22 Наурыз, 2016

Өлшем деңгейі жоғары

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Нұрлан Ерімбетов Қазақстан Республикасында сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Онда қоғамдық комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов сайлау науқанының аяқталуына байланысты, сондай-ақ, сайлау кезінде байқаушылардың атқарған жұмысы жөнінде айтты. Сайлаудың қадағалау жұмысы тиянақты жүргізілгеніне тоқталған комиссия төрағасы, науқан барысында өрескел заң бұзушылықтар орын алмағанын көлденең тартты. «Байқаушылардың сайлау үдерісін еркін бақылауына ырық берілді. Олар, тіпті, күдік-күмән келтіретін келеңсіздіктерді суретке немесе видеоға түсіріп алуына да жол ашылды. Сондықтан, билік тарапынан, болмаса қандай да партия тарапынан бірде-бір қысым немесе басқалай әрекет жасалған жоқ. Біздің байқаушыларымызбен қатар, партиялар мен түрлі ұйымдардың өкілдері де үдерісті толық көзден кешіріп тұрды деуге болады. Соның нәтижесі болар, сайлау ың-шыңсыз, бірқалыпты өтті», деді саясаткер. – Біздің штаб сайлау алдында­ғы бір айда тынымсыз жұмыс істеді. Сайлау күні тәулік бойы дамылсыз қызмет еттік. Барлық байқаушыларымызбен үнемі үзіліссіз байланыста болдық. Бәрінен алынған мәліметтерге қарағанда, сайлау жақсы өтті. Негізі сайлауға дейінгі бір айда біздің штабқа 4 хат келіп түсті. Онда декларацияны дұрыс толтырмады, уақтылы тіркемеді деген сияқты мәселелер туындаған. Біз олардың дер кезінде шешілуіне атсалыстық. Осы орында айтарым, комиссияның басты міндеті байқаушыларды сауатты дайындау болатын. Бұл жұмысымыз тиянақты жүргізілгендіктен, өз жемісін берді ғой деп ойлаймын. Себебі, білімді жастардың осы саяси үдеріске деген ынтасы зор болды. Олар сайлауды сырттай бақылап қана қоймай, ішіне кіріп қызмет етуге ынта танытты. Бұл іс оларға тәжірибе жинақтауға және алдағы қызмет баспалдағына демеу болатын көрінеді. Сондықтан, сайлауға байқаушы болғысы келгендердің қарасы көп еді. Нәтижесінде, бізге жақсы таңдау жасап, білімді әрі білікті жастарды іріктеп алуымызға мүмкіндік туды, – деді комиссия төрағасы. Сайлау қарсаңында аталған қоғамдық комиссия сайлауға қатысты буклеттер мен видео­роликтер жасап, электоратқа сайлау құқығын түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Сондай-ақ, партиялардың басшыларымен кездесіп, туындаған кез келген мәселені шешуге қолұшын соза алатындарын айтыпты. «Мен өзім барлық партиялардың лидерлерімен кездесіп, ашық әңгіме құрдым. Ел ішіндегі ұсақ-түйек түсініспеушіліктер мен әттегенайларды халықаралық ұйымдардың байқаушыларынсыз-ақ өзіміз шеше алатынымызды ұқтырдым. Сөйтіп, олардың арыз-шағымын тиісті орындарға жеткізіп, одан жақсы қорытынды шығаруға ықпал ете алатынымызды ашық айттым», деді Н.Ерімбетов. Шара барысында комиссия төрағасы жұмысын тиянақты ат­қарған байқаушыларға өз алғы­сын айтуды да ұмытпады. «Бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестеріме алғысымды айтамын. Сайлау өтті, енді саяси бағаны еліміз, қоғам беретін болады. Дегенмен де, біз өзіміз­дің жұмысымызды абыроймен атқардық. Біз үшін бұл маңыз­ды», деген Н.Ерімбетов, бүгінде елдің патриоттары болып санала­тын адамдардың қатары қалып­тасып болғанын және олар өз іс­теріне өте адал екенін атап өтті. Соның нәтижесінде, сайлау жақ­сы ұйымдастырылып, жоғары дең­гей­де өткенін көлденең тартты. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».