21 Наурыз, 2016

Белсенділіктің биік белесі

335 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Орталық сайлау2016. 20 НАУРЫЗ. ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы қызған жұмыс үстінде. Журналистерге қажетті барлық мүмкіндік жасалған арнайы бөліктің алғашқы бөлмесіне компьютерлер қойылып, электронды ақпарат құралдарының тікелей эфирге шығуына қажетті жабдықтар да орналасқан. Ал келесі үлкен зал баспасөз мәслихаттарына арналыпты. Осы арада ерекше атап көрсететін тағы бір жайт – биыл еліміздегі барлық парламенттік сайлаулар тарихында дауыс беруге келгендер саны тұңғыш рет рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл сайлаушылардың жоғары ұйымдасқандығының нәтижесі болып табылады. Мұны халықаралық байқаушылар да атап көрсетіп жатты. Сағат 09.00 ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов өткізген алғашқы брифинг қысқа да нұсқа болды. Онда ол: «Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан барлық сайлау учаскелері дауыс беруге кірісті. Дауыс беру транспарентті, әділ, ашық, заң бұзушылықсыз, қалыпты, іскер жағдайда және Сайлау заңнамасының нор­маларына сәйкес өтіп жатыр. Байқаушыларға сайлау үдерісінің барлық кезең­дерінде кедергісіз мониторинг жүргізу үшін толықтай жағдай жасалған», деп сайлау барысына байқаушылық жасап жатқан шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың санын да жария етті. Саяси маңызы бар осы жұмысқа 817 байқаушы араласып жатқанын еске са­лып: «Оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның – 286, ТМД миссиясының – 301, Шан­хай ынтымақтастық ұйымының – 9, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының – 76, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассам­блея­сының – 14, Түркітілдес елдер ынты­мақ­тастығы кеңесінің – 17, Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымының – 3, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының – 8 және 32 шет мемлекеттен 103 байқаушы бар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі шетелдік БАҚ-тың 147 өкілін аккредиттеді. Жалпы, 964 халықаралық байқаушы мен шетелдік БАҚ өкілдері бар», деді Б.Мелдешов. Сонымен қатар, ол сайлау учас­ке­леріндегі дауыс беру барысын кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірілген адамдары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қадағалайтындығын айтып, кешкі сағат 22.30-да Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сайлау­шылардың дауыс беруге келуі жөніндегі алдын ала деректерді жария ететінінен хабардар етіп: «Күні бойы сіздердің назарларыңызға жалпы республика мен өңірлер бойынша сайлаушылардың белсенділігі мен келуі туралы жедел деректерді ұсынып отыратын боламыз. Сондай-ақ, біздің баспасөз орталығымызда Сыртқы істер министрлігінің өкілі мен халықаралық байқаушылардың брифингі өтеді», деді Б.Мелдешов. Айта кетейік, саяси додаға барлығы алты партия – «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық пар­тиясы, «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партиясы, Қазақ­стан Коммунистік халық партиясы, Жалпы­ұлттық социал-демократиялық партиясы және «Бірлік» саяси партиясы қатысып жатыр. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің 98 депутаты, сондай-ақ, облыстық, Астана, Алматы қалалық мәслихаттарының 550 депутаты, қалалық мәслихаттардың 625 депутаты және аудандық мәслихаттардың 2160 депутаты сайланады. Сағат 09.30 Қазақстан азаматтарының өздерінің сая­си көзқарастарына толық жауап беретін партияға дауыс беріп жатқанын РФ Федералды жиналысы Федерация кеңесі комитетінің мүшесі Игорь Морозов ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұловпен кездесуден соң өткізген брифингте журналистер­ге мәлім етті. «Біз бүгін Қазақстан азамат­тары­ның сайлау учаскелеріне келіп, өз­дері­нің азаматтық парыздарын қалай жүзе­ге асырып, сайлауға белсенді қатысып жатқа­нын байқаудамыз. Ақпараттық ортаның қаншалықты дайындалғаны да біздер үшін өте маңызды, ҚР Парламентінің ашық әрі әділ сайлауын өткізу үшін қажетті шаралардың барлығы да халықаралық стандарттарға сай ұйым­дас­тырылған және оны толыққанды орын­далып жатыр деп сенімді түрде айта аламыз. Осы жайттарға көз жеткізгеннен кейін ҚР ОСК төрағасымен кездесейік деп шештік және сайлау үдерісін талқыладық. Біздің арамызда ортақ түсіністік болды және дауыс берушілердің белсенділігін атап өттік», деді шетелдік байқаушы. Сағат 10.00 Осы уақытта Қазақстан азаматтарының қанша пайызының өз жүрек қалауларын білдіргені мәлім болды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен брифингте: «Орталық сайлау комиссиясы бүгін өтіп жатқан Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депу­тат­тарын сайлауда сағат 10-дағы сайлау­шылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы мәліметтерді жария етуге дайын. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау учаскелері ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2016 жылғы 20 наурыз күнгі сағат 10-дағы жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 17,57 пайызы бюллетеньдерін алды», деді. ОСК мүшесінің деректеріне сәйкес, еліміздегі облыстар бойынша Алматы об­лысы – 23,22, Ақмола облысы – 20,89, Ақ­­төбе облысы – 14,31, Атырау облысы – 11,88, Батыс Қазақстан облысы – 10,75, Жам­­был облысы – 9,3, Қарағанды облысы – 18,78, Қостанай облысы – 24,85, Қы­зыл­­орда облысы – 19,83, Маңғыстау облы­­сы – 15,23, Оңтүстік Қазақстан облы­сы – 12,86, Павлодар облысы – 18,97, Сол­түстік Қазақстан облысы – 23,85, Шығыс Қазақ­стан облысы – 24,31, Астана қаласы – 20,65, ал Алматы қаласы – 6,94 пайызы дауыс берген. «Дауыс беру барлығы 9840 сай­лау учаскесінде жүргізілуде», деді Ләз­зат Сүлеймен. Сағат 12.00 Орталық сайлау комиссиясындағы бри­фингке бұл жолы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко келді. Жиналғандардың барлығын Наурыз мерекесімен құттықтап өткен сыртқы сая­сат ведомствосының өкілі шетелдердегі Қазақстан азаматтарының сайлауға қа­тысуы жөнінен ақпарат берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізден сырт мемлекеттердегі шетелдік мекемелер жанынан 65 сайлау учаскесі ашы­лып, Қазақстанның шетелдік меке­мелері жанында құрылған сайлау учас­келері туралы ақпараттар мен байланыс мәліметтері көрсетілген ақпарат министр­ліктің сайтында және басқа да дерек көз­дерінде алдын ала орналастырған. Осылай деген Р.Василенко әрі қарай: «Ше­тел мемлекеттеріне қызметтік, іскер­лік немесе туристік сапармен барған Қазақ­стан азаматтары сайлау кезінде сай­лау учаскелеріне келіп, азаматтығын дә­лелдейтін төлқұжаттарын көрсеткенде сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Сайлау алдындағы күнгі мәліметке сәйкес, шетел­дердегі сайлаушылардың тізіміне шамамен 14 мың азаматымыз тіркелген. Өт­кен жылғы президенттік сайлаумен салыс­тырғанда сайлаушылардың саны 6 мың адамға кеміп отыр. Бұлай болуына, біріншіден, алдағы мерекенің ұзақты­ғына байланысты, екіншіден, біздің отан­дас­тарымыздың осы мүмкіншілікті пайда­ланып Наурыз мейрамын туған-туыс­тарының ортасында өткізулері үшін Қазақ­станға келуі себеп. Шетелдегі сайлау учаске­лері де жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Уақыт айырмашылығына байланысты біздің азаматтарымыз ең бірінші Токио мен Сеулде ашылған сайлау учаскелерінде Астана уақыты бойынша таңғы сағат 4-те дауыс бере бастады. Шетелдерде жүрген азаматтарымыз сайлауда белсенділік танытуда. Астана уақыты бойынша сағат 12.00-дегі жағдайға сәйкес, шетелдердегі 61 сайлау учаскесінде осы кезеңге дейін 2 мыңнан астам отандасымыз дауыс берді. Ал планетаның Батыс жарты шарында Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де Бразилияда, ал одан кейін сағат 17.00-де Вашингтонда, Нью-Йоркте және Оттавада дауыс беру басталады, деген Р.Василенко шетелдердегі сайлау учаскелеріндегі дауыс беру құжаттары 48 сағатта елордаға жеткізілетінінен хабардар етті. «Шетелдерде сайлауды ұйымдастыру мақсатында еліміз Сыртқы істер министр­лігі тарапынан сәйкесінше штаб құрылған. Бұл күндері ол күндіз-түні жұмыс істеуде. Штаб пен Сыртқы істер министрлігі қарайтын Есіл аудандық сайлау комиссиясы арасында жұмыс бабындағы байланыс орнатылған және шетелдегі сайлау учаскелерінің дауыс беру құжаттары сол учаскеге жеткізіледі. Ал сайлау учаскесі ашылмаған елдерде жүрген Қазақстан азаматтары көрші мемлекеттердегі сайлау учаскелеріне келіп дауыс бере алады. Сайлау учаскелерінде қорытынды шығарылғаннан кейін СІМ қызметкерлері бюллетеньдерді жәшігімен және басқа да сайлауға қатысты өнімдерді алып, 48 сағаттың ішінде оны Есіл аудандық сайлау комиссиясына табыстау үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне жеткізуі тиіс», деді Р.Василенко. Сағат 13.00 Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың мәлім етуін­ше облыстардың, Астана және Алма­ты қалаларының сайлау комиссияла­ры ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2016 жылғы 20 наурыз күнгі сағат 12.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлау­шылардың 40,21 пайызы сайлау бюлле­теньдерін алып, өз дауыстарын берген. М.Сәрсембаевтың деректеріне сәйкес, Алматы облысында – 57,67, Ақмола облы­сында – 48,45, Ақтөбе облысында – 34,3, Атырау облысында – 45,2, Батыс Қазақ­стан облысында – 38,67, Жамбыл облы­сында – 47,41, Қарағанды облысында – 41,57, Қостанай облысында – 54,31, Қызыл­орда облысында – 43,28, Маңғыстау облы­сында – 31,41, Оңтүстік Қазақстан облы­сында – 33,02, Павлодар облысында – 40,47, Сол­түстік Қазақстан облысында – 48,1, Шы­ғыс Қазақстан облысында – 45,83, Ас­тана қаласында – 32,33, ал Алма­ты қа­ласы бойынша 15,45 пайызы дауыс берген. Дауыс берудегі белсенділіктің басында, ОСК мүшесі айтқандай, Алматы облысы, Қостанай облыстары тұрды. Сағат 14.00 Осы сағатта ТМД елдері байқаушылары атынан Қырғыз Республикасы Орталық сайлау және референдумдар өткізу комис­сиясының мүшесі Рашид Бекбасаров брифинг өткізді. Өз байқауларымен бөлі­сіп, ой толғаған ол былай деді: «Бүгін біз бір­неше сайлау учаскесінде болып, өте жақсы әсерде қалдық. Мені таңғы сағат 7-де сайлау учаскелері ашылған сәттен бас­тап дауыс берушілердің легі көп бол­ғандығы таңдандырды. Мәселен, «Назар­баев Университеттегі» сайлау учаскесінде небәрі 50 минуттың ішінде 400 адам келіп өз дауысын берді. Сайлаушылар өте белсенді, сайлау штаттық режімде өтіп жатыр. Барлық учаскелер жақсы дайын­далған, ақпараттық қолдау да сәйкесінше орналастырылған. Сайлау үдерісіне қатысушыларға арналған әдістемелер мен жадынамалар да өте жоғары сапада дайындалған. Сайлауға дайындық шараларының өте байыпты жүргізілгендігі көрініп тұр. Біздің тарапымыздан дауыс беру барысына еш сын-ескертпе жоқ. ТМД байқаушыларының Қазақ­стандағы сайлауға байқаушылық қызметін атқаруы бірінші рет емес, сондықтан қазақстандықтар үшін бүгінгі мерекелік көңіл-күйдің болуын заңды деп есептейміз. Дауыс беру үдерісі кінәратсыз өтуде, партиялар бәсекелестікпен сайлауға келді», деді ТМД-лық байқаушы. Сағат 15.05 Сағат тілі дәл осы уақытты көрсеткенде, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мінберге көтеріліп, сағат 14.00-ге дейін сайлаушылардың келуі туралы мәліметпен таныстырды. ОСК хатшысының хабардар етуінше, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылғы 20 наурыз күнгі сағат 14.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 60,22 пайызы сайлау бюллетеньдерін алған. Мысалы, Алматы облысында сай­лау­шылардың – 77,16%, Ақмола облысы – 69,97%, Ақтөбе облысы – 57,01%, Атырау об­лысы – 65,87%, Батыс Қазақстан облы­сы – 56,37%, Жамбыл облысы – 63,06%, Қарағанды облысы – 59,2%, Қостанай облысы – 68,17%, Қызылорда облысы – 65,69%, Маңғыстау облысы – 51,76%, Оң­түстік Қазақстан облысы – 68,86%, Пав­лодар облысы – 61,77%, Солтүстік Қазақ­стан облысы – 61,2%, Шығыс Қазақ­стан облысы – 66,7%, Астана қаласы – 54,71% және Алматы қаласы бойынша сай­лаушылардың 21,45%-ы дауыс берген. Бұл мәліметтерден Алматы, Ақмо­ла, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыс­тарының сайлаушылары белсенділік та­нытып отырғанын байқауға болады, ал Алматы қаласының сайлаушыларына белсенділік жетіспей тұрған сияқты. Сағат 15.30 Орталық сайлау комиссиясының мүше­лері брифингте әр екі сағат сайын сай­лау­шылардың келуі туралы мәлімет­терден хабардар етіп отырды. Екі аралықта Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығында шетелдік байқаушылар да брифингтер өткізіп, сайлаушылардың дауыс беру үдерістерінен алған әсерлері­мен бөлісті. Солардың бірі – Үндістаннан келген Салина Сингх. «Қазақстандағы сайлау өте жақсы өтіп жатыр. Әсіресе, сай­лау­шылардың дауыс беруге көптеп келуі қуантады. Барлығы да өте жоғары деңгей­де өтуде. Біздің көңілімізден шықты және әзірше біздің тараптан ешқандай ескерту жоқ», – деді ол, Сондай-ақ, С.Сингх Қазақстан мен Үндістанның сайлау үдерісінде айтар­лықтай айырмашылық бар екендігін де атап өтті. «Бізде арнайы технология қолданылады әрі барлығы да электронды түрде жүргізіледі. Әрбір дауыс берушінің өзінің белгілі бір нөмірі бар, яғни, барлығы автоматтандырылған. Дауыс та электронды мәліметтер базасының көмегімен саналады. Өйткені, біздің хал­қымыздың саны өте көп. Ал Қазақстанда халық санының аздау болуына байла­нысты бюллетеньмен дауыс беру барын­ша ыңғайлы деп санаймын», – деді үндістандық байқаушы. Ал эстониялық байқаушылар Қазақ­станның сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсібилігіне ризашылық білдірді. Эстония Республикасы Ұлттық сайлау комитетінің мүшесі Айвар Рахно: «Бүгін таңертең біз Ақмола облысына қарасты бірқатар сайлау учаскесіне бардық. Таңертеңнен сайлаушылардың дауыс беруге келуі өте жоғары болды. Сайлаушылардың көңілі көтеріңкі екенін байқадық. Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің достық пейіліне тәнті болдық және олар кәсіби тұрғыда жұмыс істеуде», – деді ол. Сонымен бірге, байқаушы дауыс беру үдерісі ұйымшылдықпен жүргізіліп жатқандығына тоқталды. «Түстен кейін біз елорданың бірқатар учаскесінде де болдық. Бұл уақытта дауыс беруге келушілер легінің біршама бәсеңдегені байқалды. Дегенмен, әлі де адамдар сайлау учаскесіне келу үстінде. Мен сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсібилігін айрықша атап өткім келеді. Жалпы, Қазақстандағы сайлау барынша белсенді және табысты өтетіндігіне сенімдімін», – деді А.Рахно. Татарстан Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Экзам Губайдуллин де сайлау үдерісінен алған әсерін, сайлау­дың заңнама талаптарына сай өтіп жат­қанын атады. «Таңертеңнен бері біз 10-нан астам сайлау учаскесінде болдық. Астана қаласында сайлау ұйымшыл­дықпен өтіп жатыр. Біз болған учаске­лердің барлығында да сайлау үдерісі Қазақ­станның сайлау заңнамасына сай өтуде, – деді Э.Губайдуллин. – Біздерге Астана қаласы қатты ұнады. Мен бұл қа­лаға алғаш рет келіп отырмын. Меніңше, Астана әлемдегі ең әдемі қалалар­дың бірі. Біз өз байқауымызды одан ары жал­ғас­тырамыз. Әзірше жалпы сайлау үдерісін ұйымдастыруға қатысты ешқандай ескер­туіміз жоқ. Қазақстан халқына сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге тілектеспін». Сағат 17.05 Сағат 16.00-ге дейінгі сайлаушылардың келу көрсеткіштерімен Орталық сай­лау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсем­баев таныстырды. «Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комис­сиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес 2016 жылғы 20 наурыз күнгі сағат 16-00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сай­­лаушылардың 71,78 пайызы сайлау бюл­летеньдерін алды», – деді ОСК мүшесі. М.Сәрсембаевтың келтірген мәлімет­тері бойынша басқа өңірлерге қарағанда, бұл жолы да Алматы мен Атырау облыс­тарының сайлаушылары белсенділік таныт­қан. Сайлаушылардың келуі тиісін­ше 89,88 және 80,41 пайызды құрап отыр. «Естеріңізге сала кетейін, дауыс беру барлығы 9840 сайлау учаскесінде жүр­гізілуде», – деді М.Сәрсембаев. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі өткізген брифингтен соң, Корея Республикасы Ұлттық сайлау комис­сия­сының бөлім басшысы Лим Чай Мэн бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­деріне сұхбат берді. «Сіздерді Наурыз мей­рамымен құттықтаймын. Ал сайлау үдерісіне келер болсақ, ол Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сай, мерекелік көңіл-күйде өтіп жатыр. Мен бұл сайлаулардың нәтижесінде Қазақстан өзінің ішкі ұлттық интеграциясын нығайта түседі деп сенемін», – деді ол. Сонымен қатар, корейлік байқаушы Қазақстан мен Корея сайлауды байқау саласындағы ынтымақтастығын нығайту арқылы өзара байланыстарын күшейте түсе­тіндігін атап өтті. «Қазақстан шынайы демократия құру жолында ілгері­леп келеді. Айта кетерлігі, Корея сайлау барысында заманауи электрон­ды технологияларды қолдануда мол тәжіри­беге ие. Сайлау үдерісінде ақпараттық технологияларды қолдану бойынша тәжірибе бөлісу ойымызда бар. Сондай-ақ, елдеріміздің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың да кеңейе түскеніне мүдделіміз», – деді Лим Чай Мэн. Сағат 19.05 «Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес 2016 жылғы 20 наурыз күнгі сағат 18.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 75,16%-ы сайлау бюллетеньдерін алды, – деді брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев. – Бұл біздің елде бұрын болған парламенттік сайлаулар үшін рекордтық келу екенін атап өту қажет. Сайлаушылардың дауыс беруі әлі де жалғасуда». Бұдан кейін ол сайлау­шылардың өңірлер бойынша келу жайы­на тоқталды. Осы уақыт аралығында 92,67% нәтижемен Алматы облысы­ның сайлаушылары алда келеді. Одан кейін Атырау (82,91%), Қостанай (82,57%) облыстарының сайлаушыларын атауға болады. Ал Алматы қаласы­ның сай­лаушылары аталған уақыт ішінде тізімге енгізілгендердің небәрі 32,23 пайызының келуі кәдімгідей-ақ ойландырып тастады. Сағат 22.30 Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда сайлаушылардың келуінің алдын ала қорытындыларын жария етті. «Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілі­сінің депутаттарын және мәслихат­тарының депутаттарын сайлауда дауыс беру аяқталды. ОСК шетелдерде Қазақстан өкілдіктерінің жанында құрылған 65 сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың келуі туралы жедел мәліметтерді ұсынды. Олардан мәліметтер кешірек түседі, – деді Қ.Тұрғанқұлов. – Облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларынан келіп түскен хабарлар бойынша тізімдерге енгізілген 9 млн. 810 мың 920 сайлаушының 7 млн. 564 мың 281-і сайлау бюллетеньдерін алды. Сайлаушылардың келуі жалпы республика бойынша 77,1 %-ды құрады». Өңірлер бойынша алғанда, Ақмола облысы – 79,68%, Ақтөбе облысы – 80,26%, Алматы облысы – 94,06%, Атырау облысы – 85,37%, Батыс Қазақстан облысы – 73,68%, Жамбыл облысы – 82,66%, Қарағанды облысы – 78,83%, Қостанай облысы – 84,85%, Қызылорда облысы – 81,75%, Маңғыстау облысы – 75,91%, Оңтүстік Қазақстан облысы – 85,06%, Павлодар облысы – 72,85%, Сол­түстік Қазақстан облысы – 81,57%, Шығыс Қазақстан облысы – 82,44%, Астана қа­ласы – 74,65%, Алматы қаласы – 34,1%-ды құрады. «Бүгінгі дауыс беру барысында сайлаушылар белсенділігінің деңгейі өте жоғары болғанын атап көрсетеміз. Бұл Парла­мент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі соңғы сайлау науқан­дарының ішіндегі рекордтық көрсеткіш» – деп атап өтті Ортсайлауком басшысы. Төрағаның айтуынша, қазіргі уақытта сайлау учаскелерінің барлығында сай­лау­шылардың дауыстарын санау жүргізілуде. Сайлау заңнамасына сәйкес, сайлау учаскесінде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екі сағаттан аспауы тиіс. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».