21 Наурыз, 2016

Қуатты қолдау

564 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
21-03-01Кеше Мемлекет басшысы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның республикалық сайлауалды штабында болып, нұротандықтармен бірге сағат 00:00-де жалпыұлттық Еxit-poll нәтижелері баяндалған жаңалықтар шығарылымын тыңдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты партияның сайлауалды штабына молынан жиналған жас­тар, сенімді өкілдер, республикалық және өңірлік штабтардың белсенділері құрметпен қарсы алды. Көпшіліктің «Қазақстан!», «Нұрсұлтан!», «Нұр Отан!» деген үні еңселі де әсем ғимараттың ішін жаңғыртып жіберді. Шараның алғашқы сәтінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Елбасына және жиналған қауымға қарата Орталық сайлау комиссиясымен байланысқа шығып, Еxit-poll нәтижелерін тыңдауға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Іле бейнекөрсетілім арқылы «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы жобасы бойынша директоры Юлия Кучинская Еxit-poll нәтижелерін хабарлады. Сол сәтте осыған дейін «Нұр Отан» партиясы сайлаушылардың 82 пайыз дауысын жинағаны белгілі болды. Мемлекетіміздің дамуына, халқымызды бірлік пен ынтымаққа ұйыстыру жолында табысты қызмет етіп келе жатқан партияның бұл жеңісін естіген көпшілік қошеметпен қол соғып, кең ғимарат қуанышты дауыстармен жаңғырықты. 21-03-02 20-03-04Бұдан кейін жиналғандарға сөз арнаған Қазақстан Президенті бар­лығын тарихи жеңіспен құт­тықтады. – Алдын ала мәліметтер бойын­ша, сайлаушылардың басым көп­ші­лігі «Нұр Отан» партиясына сенім білдірді, бұл – бүкіл халық­тың жеңісі. Қазақстандықтар ел­де жүргізіліп отырған саясат­ты, партия жариялаған бағдар­ла­малар мен реформаларды тағы да қолдап шықты. Бүгін мен бар­лық дауыс берушілерге ризашы­лығымды білдіремін. Біздің пар­тиямыздың әрбір мүшесі осы бір күрделі кезеңде көрсетілген сенімді бағалауы тиіс. Бұл жеңіс – көпжылдық жұмыстың нәти­жесі. Соған орай өңірлік штаб­тарға, белсенділер мен партия ерік­тілеріне алғыс айтамын. Сайлауды 800 шетелдік және 10 мыңға тарта жергілікті байқаушылар бақылады, олар сайлау үдерісі заңнамаға сәйкес өткенін атап өтті. Біз әлемдік қоғамдастық алдында ашық әрі әділ сайлау өткіздік, – деді Мемлекет басшысы. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан өзге партияларға да алғыс білдірді. – Олар белсенділік танытты, «Нұр Отан» партиясы олар­дың айтқан ұсыныстары мен ескер­тулерін назарға алады және атал­ған мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастырады, – деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы баршаны партияның жеңісімен құттықтап, партия мүшелеріне алдағы уақытта қажырлы еңбек етіп, табысқа жетуге тілектестігін білдірді. Айта кетейік, жиын барысын­да партияның сайлауда ең жо­ға­ры нәтижеге қол жеткізген өңір­лік филиалдары өкілдері өз аймақ­тарында сайлаушылардың белсен­ділікпен дауыс бергенін айта келе, Елбасын, барша нұротандықтарды жеңістерімен құттықтады. Сондай-ақ, шарада жұртшылық Елбасымен бірге «Атамекен» және «Весна на Заречной улице» фильмінде айтылатын әнді қо­сы­ла шырқады. Бұдан бөлек, әнін А.Мұхамедиұлы, сөзін М.Қа­сым­беков жазған жаңа «Мақтанышым – Елбасым» әні де сәтімен орындалды. Әсіресе, осы әнді айту барысында: «Қиындықты жеңген, Қалың елі сенген. Ғасырлардан озған нар тұлға. Ел бастаған көсем, Болсын аман-есен, Халық үшін туған боз тұлпар!» деген тұсы шабыттана шырқалды. «Нұр Отан» партиясының осынау жеңісті сәтін әуезді әнмен, көтеріңкі көңіл-күймен атап өту әбден орынды. Өйткені, ұлты­мызды ұйыстырып, кемел келешекке бастап келе жатқан Елбасы басқаруындағы бұл саяси ұйымның жеңісі барша қазақстандықтар үшін дәл қазіргі уақытта аса қажет. Ал бұл қажеттіліктегі мақсат-мүддені халық жақсы түсінеді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».