Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5573-әскери бөлімінің мәдени орталығында Ұлы Отан соғысындағы ұмытылмас ерлікті ұлықтауға арналған ұлағатты іс-шара өтті.
Ел басына екіталай күн туғанда қолына қару алып, Отанын қорғаған майдангерлер, тылда тыным таппаған еңбек ардагерлері, бүгінде азаматтық борышын өтеп жүрген өрімдей сарбаздар, сондай-ақ, мектеп оқушылары Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бізге даңқ пен тағзым мұраға қалған!» акциясы аясында Президент телеардио кешені түсірген «Отан үшін отқа түскендер» және «Жеңісті жақындатқандар» атты деректі фильмдерді тамашалады.
Аспан асты, жер үстінде адамзат жаралғалы бұрын-соңды болып көрмеген бұл қан-қасап қырғында ежелден ер туған қазақтар қаһармандықтың небір қайталанбас үлгісін көрсеткені белгілі. Соның нәтижесінде 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды.
Аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова секілді ұлтымыздың маңдайға басып, мақтан тұтар ұл-қыздары туралы тағылымды сыр шертер тарихи таспаларды көргенде көзімізге еріксіз жас келгенін жасырмаймыз. Әсіресе, Сталинград сойқанында, Харьков түбінде, Ржев – Вязьмадағы «ажал аймағында» қыршындарынан қиылған қандастарымыздың аянышты тағдыры айтылған тұстарда қабырғаң қайыса қамықпау мүмкін емес. Ең сорақысы сол, Ржев түбіндегі сұрапыл ұрыстардан тірі қалған солдаттардың аузына қақпақ қойылып, ақиқатты айтуға тыйым салынған көрінеді. Ақмолада жасақталып, атар мылтықтың аздығынан жауға жалаң қылышпен шапқан атты әскер дивизиясының бақайшағына дейін қаруланған фашист басқыншыларына шыдас бере алмай, шыбындай қырылғаны аздай, олар жайында шындықтың беті күні кешеге дейін бүркемеленіп келгенін қайтерсің. Ерлікпен қаза тапқан боздақтардың отбасына жіберілген «қара қағазда» бұрмаланған мәлімет берілді. Аңыраған аналар мен жылаған жесірлер арыстарын амалсыз із-түзсіз кеткендердің қатарына қосып, «кебенек киген келеді» деген ақталмас үмітке алданумен ана дүниеге аттанды.
Көрермен көзайымына айналған кинотуындыларда халқымыздың Бауыржан, Қасым, Рақымжан сынды тұлпар мініп, ту ұстаған тұлғаларының кезінде бағаланбаған батырлығы, еленбеген ерлігі байыбына бара баяндалады. Бір айта кетерлігі, Берлиндегі сәтімен аяқталған бір әскери операция үшін бәріміз білетін Сағадат Нұрмағамбетов екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Бірақ, кеңестік армияның кеудемсоқ командирлері мұндай жоғары мәртебені қаракөз жігітке қимаған сыңайлы.
Қазақтың көрген қиянаты жалғыз бұлар ғана емес. Айтып тауыса алмайсың, бәрін санамалай берсең. Егемен елміз ғой, өткен өкініштердің есесі енді толар.
Алқалы жиынның аяғында бұған дейін Ресейде, Украинада Қазақстанның елшісі болып тұрғанында игі идеяларымен осынау фильмдердің тууына тікелей себепкер болған қазіргі «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков салмақты сөз сабақтап, Елбасының төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеу бағытындағы игі бастамаларын жүзеге асыру мақсатында білек сыбана жұмысқа кіріскенін алға тарта отырып, Ресейдің Подольск қаласындағы атақты әскери архивті ақтару барысында өздерінің өте құнды деректер мен дәйектерге қол жеткізгендерін, оның бірсыпырасы мына киноларда көрініс тапқанын атап өтті. Бұл ретте елшілік қызметкерлерінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтар ерлігін есте қалдыруға қомақты үлес қосқандарына қысқаша тоқталып, жалынды жылдар оқиғаларын қайта жаңғырту арқасында қазіргі жастарымызды аға ұрпақ даңқына сай тәрбиелеуге мүмкіндік туатынын жеткізді.
Ал Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов мұндай маңызды акцияның кейінгі толқын өкілдерін, оның ішінде Отан алдындағы парызын атқарушы бозбалалардың бойындағы патриоттық сезімді барынша ұштауға қызмет ететініне екпін түсіріп, шапағаты мол шараға қатысушыларға риясыз ризашылығын білдірді.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан».