21 Наурыз, 2016

Қазақстан – ортақ үйіміз!

451 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC_0040-2Тәуелсіздіктің 25 жылдығын ту етіп, шалғайдағы елді мекендерді бір айдан астам жүріп өткен «Мәңгілік Ел» пойызы наурыздың 18-і күні Алматының 2-ші теміржол бекетіне келіп тоқтағанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» әлеуметтік бастамасы жаршыларының қатарындағы ең үздік дәрігерлерден жасақталған топ пойыздан түсе салысымен Алматының Алғабас шағын ауданында орналасқан №29 емханаға жол тартты. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов еліміздің медицина саласының ең үздік дәрігерлерін қарсы алып, олардың жұмысына сәттілік тіледі. Әріптестерімізді «Мәңгілік Ел» пойызымен үлкен қайырымдылық шарасын атқарып келген қызметімен құттықтаймыз, деді шаһардың бас дәрігері. Денсаулық сақтау басқармасы қалаға Алматы облысынан жаңадан қосылған аудан­дарда мекендейтін тұрғын­дардың денсаулығын әрдайым назарда ұстайды. Біз бұл жолы кәсіби мамандар үшін Алғабас шағын ауданындағы былтыр пайдалануға берілген №29 емхананы арнайы таңдадық. Бүгін біздің тұрғындарға әлеуметтік пойыздың мамандары мен қаланың өзге медициналық ұйымдары және республикалық ғылыми-зерттеу институттары, Ұлттық орталықтардың тәжірибелі мамандары медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлеріміз 9-10 шақты емхананың науқастарына алдын ала зерттеу жүргізіп, олар білікті кәсіби мамандардан кеңес алуға келді. Осылайша, «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының дәрігерлерінен 70-тен астам алматылық медициналық кеңес алды. Әсіресе, кардиолог, офтальмолог, эндокринолог және нефролог қызметіне жүгінгендер көп болды. – Бұл игі шара Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен елімізге енгізілген жоғары технологиялық мамандандырылған медициналық көмектерді тек үлкен қалаларда ғана емес, шоғырланған шалғай елді мекендердегі қазақстандықтарға қолжетімділігін арттыру мақсатында жүргізілді, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің стационарлық көмекті ұйымдастыру басқармасының басшысы Н.Қыдырбаев. – Шара барысында мамандар көмек сұрап келген науқастардың барлығын көріп, олардың арасынан жедел медициналық көмекті қажет ететін 400-ден астам науқасқа Астана және Алматыдағы ғылыми орталықтарында емделуге жолдама берді. Бұл істе әрі қарай бекітілген дәрігерлер науқастарға жолдама беруді жалғастырады. Сөйтіп, олар жоғары мамандандырылған ғылыми орталықтарда емделуге мүмкіндік алмақ. 2011-2015 жылдары «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің денсаулық сақтау нысандарына көптеген технологиялар келді. Бұдан 10-11 жыл бұрын жүрек трансплантациясы сирек болса, осындай бағдарламалар мен мемлекеттік саясаттың арқасында біз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Бүгінде барлық облыс орталықтарында жүрек, бауыр, бүйрекке операция жасалады. Бұл «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының қисынды жалғасы болып табылады. Алдыңғы бағдарламада жоғары технологиялар енгізілсе, келесі бағдарлама сақтандыру медицинасы, алғашқы медициналық көмекті дамыту, аурудың алдын алуға баулу, әркімнің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.