Жамбыл жеріне жетті
Тараз – еліміздегі ең ежелгі тарихи шаһар ғана емес, сонымен бірге, даңқты боксшылар С.Қонақбаев, Б.Жұмаділов, Е.Ыбырайымов, Б.Ниязымбетов, М.Мәзімбаев, Б.Артаев және атақты балуандар А.Мұсабеков, И.Байрамуков, С.Жартыбаев сияқты Олимпиада, Азия ойындары мен әлем, Еуропа чемпионаттарында топ жарған тағы басқа да көптеген спортшыларды тәрбиелеп өсірген құтты бесік. Ол, сонымен бірге, жағрапиялық жағынан Ұлы Жібек жолының бойындағы алау оты лапылдап өтетін алғашқы облыс орталықтарының бірі. Сондықтан болар, VІІ Қысқы Азия ойындарының алауы Алматыны аралап өткеннен кейін арнайы ұшақпен бірден Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласына жеткізілді. Кеше сағат 12:00-де облыс әкімі Қанат Бозымбаев Азиада алауын қолына алып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағынан Төле би даңғылына түсті. Жас кезінде спортпен шұғылданып, ринг құпиясын меңгеру үшін біраз тер төккен облыс басшысына әудем жерді жүгіріп өту қазір де қиын емес. Ол өзіне бекітілген бағыт бойындағы қашықтықты сергек қимылмен еңсеріп, ежелгі сақтардың шырағданы бейнесінде жасалған алауды келесі эстафеташыға табыс етті. Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Марат Мәзімбаев облыс әкімінен алауды алғанда көше бойындағы қала тұрындары, студенттер, оқушылар, мекеме басшылары мен қызметкерлері қуаныштан қолдарындағы жалаушаларды бұлғап, жігер жанитын ұранға басты. «Алға, Қазақстан!» деген үнмен бірге аспанға атылған түрлі-түсті қағаз факельдер жерге шашу болып шашылды. Үшінші алаугер Э.Айғалиева – үлкен спорттағы даңқты жолы енді басталып келе жатқан жас. Бүгінде Алматы қаласында оқып, жаттығу жасап және үлкен жарыстардан олжалы оралып жүрген ол тараздықтардың үкілі үміті. Олимпиада мен әлем чемпионатының жеңісінен үмітті он сегіз жастағы суда жүзу спортының саңлағы Эльмира екі жүз метр қашықтықты еліктің ерке лағындай еркін жүгіріп өтіп, қолындағы алауды А.Әшімовке табыстады. Халқына «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Трансібір экспресі» атты тамаша фильмдердегі сүйікті қаһармандарымен құрметті атақты актер де бір кездері Жамбыл облысынан түлеп ұшқан болатын. Сондықтан болар, оның алауды бір спортшыдан алып, екінші спортшыға табыстаған кезін тастүлектерінің қанат қағысын байқап, сәт сапар тілеп, бата берген ата қыранға теңедік. Алау алып жүгіру, жалпы, әр елде әр түрлі өтеді дегенмен, оның негізгі өзегі ұлттық салт-дәстүрге табан тірейтіні белгілі. Тараз қаласының Жамбыл және Төле би даңғылдарының қиылысында VІІ Қысқы Азия ойындарының алауы – «Әулиеата» көкбөрі клубының сайыпқыран-шабандоздарының қарулы қолына тиді. Бұл команда мүшелері еліміздегі ең үздік көкпаршылардан екені белгілі. Алауды қолына нық ұстаған көкпаршылар көшбасшысы Н.Момынов бастаған салтатты шабандоздар салтанаты эстафета салтанатына ұлттық реңк беріп, сәнін асыра түсті. Сондай-ақ, алауды көкпаршылардың қолынан түйе балуан, өзі де нар тұлғалы спортшы Б. Ыстыбаевтың қабылдап алуы мағыналық жағынан үйлесіп тұрды. Бұдан кейін жұрт алдынан алау ұстап өту бақытына ие болған бапкерлер мен спортшылар М.Жахитов, А.Мұсабеков, Е.Сметов, Б.Ниязымбетовке тиді. Алау эстафетасының түс қайта басталған екінші кезеңін Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішінен бастады. Осылайша жалғасқан эстафета сән-салтанаты алпысыншы, яғни облыстың ең басты алаугері, атақты боксшы, Атланта және Сидней Олимпиадаларының күміс жүлдегері, Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Болат Жұмаділов сынды беренге де жетіп, ол қолындағы VІІ Қысқы Азия ойындарының алауын асыға күтіп тұрған Оңтүстік Қазақстан облысы өкілдерінің қолына «Аспанда күн, жерде Азиада алауы сөнбесін!» деген ақ тілекпен табыс етті. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші бой көтерді
Әдебиет • Бүгін, 09:20
Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше