24 Наурыз, 2016

Нартұлға

451 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әбіш КекілбайЖолданбай қалған хаттар Соңғы жиырма жылда Әбіш ағаға хат жазуды және оны жолдамай сақтап қоюды дағдыма ай­­нал­дырыппын. Неге екенін қай­­­­дам? Әлде өзім ұстаз тұтқан ұлы тұлғаның уақытын аядым, әл­де алуан ұғым аспа-түспе қай­шы­ласқан заманда алаң көңіл қыл­ғым келмеді. Алғашқы хатымды: «Буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында Сіздің болғ­а­ныңыз қандай жақсы», деп бастаппын, кешегі 90-жылдардың орта тұ­сында. «Біздің елге капитализм кеп киліккенде бір күнде бай өсіп шығып жатты. Көктің бір төлі жаң­быр қаншама төксе де шөп те солай өспейтін шығар. Содан кеп қызуы басылмайтын, қызығын қашырмайтын бизнес бел алды. Жөн-ақ. Қоғамның қалауы сол. Тап сол сәттен бастап чиновник – депутат – бизнесмен одақтасты. Тап сол сәттен бастап мемлекет қа­зынасынан қарауыл кетті. Әлгі стол баққандар ғұмыры тоймайтын кең көмей, құл қарынға айналды. Ауызда ерік бар ма, арғы жағында аңырап құлқын тұрса. Осы ортадан бара-бара криминалды топ өсіп шықты. Байлықтың балалық ауруы бұл қазақты әбден меңдеп тұр. Диагноз осы. Емі жоқ. Тіпті, есі бар-ау, деген азаматтардың өзінің айтар әңгімесі ақша, коттедж, джип, шетелдік вилла, тоқал тойынан аспай қалды. Егемендік алдық. Мемлекетімізді қалыптастырдық. Ал, бізде мемлекетшіл тұлғалар неге жоқ?! Болса некен-саяқ». Тағы бір хат: «Аға, кешірерсіз, Сізге өзім куә болған бір оқиғаны баян­дайын. Көрші Қилекеш аға­ның күшігінен байланған бір иті болды. Атын ұмыттым. Төбет болғанша шынжыр мен итаяқтан басқаны білмеді. Бір күні балалары аяп босатып жіберген екен. Көшеге шықты да машинаның астына түсіп өлді. Өйткені, ол ер­кіндік дегенді білмей өскен... Демократия да қазаққа осылай аяқ астынан келді ғой. Қаң­ғалақтап жүргенде барымыздан айы­рылып, болмаса тапталып қалып жүрмейміз бе?!» Келесі хат: «Түркістандағы тай­­қазанды кезінде мемлекеттік мәселе қып көтеріп алдырттыңыз. Кәнігі орнына қойғыздыңыз. Бі­рақ «Эрмитаж» қақпағын бермей қалды. Не үшін? Ол жағын білмеймін. Білетінім – қақпағы жоқ қазанға үңілетін сұқ көздер көп. Содан да шығар, біздің мем­ле­кетіміздің қазынасының да қақ­пағы ашық тұр. Ебін тапқандар шөмішпен, кейбіреулер кішкентай-кішкентай қалайы қасықпен тасып әкетіп жатыр. Иә, бізде бәрі де бар, бізде бәрі де жоқ! Осы тайқазанның қақпағын шеберлерге өзім құйдыртсам қалай қарайсыз? Сонда ырысымыз шашылмас па екен?» Тағы бір арзу жолданбай қа­лыпты: «Әбіш аға, «Аңыздың ақыры» романыңызда «Мекер төсегін сатты, нөкер көсемін сатты» деп жазып едіңіз. Сатпаған, сатылмаған не қалды біздің қо­ғамда?! Біреудің жыртығын, бі­реудің тыртығын түгендеймін деп жүріп қажыдыңыз. Бұл қа­зақтың енді сізге өкпесі жоқ. Одан да «Үркер» мен «Елең-алаң­­­ның» соңғы үшінші кітабын жаз­саңызшы. Көптен көкейіңізді тес­кен осы замани тақырыптағы үш кітапқа қашан отырмақсыз?» Және бір хат: «Көйлегім емес, көңілім тозды, аға. Құдайға жан қарызым бар. Сұраса – берем. Ал, өмір сүруге зауқым жоқ. Тіпті, сол құрғырдың мән-мағынасын таба алмай қойдым. Бүгін, ертең деп өз-өзімді алдаймын. Шетелге кетіп қалар ем, Абай ағам айтқандай, туған жер, өлген мола жібермейді. Әрі онда «келің», «келің» деп отырған нағашым жоқ. Қара басым сыяр, қара орманымды қайтемін? Сізге жарқын, жаңа дауыспен хат жаза алмай-ақ қойдым. Мұңымды, сырымды сізден басқа кімге айтамын? Адам аз, кісі көп...» Соңғы хаттың бірі: «Бүгін Сізді теледидар әдеттегідей ақыл мен уайым жүзіңізде ұйып тұрды. Жас кезіңізде төбеңізге қалпақ қондырмайтын бұйра шашыңыз... Қар жауып, аспан жақ гүлдей бастады ғой. Аға, асықсаңызшы!» Әбіш ағаға жолданбай қалған хат­тардың бес-алтауының жа­рық­қа шығуына менің досым, ақын, журналист, қайраткер Жұ­­мабек Мұқанның әсері зор болды. Анығында, оның Әбіш Ке­кілбаевтай абыздың кезекті кә­десіне арнап жазған «Жүз күндік жалғыздық» атты эссесі. Жұмабек Әбіш ағаға рухани жақын, жаны еріп сырласар інісі боп өсті. Көп сырды құлағына қорғасын ғып құя беріпті. Абыздың әр алуан көңіл күй үстінде айтқан әңгімелері қаламына тірі сөйлем боп ілініпті. Жанды сурет боп жұғыпты. Аяулы тұлғадан абзал көңілін аямаған авторға мың сан алғыс! Бұл жи­нақты болашақта жазылар үлкен естелік, есті кітаптың беташары деп білейік. Бұл – жоқтау! Бұл – мінәжат! Бар қазақтың атынан! Бұл – тағзым! Алаш жұртының атынан! Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург.