Кеше, жексенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы тек біздің елімізді ғана емес, сонымен қатар әлемнің 65 елін қамтыды. Дәлірек айтқанда, планетаның осыншама мемлекетінде сайлау учаскелері ашылып, олардағы қазақстандық азаматтардың саяси науқанға үн қосуларына мүмкіндік жасалды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, осы сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізіміне 14 мыңға жуық азаматтарымыз енгізілген.
Токио. Қазақстан депутаттарын сайлауға арналған науқан Жапония астанасында басталды. Осы қаладағы Қазақстан елшілігі ғимаратында қанат жайған №211 сайлау учаскесі бірінші болып ашылды. Күншығыс елінде біздің бұл науқанға 116 Қазақстан азаматы қатысты. Олардың қатарын жапон еліндегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер мен мұнда жергілікті компанияларда тәжірибеден өтуге келген жұмысшылар құрады.
Жалпы, уақыт айырмашылығына байланысты біздің азаматтарымыз ең бірінші болып Токио мен Сеулде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс бере бастаған. Олар учаскеге келіп жатқан кезде Астана уақыты таңғы 4:00-ді көрсетіп тұрған.
Бейжің. Қытайда біздің сайлау учаскелеріміз бірден 4 қалада жұмыс жасады. Ондай мекендер елдің байтағы – Бейжіңнен басқа, Шанхай, Гонконг және Үрімші қалаларында болды. Оларда Аспанасты елінде оқып жатқан студенттер, сондай-ақ Қазақстаннан барған туристер мен кәсіпкерлер айрықша белсенділік танытты. Айталық, Бейжіңде Қазақстан елшілігі ғимаратында ашылған №207 сайлау учаскесіндегі сайлауды дипломатиялық өкілдік басшысы Шахрат Нұрышев пен оның зайыбы бастап берді. Олар Қазақстан гимні ойналып біткен бойда бюллетеньдерін алып, арнайы кабинаға беттеді. Бұлардың соңын ала Қытай елінде жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мен осы
ведомствоның қызметкерлері, дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, ұлттық компания өкілдері өздерінің конституциялық құқықтарын орындап шықты. Осы алғашқылардың қатарынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің тіл курсында оқитын 18 жасар студент Кәмилә Атиева да табылды. Сайлауда бірінші рет дауыс беріп тұрғандықтан, оған сайлау комиссиясы тарапынан естелікке арнайы кәдесый тапсырылды.
Бұдан әрі Қытай жеріне қызметтік мәселелермен келген Жұлдызбек Сералиев те аталмыш учаскеде дауыс беру мүмкіндігін пайдалана білді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Сабыр Имандосовтың зайыбы Мәнсия Имандосова да естелікке сыйлық алды. Ол сайлау учаскесінің жұмысының ұйымдастырылуы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Бейжіңде алғашқы болып дауыс берушілер қатарында мұнда бұдан бір күн бұрын жұмыс сапарымен келген «Егемен Қазақстан» газеті интернет-редакциясының қызметкерлері Серікқазы Кәкібаланов пен Өркен Мұсабек те болды.
Улан-Батор. Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі ішінен ту тіккен № 231 сайлау учаскесі де келушілер легінен босаған жоқ. Мұнда да біздің отандастарымыз үлкен ұйымшылдық танытты. Соның ішінде өткен жылы маусым айында ғана Қазақстан азаматтығын алып, біздің республикамыздың құрама командасы атынан әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыса бастаған дзюдошы моңғол қызы Отгонцэцэг Галбадрахты көру кім-кімге де өте жақсы әсер етті. Спортшы бойжеткен мұнда және Қазақстан құрамасының спорттық киімін киіп келді. Дауыс беріп шыққаннан кейін қазақстандық моңғол қызы журналистерге қазір ғана Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындарға баратын команда құрамына бекітілгенін қуана жеткізді. Қазақстанда Шымкент қаласының тұрғыны болып табылатын ол биылғы ақпан айының басында Парижде өткен «Үлкен дулыға» турнирінде 48 килоға дейінгі салмақта сенсациялық жеңіске жеткен еді. Сосын ақпанның ортасында Германияның Дюссельдорф қаласында Әлем Гран-приі жарысында күміс медальды мойнына тақты.
Моңғолияның бас қаласында сайлау учаскесіне бірінші болып қазақстандық кәсіпкер Игорь Моисеев жетті. Ал ең жас сайлаушы ретінде 18 жастағы Залина Котиева атап өтілді. Мұнда барлығы тізімдегі 112 адам уақытында дауыс беріп болды.
Мәскеу. Ресей астанасында тұратын немесе осында іссапармен келіп қалған Қазақстан азаматтары еліміз елшілігі жанына орналасқан № 215 сайлау учаскесінде дауыс беруге атсалысты. Ресей Федерациясының алуан түрлі БАҚ-тары жазып отырғандай, мұнда дауыс беруге келген отандастарымыздың барлығының көңіл-күйлері көтеріңкі болған. Солардың арасындағы кәсіпкер Еркебұлан Баяхметов бұл сайлаудың еліміз азаматтарының жауапты азаматтық ұстанымдарын байқатқанын ерекше атап өтті. Оның пайымынша, сайлау учаскесіне келгендердің барлығы өздерінің елдің дамуына үлес қосып жатқандарын сезіне білген. «Біз де Қазақстаннан келдік. Мәскеуде іссапардамыз. Соған қарамастан ерте тұрып, өз таңдаумызды жасау үшін сайлау учаскесіне бардық. Бұл – ел үшін маңызды, қажетті мәселе», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Ақмола облысындағы филиалының директоры.
Ташкент. Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі үйінде орналасқан № 217 сайлау учаскесі 200-ден астам сайлаушының дауыс бергенін айғақтады. Мұнда науқан жергілікті уақыт бойынша 6:00-де ашылған. Ал дауыс беру 7:00-де басталған. Сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Наурыз Айдаровтың айтуынша, елшілікте консулдық есептегі Қазақстан азаматтары белсенді түрде дауыс беруге кіріскен. «Сайлауға үлкен дайындық жүрді. Қызметкерлер өңірлерге шығып, азаматтармен кездесті, сайлауға қатысуға шақырды», – деп мәлімдеді дипломат. Бұған қоса, тапсырыс хаттармен өңірдегі Қазақстан азаматтарына шақырту жіберілген.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының материалдары, бюллетень толтыру тәртібі, ақпараттар тиісті үлгіде қабырғаға ілінген. «Дауыстарды есептеу 20.00-де дауыс беру рәсімі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады, заңға сәйкес хаттама елшілік стендіне ілінеді», – деп сөзін түйіндеді комиссия төрағасы.
Анкара. Түркияда Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі депутаттарының сайлауы үш қалада өріс алған. Олар елдің орталығы – Анкарадан басқа, Ыстамбұл және Анталья шаһарларында жұмысқа кіріскен. Сөйтіп, Анадолы жеріндегі № 205, № 236 және № 246 сайлау учаскелеріне дауыс берушілер жергілікті уақыт бойынша 7:00 сағатта келе бастаған. Тура сол мезгілде бірінші болып келген Қазақстан азаматтарының қатысуымен сайлау учаскелерінің ашылу рәсімі ұйымдастырылған. Түркияда өз дауысын бірінші болып Қазақстанның осы елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев берген.
«Қазақстан азаматтары Түркия еліндегі күрделі ішкі жағдайға қарамастан, Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауында өздерінің дауыс беру конституциялық құқығын пайдалану үшін сайлау учаскелеріне келіп жатыр», – делінген хабарламада.
Түркиядағы қазақстандық сайлаушылардың басым бөлігін осы елде білім алып жатқан жастар құрайды. Олардың арасында әскери мамандықтар бойынша оқып жатқан курсанттар да жүр. Сайлау учаскелеріне Түркияның түрлі қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен докторанттары да келген. Елде мұндай 1500-ден астам өкіл бар.
Дауыс бергендер қатарында Түркиядағы белгілі тұлға, отандасымыз Марат Ахмет те болған. Ол – Түркия Президентінің қолынан жоғары ғылыми марапат алған математик-ғалым. Түркияда 1998 жылдан бері ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Математика ғылымдарының докторы, профессор, Түркияда және көптеген шетелдерге танымал тұлға. Мұндай дауыс берушілер легін сондай-ақ осы елде жұмыс істеп жүрген ғалымдар, журналистер, оқытушылар, дәрігерлер толтырған.
Баку. Әзербайжандағы Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутаттар сайлау елдің бас қаласында жүргізілді. Ол да Қазақстанның осы елдегі елшілігінен ашылды. № 212 сайлау учаскесінің басшысы Бауыржан Досманбетовтің мәліметінше, біздің еліміздің сайлаушылар тізіміне кірген азаматтары түгел өздерінің конституциялық құқықтарын орындаған.
Әбу-Даби. Біріккен Араб Әмірліктерінде де сайлау учаскесі қызу жұмыс жасады. Партиялық тізім бойынша Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутаттарды кезектен тыс сайлау өткізуіне байланысты Дубайдағы және Солтүстік Әмірліктегі Қазақстанның бас консулдығы ғимаратында № 224 сайлау учаскесі ашылған. Учаскеде БАӘ-де тұрақты тұратын және түрлі себептермен араб елінде жүрген 600-ге жуық қазақстандық азамат конституциялық құқықтарын жүзеге асырған.
Учаске таңертең жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-де ашылды. Ал бұл елде жексенбі жұмыс күні саналады. Ашылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасының гимні орындалған. Бұдан кейін Дубайда білім алып жатқан қазақстандық студенттер мен туристер осында қарай ағылған. Жалпы, Әмірлікке жылына 300 мыңнан астам қазақстандық туристер келіп, тынығады екен.
Жоғарыда айтқанымыздай, әлемнің бұдан да басқа көптеген қалаларында бұл күні Қазақстан Парламенті Мәжілісінің сайлауы өткізілді.
Шетелдік БАҚ-тар мәліметтері бойынша
материалды дайындаған
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».