Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мирза-Ұлықбек Абдусаломовпен кездесті.
Қазақстан Ортсайлаукомының басшысы Қ.Тұрғанқұлов әріптесі М.Абдусаломовты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және мәслихаттарының депутаттарын сайлау науқаны барысымен таныстырды. «Сайлау науқаны «тікелей мәреге» шықты. Бүгін үгіт кезеңі аяқталады, ертең «тыныштық күні». Бұқаралық ақпарат құралдарына жүргізілген, сонымен қатар, халықаралық байқаушылар миссиялары да жүргізетін мониторинг қорытындылары ОСК саяси партияларға заңда кепілдік берілген БАҚ-тарға тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз ете алғанын көрсетті», – деп атап өтті Қ.Тұрғанқұлов.
Ал М.Абдусаломов өзара әңгіме барысында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарғанын атай келіп: «Сайлау науқанының барлық кезеңдерін өте жақсы ақпараттық қамтамасыз ету электораттық үдерістің транспаренттігін арттыруға септеседі және заңнама нормаларын қатаң сақтай отырып, сайлауды жоғары демократиялық деңгейде өткізуге мүмкіндік береді», – деді.
Өзбекстан Республикасының Ортсайлауком басшысы, сондай-ақ, ағымдағы сайлау науқанының ойдағыдай аяқталуына және қорытындыларын шығаруда табыс тіледі. Кездесу соңында Қ.Тұрғанқұлов екі елдің электораттық үдерістерінің дамуы туралы тәжірибемен және ақпаратпен алмасу мақсатында алдағы уақыттағы өзара қарым-қатынасқа сенім білдірді.
Кездесуге, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің басшысы Н.Нурматов, Өзбекстан Республикасы Олий Мажилисінің заң шығарушы Палатасының мүшесі О.Джумаев, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Т.Охлопкова қатысты.
Кеше, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов пен Латвия Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Арнис Цимдарстің кездесуі болды.
Ортсайлауком басшысы латвиялық әріптесін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмыстармен таныстырды. Мәселені талқылау барысында кездесуге қатысушылар сайлау науқанының партиялық тізімдерді ұсынуға және тіркеуге, сайлауалды үгітті жүргізу шарттарына, дауыс беруді ұйымдастыру, дауыстарды санау және сайлауды қорытындылау тәртібіне қатысты жекелеген сәттеріне, сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутатты сайлау ерекшеліктеріне тоқталды.
А.Цимдарс шақыруға және сайлау науқанының барысына толық шолу жасауға мүмкіндік жасағаны үшін алғысын білдіріп, өз тарапынан байқаушылар өздерінің өкілеттіктерін әділ және шынайы жүзеге асыратындарын атап өтті. «Біздің көзқарасымызша, сайлауға дайындық тыныш және іскерлік жағдайда өтуде», – деді ол.
Ал Қ.Тұрғанқұлов А.Цимдарсқа қазақстандық сайлауға танытқан шынайы қызығушылығына және сайлау үдерісін одан әрі жетілдіру саласында пікір және тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ризашылығын білдірді.
* * *
Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос Корея Республикасы Ұлттық сайлау комиссиясының өкілдерімен кездесті.
В.Фоос Корея делегациясының мүшелерін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысымен таныстырып, делегация мүшелерінің сайлау заңнамасына және сайлаудың түрлі кезеңдеріне қатысты сұрақтарына жауап қайтарды. Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ, электораттық үдерістерді қамтамасыз ететін ақпараттық технологиялар саласында ықтимал ынтымақтастықтың мәселелерін де талқылады. Ал делегация жетекшісі Лим Чай Мэн: «Қазақстан Республикасы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан көптеген байқаушылар шақырды. Бұл Қазақстанның сайлауды ашық және айқын өткізуін көрсетеді. Бұл – сіздердің мемлекеттеріңіздің сенімділігінің куәсі», – деп атап өтті.
* * *
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссия-
сының мүшесі Марат Сәрсембаев Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінен халықаралық байқаушылар делегациясының мүшелері Король адвокаты, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Жоғарғы соты судьясының әкімшілік істері жөніндегі орынбасары Джеймс Томас Левиспен және «Integrative Media LLP» бас атқарушы директоры Алан Джонс Спенспен кездесті.
Кездесу барысында Ортсайлауком мүшесі М.Сәрсембаев пен Левис Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауды байқау жөніндегі шетелдік миссиялардың өзара іс-әрекеттерінің мәселелері жөнінде, халықаралық байқаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы, шетелдегі Қазақстан азаматтарының дауыс беру тәртібі, дауыс беруді ұйымдастыру рәсімдері жөнінде пікір алмасты.
М.Сәрсембаев байқаушылардың сайлау науқанының барысына қатысты қажетті ақпаратты алатынын атап өтті. «Орталық сайлау комиссиясы мен байқаушылардың мүдделері ұқсас. Біз сайлаудың ашық және демократиялық сайлаудың жалпыға танымал халықаралық қағидаттарына сәйкес өтуіне ұмтыламыз», – деді М.Сәрсембаев.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».