Баяғыда бір кедейдің қызы шешесінен көрші ауылда өтетін Наурыз тойына баруға рұқсат сұраса: «Байғұс-ау, менде не тұр дейсің, «барғызбасың барғызбас» десе керек. Қыз сөздің астарына түсінбей дал болады. Ертесіне ауыл сыртына шықса бірі құндыз, бірі оқалы кәмшат бөрік, бірі бүрмелі қосетек көйлекке зер жүгіртіп кестелеген қынама бел мақпал камзол киіп, аяқтарына бес тақалы былғары етік, шашбау, шолпылары сыңғырлап, құлақтарына айсырға, үзбелі, сабақты сырға, саусақтарына құстұмсық, неше түрлі көздің жауын алатын асыл тасты сақиналар тағып, жорға мініп, торқаға малынып шыға келген бай үйінің қыздарын көргенде әлгі қыз қатты қорынып, отыра кетіпті...
Сол айтпақшы, еліміз Тәуелсіздігін алып, оң-солымызды бағамдап, жоғалтқанымызды түгендеуге кіріскен алғашқы жылдары сағынышпен оралған Наурыз салтанатына біразымыздың «барғызбасымыздың барғызбағаны» хақ. Өйткені, ел экономикасы тығырыққа тірелді. Ол кезде Қазақстанда жалғыз ұлттық киімдер мен бұйымдар өндіріп келген «Тұскиіз» фабрикасы шатқаяқтап, тағдыры қыл үстінде тұрды. Міне, сондай қиын уақытта үлкен өндіріс орнына басшылық жасауды Сәуле Сламқызына тапсыруы кездейсоқ емес еді. Бұған дейін Қазақстан театр қоғамының өндіріс комбинатында ұзақ жылдар қызмет жасап, республиканың түкпір-түкпіріндегі ауыл, қала, облыстардағы өнер адамдарына, сахна актерлеріне ұлттық киім тіккен шеберге, сонда жүріп ұлттығымызды мерейлендірудің бірден бір жолы – ұлттық киімдерімізді сақтап, қалыптастыруда және оны кеңінен насихаттауда өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің шәкірті болған жаңа басшыға осындай өлара шақта тізгінді алу оңайға түспеді. Өйткені, ол фабрикаға келген кезде шикізат бітіп, мойнындағы қарызын өтей алмай, өндіріс тоқтап тұрды. Қайткенде де өндірісті іске қосып, жұмысшыларды жұмыспен қамтып, әрі сан саққа кеткен киім үлгілерін қалыпқа келтіруді, бұрын киімнің үш-төрт түрін ғана шығарса, енді ұлттық тігін өнеріне қатысты барлық бұйымдарды шығаруды жолға қоймақ. Мұның бәрі «Тұскиіздің» жұмысшылары үшін жаңа нәрсе болғандықтан, әрбір жаңа тапсырыстың қасында басшының өзі жүріп, тетігін ойлап, жобасын көрсетіп, үйретіп, қадағалап отыруға тура келді. Басқа қиындықтарды айтпағанда, сол жылдары 9 мың шаршы метр ғимаратта бар-жоғы 60-70 жұмысшы ғана қалды. Ашылғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген, жартысынан көп алаңы бос тұрған соншама үлкен ғимаратты ұстап тұру оңайға түспейді. Жылуды өшіріп, тек жұмыс істейтін цехтарда электр пешін қосып, қыстың көзі қырауда қиындықтан шығуға тырысады. От жағылмаған соң, қабырғалары көгеріп, жазды күні іші базданып кететін. Әрі жиырма жылдан бері ескірген құрал-жабдықтармен сапалы киім тігуге тырысады. Сондай қиын жағдайға қарамастан жылына 150-200-дей модель шығарып, «Тұскиіздің» сол баяғы бақуатты «Тұскиіз» екенін халыққа танытады. Осылайша, Сәуле Сламқызы, ең бастысы, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігімен, оған қоса табандылығымен, іскерлігімен, жанкештілігімен «Тұскиізді» қиын кезеңде 11 жыл басқарып, өндірісті сақтап қалады. Ол еңбектері еленбей қалған жоқ. «Құрмет» грамоталарымен, Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.
Рас, ол уақыттарда да, одан кейінгі жылдарда да ұлттық киімге деген көзқарас біржақты болды. «Шапанизация», «оборотқа түспеген шапан» деп өзімізді өзіміз келеке етуге дейін бардық. Сол кезде ғой, көрнекті жазушы ағамыз Мархабат Байғұтов «Жаһандану мен шапандану» деген мақаласында өз шапанымызды мазақ етпейік деп, қаттырақ жөнге шақырып та, шымбайға батырып та айтты.
– Егемендігімізді алып, еркіндік берілгеннен кейін дәстүрімізді жаңғыртуды халық наурыз өткізуден, ұлттық киім киюден бастады, – деп еске алады сол күндерді Сәуле Сламқызы. – Ол бір мереке, той болды. Қолымыз жетті ме, жетпеді ме деп, үстімізге шапан, камзол кигенімізге қуандық. Текеметке салатын ою-өрнек шапанда да, камзолда да, аяқ киімге салған ою бас киімде де жүрді. Қазір әлеуметтік жағдайымыз жақсарды. Бірте-бірте халықтың ұлттық өнерге деген сана-сезімі, түсінігі, көзқарасы өзгеріп, сапалы киімді іздей бастады. Кисе жақсысын кигісі келді. Өйткені, халық сапасыз киімнен шаршады. Ал, нарықтық заманда мұны бизнеске айналдырып, сапаны түсіріп алдық та, жөнге салуымыз қиынға түсті. Қасиетіңнен айналайын қазақтың қара шапаны талай кәсіпкердің бағын ашып, табыс көзіне айналды. Құдды жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұрын қазақтың қадірлісіне кигізетін, кисе қадірі артатын ұлттық киіміміз қалай болса солай тігілетін болды. Мені «шапанизация» деген қыжыртпа сөз емес, сол шапандарды тігудегі салғырттық, жауапсыздық көп ойландырды.
...Иә, Сәуле Сламқызы халықтың бойында «е, бәрібір кимейді, жапқанда жылтырап тұрса болды» деген сыңыржақ пікір қалыптасып қалғанын ашына айтады. Ол тек таза сапалы әрі қымбат шикізатпен жұмыс істеуді мақсат тұтады.
– Бүгінде Сәуле Сламқызы «Тұскиізден» өз алдына жеке отау тігіп, бөлініп шыққан «Би-Ана» фирмасына жетекшілік жасайды. Өздерінің дүкендері бар. Егер бара қалсаңыз, құдды қазақтың ұлттық киімдерінің галареясы дерсіз. Қасқыр ішіктен бастап, неше алуан ерлер мен әйелдерге арналған ұлттық киімдер көздің жауын алады. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес, тек көзбен көру керек. Бір ғана мысал. Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі ұжымының сахналық киімі, ҚМДБ-ның тапсырысымен имамдарымыз киіп жүрген шапандар осы кісінің қолынан шыққан. Мұнда жалпы ісмерлік өнеріне қатысты ұлттық үрдістің бәрі қамтылған. Өйткені, қазақтың кәде, ырымға толы дәстүрлері өте көп: келін түсіру, қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, қоржын,т.б. дегендей соған қажетті нәрсенің бәрі бар.
– «Би-Ананың» да басты мақсаты – сапа. Мәселен, Орталық мұражайдан өрнегі де, өңі де сақталып, бүгінгі күнге жеткен тарихи киімдерді көресіз. Өйткені, оларда сапа болған. Яғни, сапалы зат ешқашан ескірмейді, тозбайды, өз құнын жоғалтпайды. Ал, бүгінгідей компьютердің, ғылымның, өндірістің оза дамыған, алыс-беріс, қарым-қатынастың күннен күнге артып отырған заманында біздер одан да сапалы бұйым шығаруымыз керек емес пе?! Бұрынғыдай шикізат қат емес, матаның қай түрі керек: қымбаты, арзаны, тек сапалысын таңдаңыз. Сондықтан, нарықтың заңына сәйкес бәсекеге түсіп, бүгінде бәріміз сапалы әрі тарихи дүние жасап жүрміз деп айта алмаймыз. Бұл пікірім қызғаныштан емес, ұлттық өнерге деген жанашырлықтан деп біліңіз, – дейді ақылына парасаты сай, ұстамы берік, бекзат болмысты Сәуле апайымыз.
...Иә, бар өмірін қазақтың өнеріне арнап, бар ынта-жігерімен, күш-қуатымен ұлтқа, халыққа қызмет жасап, содан ләззат алатын Сәуле Сламқызы, міне, осындай жан.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».