Ойдағыдай өтті
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Ақмола облысы бойынша орталығының төрағасы. Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалы кезекті саяси науқанның жауапты сынынан ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Өңірде әділ сайлау мен сайлау науқанының ашықтығы қамтамасыз етілгені айқын көрініс берді. Бұл – бізге жүктелген басты мақсат. Сондай-ақ, бұл комиссия мүшелерінің, өңірлердегі 758 қоғамдық көмекшілеріміздің тиянақты ісінің нәтижесі деуге де болады. Биылғы сайлау, әдеттегідей, облыс тұрғындарының саяси сарабдалдығының өскендігін дәлелдеді. Біз де өз тарапымыздан ортақ істің оралымды болуына үлес қосуға тырыстық. Алдымен байқаушыларымыздың басын қосқан семинарға республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі Тамара Ширмер қатысып, комиссияның сайлауалды науқанының демократиялық қағидалар талаптарына сай ұйымдастырылуына, азаматтардың еркін пікір ұстанымын қамтамасыз етуге септесетіндігін атап көрсетті. Облыстық филиал мүшелері жоспарлы кесте бойынша облыстың барлық аудандарында семинар-тренингтер өткізді. Біз онда сайлау барысында саяси бей-тараптық, ашықтық және әділдік қағидаттары қатаң сақталуына, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұрмалануына жол берілмеуіне көңіл бөлдік. Сайлау барысында да облысымыздағы барлық учаскелерде комиссия мүшелері белсенділік танытты. Мен жұмысты Красный яр кентіндегі кәсіптік-техникалық лицейден бастадым. Сайлау учаскесі таңғы 7-ден дауыс берушілерді қабылдай бастады. Мұндағы ұйымдық мәселелерде ешқандай кемшілік орын алған жоқ. Азаматтар жабық дауыс құқығын пайдаланып, таңдау еркіндігіне ие болды. Одан кейін де біршама сайлау учаскелерінде болдық. Заңдық талаптар, халықаралық нормалардың бұрмалану көрінісі тіркелмеді. Біз сайлау барысына тікелей араласпағанымызбен бюллетеньдер салынған жәшіктерді ашу, оны санау, дауыс беру барысы мен оның қорытындысын шығару ісін жіті байқауда ұстадық. Біз маңызды науқанның ойдағыдай өткендігін кепілдендіре аламыз. Ақмола облысы.Жастар белсенділігі
Мен №6 сайлау округіне қарасты Жолдасбеков атындағы №9 орта мектептегі №89 сайлау учаскесіне сағат таңғы 7-де келдім. Жастар орталығының қызметкерімін. Осында сайлауға түсіп жатқан партия және үміткердің, қоғамдық ұйымдардың байқаушылары сайлау барысын толық бақылап отыр. ЕҚЫҰ және халықаралық ұйымнан жасақталған байқаушылар да келіп, сайлау учаскесіндегі жағдаймен танысып жатыр. Таңертеңгілік жұрт өте көп келді. Түстен кейін саябырсыды. Бізді сайлауға жастардың мол келгені сүйсіндіруде. Олар ел ертеңіне алаңдайтынын осындай белсенділігімен байқатып жатыр. Меруерт АМАНЖОЛОВА, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өңірлік орталығының мүшесі. Оңтүстік Қазақстан облысы.