңдаған. Осы жерде оның қолтаңбасы қалай қалып­тасқанын білу үшін Берсінбектің балалық шағына бір сәт ойысқанымыз жөн-ау. Берсекең өмір қиындығын бір адамдай көр­ген жан. Сол қиындық біреуді жүнжітеді, біреуді ширатады. Біздің кейіпкерімізді сол қиындықтан ширығып шыққан десек жөн болар. Әкеден айырылғанда, ол 9 жаста еді және 4 бала­ның үлкені еді. Анасы Бибі­ғайшаға қол­қабыс жасау өз алдына, 3 інісіне қамқор бо­лу оны ерте есейтті. 16 жасында трактор айдады. Бұл күнкөрістің қарекеті болса, Берсінбек баланың басқа бір ермегі бар еді. Ол кіш­­кен­тайынан сурет салатын. Кәдімгі қағазға. Қаламмен. Табылса, түрлі-түсті қарындашпен. Және келістіріп-ақ салатын. Жо­ғарыда айтқан қиындық кезікпей, қылқаламы, бояулары, кенеп матасы табылып, күнкөріс қамымен кеткен уақытын сол сурет салуға жұмсағанда, кім біледі, Берсінбек бала үлкен суретшіге, кескіндемешіге айналар ма еді. Олай болған жоқ, таршылық оның қолын байлады. Сонда ол фотоаппаратқа жүгінді. Бағасы 13 сом тұратын «Смена» фотоаппаратына қолы әупіріммен жетіп, енді ол оның қолынан түс­пейтін болған. Басқалардай суретке түскісі келетіндерді көздерін бақырайтып баса бермей, адамдардың тосын сәтін, табиғаттың әдемі бір көрінісін іздейтін. Бірақ тракторшы жұмысы бөгет бола берді. Ана жүрегі сезеді ғой, үлкен баласының нені қалайтынын, неге қабілеті барлығын аңғарып, жұмысын өзгертіп, кешкі мектепте оқуын, сол суретке түсіруін жалғастыруын айтыпты. Сөйтіп, ол өзінің «Сменасын» қай­­­та қолға алған. Кешкі мектепті бітірді, әскерге алынды, одан абырой арқалап келді. Милицияда жұмыс істеді. Өзінің әуесқойлығы – фотоға түсіруді тастамады. Олары газетке де шығып жататын. Жұртты таңдандырғаны – ол жаза да біледі екен. Газеттерде очерктері, ма­қа­лалары да шығып жатты. Бірақ кейін ол біржола фотоға тоқтады. Бертінде бір әңгіме үстінде жазуды неге тастадың дегенімізге Берсінбектің: «Біреуіне тоқтау керек болды ғой, екі жартыкештен бір бүтін жақсы болатынын өмірден көрдік», дегені бар. Сөйтіп, Шерағаңның газетіне ҚазМУ-ді бітірмей жатып, фотосуреткер болып қалыптасып барған. 054-055 copy 056-057 copy 074-075 copy-1 076-077 copy Сол тұстағы «Қазақ әдебиеті» газетін аш­қанда әркез жұрт Берсінбектің суреттерін табар еді. Және қандай суреттер дерсің! Бел­гілі қаламгерлердің әртүрлі тұрыстары олардың жаңа бір қырын ашқандай. Күліп тұрады, құлшына тыңдап тұрады, кетіп барады, келе жатады. Бедірейген жансыз суреттер емес, қозғалыстағы тірі суреттер. Сонда Берсінбектің объективіне ілінбеген жазушы жоқ шығар. Және сол суреттердің газетке шыққанынан шықпағаны көп екені, көбі Берсінбектің архивіне түскені де кейін анықталды. Қазақстан Жазу­шылар одағы арнайы альбом шығарғанда, олар сол архивке үңілген. Содан кейін Берсінбек «Ана тіліне» барды. Жұрт өзі­нің қазақ екенін тани бас­таған кез еді ғой бұл. Алдымен тілін тануы керек еді. Ал сол тіл әбден күйзелген, жоғалуға шақ қалған заман. Тілдің қайта көктеуі керек. Оны фотосурет тілімен қалай айтасың? Әрине, тілге қатысты шараларды көрсететін суреттерді түсірудің қиындығы жоқ, оны әркім-ақ атқарады. Ал Берсінбек ойландыратын, жұртты селт еткізетін суреттерді іздеді. Осы жерде оған сонау жастайынан жанын баураған сурет салу қабілеті көмекке келді. Оны фотосуретке ұштастырды. Осылай ол қазақ баспасөзінде фотоколлаж жанрын орнықтырды. Бір фотоколлажда қырқылған, қурауға айналған ағаш түбірінен бір бұтақ желкілдеп өсіп тұрғаны бейнеленген. Ол өсіп, қуат алуы үшін баптап күту керек. Қазақ тілінің халі осындай. Енді бір фотоколлажда ана тіліміз құндақтаулы жас сәбидің кейпінде көрсетілген. Оған қоғам тарапынан аналық қамқорлық керек. Сонда ғана ол ержетеді. Көкірегінде саңылау барларға мұндай суреттер әсер етпей қоймайды. «Ана тілінде» Берсінбектің осындай іздері қалған. Жалпы, ол бір жерде тұрақтап қызмет еткенді қалайтын адам. «Ана тілінен» «Халық кеңесіне» барғанда, алғашқысына сыймай кеткен жоқ. Сол бір тәуелсіздікке қол жетіп, қоғам сілкінген тұста фотожурналистке жиірек шығатын, жаңалықтың қайнаған ортасында болатын басылым керек еді. «Халық кеңесі» сондай газет болды. Ел Парламентінде жаңа заңдар талқыланып, қабылданып, жаңа өмірдің қазаны қайнап жатқан. Сол газетте фотосуреткер Берсінбек Сәрсенов тәуелсіздік алған еліміздің алғашқы кезеңінің фотошежіресін жасады. Оған көз жеткізу қиын емес. Бұл бір оқырманын тапқан халық газеті өзінің миссия­сын орындап, ертерек тоқтады. Сол газеттің тігіндісін ақтарар болсақ, Берсекеңнің іздері сайрап жатыр. Ақырында ол «Егемен Қазақстанға» келіп тұрақтады. Біз осында бірге қызмет еттік. Оны фотошебер ретінде сырттай таны­сақ, енді азамат ретінде де көрдік. Әрине, жұмыс болған соң, алдымен қызметін бағалау әдетіміз. Сыртта жүріп-ақ ол бұл бас басылымның дәстүрін біліп келген ғой. Кәнігі газетші қамшы салдырмаған. Оның үстіне осында фототілші болған Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебаев сияқты ағаларымен де етене жақын араласқан. Ұжымға бірден сі­ңі­сіп кетті. Жалпы, фототілші деген тұзы жеңілдеу қызмет. Оған ақыл айтушы да, бастық та көп. Әр нөмірге сурет керек. Қайда деп сұрайды. Таппасаң, ұрсады. Күні бұрын айтпайсыңдар ма деп шырылдаған талай фототілшіні көргенбіз. Өздері тапсырыс беруді ұмытып кетеді, бірақ айыпты фототілші болып шы­ғады. Ал Берсінбектен қашанда керек сурет табылатын. Архивінен шығады, әйтпесе жа­ңа өткен бір шара болса, оған қатысқан бір әріптесін тауып, түсірген суреттерінің бір нұсқасын сұрап алып, ұсынады. Оған дауласып жату жат. Ал жалпы газетті ажарлайтын тосыннан түсірген суреттер, фотоэтюд­тер керек болса, ол Берсекеңде қа­шанда қоржын-қоржын. Фотоаппаратты арқалағанның бәрі фотосуреткер емес, газетке басылғаннан бә­рі көркем фотосурет емес. Есте қалатын сурет­терді түсіргендер ғана фотосуреткерлер. Берсінбек бауырымыз осылай дейтін. Ал онда есте қалатын суреттер көп еді ғой. «Егемен Қазақстанның» Алматы бөлімшесінің Қармысов көшесіндегі үйіндегі Берсінбектің шағын бөлмесінің қабырғаларында небір жаһұттар ілініп тұратын. Бұл бөлмеге жиірек бас сұғып, сол кереметтерге көз салып, көңі­ліміз өсіп шығар едік. Кірген соң, Бер­секең кідіртер еді, біраз әңгіме айтылар еді. Көңіліміз байып шығатынбыз. Берсінбектің есте қалатын суреттері көп дедік. Соның біразы «Б.Сәрсеновтің фото­көрмесіне» енгізіліп, біраз облыста көрсетілді. Көрсетілмегені қаншама! Берсекең соларды көрсетуге көп құштарланған да жоқ-ау. Редакция қызметкерлерінің бас­та­ма­шылығымен жүзеге асты. Ал енді Берсекеңнің көзі кеткен соң, оның мұрасын қастерлеу қалғандарға парыз. Жалпы, Берсекең ұқыпты адам болғанмен, өзін насихаттауға «ұқыпсыздау» азамат еді. Марапатқа ілінейін деп жүгірмейтін. Тіпті, сондай шаралардан қашқақтап та жүретін. Бірде оның «Жас Алаштағы» әріптес інісі Асылхан Әбдірайымның: «Аға, Берсінбек ағаға айтыңызшы, КазМу-де белгілі фотосуреткерлермен кездесу бар еді, соған қатыс­сын, бұл кісінің барғысы жоқ», дегені бар. Мұның қалай десек, Берсекең: «Ондай жерге барғысы келетіндер көп қой», деп күлген де қойған. Оның отырған жері көңілді, шуаққа толы болушы еді. Әдемі, көңілге тимейтін қалжыңы қандай! Әсте де оны періште санағымыз жоқ, бас қосқан кезде, мерекеде көңілді болғанды қалаушы еді, онысын артық көрмеуші едік. Қанша бірге жүрсек те, Берсінбектің біреумен қатты ренжіскенін көрген емес­піз. Қолынан келгенше, басқаның өтінішін орын­дауға құштар еді. Қиындығын бөлісуге асығатын. Өзінен жарты жылдай бұрын ұжымымыздың абзал қариясы Саламат Хай­даров ағамыз 100-ге аяқ басып барып қайтқанда, Берсінбектің: «Жақсы адамның әлі де жүре тұрғаны жақсы еді-ау», деп қамыққаны бар. Ал өзі 70-ке де жете алмай кетті. Берсекең де жақсы адам еді... Оны білетіндердің бәрі қамықты. Мамадияр ЖАҚЫП, Қазақстанның құрметті журналисі. Алматы.