21 Наурыз, 2016

Ешқандай ескерту жоқ

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ЖалаириАлматыда барлығы 532 байқаушы сайлау науқанының лайықты өтуі үшін атсалысты. Жауапты науқанға бірнеше семинар-тренингтен дәріс алып, Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Сайлау туралы» Заңды қайталай жадына салып, байқаушының міндеті мен қызметін тиянақтаған бұл топтың Алматыдағы жетекшісі, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия төрағасының орынбасары, Президент жанындағы құқықтық саясат кеңесінің мүшесі, профессор Өмірәлі ЖАЛАИРИДІ әңгімеге тарттық. – Өмірәлі Шакарапұлы, талай сайлауды бастан өткерген білікті заңгер ретінде айтыңызшы, бұл сайлаудың ерекшелігі неде? – Ерекшелік деп айтуға болмайтын да шығар. Барлық сайлау науқанының бағыты мен қызметі бір. Бүгінгі сайлаудың бір ғана артықшылығы – Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлау қатар жүргізіліп жатқандығында ғана. – Байқаушылар дайындығына көңіліңіз толады ғой? – Әрине толады. Байқаушыларға біздің академияның танымал профессорлары мен оқытушылар құрамы сабақ берді. Менің өз басым былтырғы Президент сайлауында да аумақтық осы комиссияның төрағасы болғанмын. Сайлауға байқаушыларды қамтамасыз етуден тәжірибеміз баршылық. Сол тәжірибемен бөлістім. – Елімізде өтетін әрбір сайлау науқанының алғы шебінде жүретін «Заңгерлер әділ сайлау үшін!» республикалық қоғамның қызметі туралы не айтар едіңіз? – Иә, дұрыс байқағансыз, Алматыда 2005 жылы құрылған «Заңгерлер әділ қоғам үшін!» қоғамына да мен төрағалық етемін. Бұл қоғам бүгін республикалық комиссиямен үзеңгі қағыстырып қатар келеді, қатар тұрып қауырт жұмыс істеп жатыр. – Байқаушылар жұмысына азамат, заңгер ретінде өзіңіздің көңіліңіз тола ма? – Әрине, толады. Науқанға Алма­тыдағы барлық жоғары оқу орындары атсалысты. Барлығы да білікті заңгерлер, техникалық-гуманитарлық саланың білгір мамандары. Мәдениет те, тәртіп те, тәжірибе де бар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.