21 Наурыз, 2016

Ел болашағы үшін маңызы зор

405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
BAR_8725-5Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын қадағалауға бір мыңға жуық халықаралық байқаушы тіркелсе, олардың бір легі Қызылжар өңірінде жүр. Біз Ресейдің Түмен облысы сайлау комиссиясының төрағасы Игорь ХАЛИНДЫ С.Мұқанов атындағы әмбебап кітапханада орналасқан №635 сайлау учаскесінде жолықтырып, өтіп жатқан сая­си науқан барысы жайлы ой бөліскен едік. – Игорь Николаевич, Қазақ­стандағы сайлау науқандарына ресейліктер үнемі үлкен қы­зығушылық танытады. Оның сыры неде деп ойлайсыз? – Еске сала кетейін, былтыр Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын қадаға­лауға Түмен жағынан жиырмадан астам байқаушы келіп, дайындық жұмыстарына, дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсіміне жоғары баға берген болатын. Ешқандай заңбұзушылықтардың орын алмағанын тіркеген. Бұл жолы да осы үрдістен ауытқымағанына, барған сайын демократиялық құндылықтардың орныға түскеніне анық көз жеткізіп отырмыз. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы сайлау органдары арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықтан ұтарымыз көп. Осында келер алдында сайлауға әзірлік жүргізу туралы ақпараттармен таныстым. Бәсекелі додада бағын сынауды ұйғарған барлық партияларға тең құқықтар мен мүмкіндіктердің берілуі, ақпараттық үгіт-насихат шаралары шеңберінде бірдей қолжетімділіктің болуы түрлі саяси ұйымдар арасында өзара түсіністікке, бірлікке, ортақ мақсат жолындағы күш-жігерді бір арнаға толықтыруға жол ашатыны, ауқымды реформалар мен бағдарламаларды іске асыруға жетелері сөзсіз. Бұл жағынан Қазақстаннан үйренеріміз көп. Мен 2004 жылдан бері саяси науқандарды қадағалауға үзбей қатысып келемін. Тәжірибемнен анық білетінім, жыл өткен сайын сіздерде сайлау жүйесі жетілдіріліп, заңнама аясында өтіп келеді. Сайлаушылардың белсенділігі де аса жоғары. Әсіресе, мұндай қасиеттерді жас­тар арасынан жиі кездестіруге болады. Демократиялық үрдістерді дамытып, қалыптастыру жағынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы арасында алға шығатындарыңыз талас тудырмайды. – Оған жергілікті жерлерден нақты мысалдар келтіре аласыз ба? – Әрине. Облыс орталығы мен аудандардағы сайлау учаскелеріне атбасын тірегенімізде сайлауға әзірліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлаушылар қарасының молдығын, оларды өз Отанының болашағы, өскін ұрпақтың ертеңгі өмірі бейжай қалдырмайтынын аңғарғанымды атап өткім келеді. Түске дейін 17 сайлау учаскесіне барып, үлкенмен де, кішімен де емен-жарқын тілдестік. Қай-қайсысының болсын көңіл-күйі ерекше. Мәселен, Петропавл қаласындағы теміржол колледжінде орналасқан № 705 сайлау учаскесінде таңғы сағат 10-ға дейін барлық сайлаушылардың үштен бірі өз таңдауларын жасап үлгіргеніне куә болдық. Кабиналар жеткілікті. Кезекте іркіліс жоқ. Біздің миссиямызда алға қойған ұстаным– кемшілік-олқы­лықтарды термелеу емес, керісінше, сайлауды ұйымдастыру жұмыстарын жіті бақылау, үлгі алар жаңалықтар мен бас­тамаларды бойымызға сіңіру, ойға тоқу, тәжірибеге айналдыру. Осы тұрғыдан баға беретін болсақ, Парламент Мәжілісі мен облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттар сайлауы әділетті, халықаралық талаптарға сәйкес өтіп жатты деп батыл айта аламын. Ең бастысы, Қазақстанда әлеуметтік ахуал, экономикалық өсім орнықты. Мұның бәрі адам­дардың көңіл-күйі мен өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бүгінгідей қайшылықты, күрделі геосаяси жағдайда ел тұтастығы үшін таңдау жасаудың маңызы зор.  Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».  Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Соңғы жаңалықтар

Құрметке лайық жандар

Қоғам • Бүгін, 08:50

Сезім суреттері

Көрме • Бүгін, 08:40

Шерағаң шаңырағындағы кеш

Тағзым • Бүгін, 08:35

Жарыстар күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:30