Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ боксының қаракөк аспанында бір жұлдыз жарқырады. Ол – жауынгер спорттың жанкүйерлері есімін жаттап өскен Кеңес Омаров еді. Сайыпқыран спортшының өмір жолына қарағанда өзгеден өтіп тұрған ешнәрсе байқалмайды.
Ол 1936 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген. Әкесі Омар жылқышы болса, анасы Әнипа үй шаруашылығындағы жан. Орталау мектепті Аманөткелде, ал орта мектепті 1954 жылы Бөгенде бітірген оны бойындағы бұлқынған бұла күш, құдай берген талап Орта Азияның үлкен орталығы – Ташкент қаласынан бір-ақ шығарды. Ата-ананың ақ батасымен талап тұлпарының жалынан ұстаған ол Ташкент жер суландыру техникумына оқуға түсті. Техникум қабырғасында жүріп бокс өнеріне біржола ден қойды. Сонау жер түбіндегі Аманөткелден келген ауыл баласының осы кезеңнен талабы өрлеп жүре берді. Секцияның белгілі бапкері Трофим Хұснуддиновтің бастауымен қияға қанат қағып, спорт әлемінің көгінде оның жұлдызы жанды. Келер 1955 жылы-ақ Өзбекстан чемпионатында алтын алқаны мойынға ілді. Тәсіл-техниканы жетік меңгерген жігерлі де қайсар Кенекең өзбек елінің қатарынан төрт мәрте чемпионы болған екен. Алғашқы жылдан-ақ республика құрама командасына мүше болған Аманөткел түлегі ала тақиялы ағайындардың құрметті адамына айналды. 1959 жылы Өзбекстан атынан КСРО халықтары спартакиадасына қатысты. Шығыстан шырқап шыққан таланттың есімі кіндік қаны тамған топырақ пен Өзбекстанға ғана мәлім еді. Қарсы тұрар тосқауыл жоқ қас жүйрік елге оралған соң да Қазақстанның бір мәрте чемпионы болды. Қос қолмен қатар жұмыс істей алатын, қауіпті қашықтықты тез байқайтын сезімтал боксшы шынында да тумысынан сайыпқыран болатын. Десек те, оқу бітірген соң спорттың бабын бұзбай сақтап тұру қиын екені белгілі. Алғашында Арал қаласындағы кәсіптік-техникалық училищелерде, кейін Қызылорда қаласындағы «Еңбек резервтері» спорт қоғамында бапкер болып, облыс спортына да елеулі еңбек сіңірді.
Кезінде Өзбекстанды дүр сілкіндірген Кеңес ағаны Шымкент химия-технология институтының ректоры Сұлтан Сүлейменов жақсы білетін еді. Ақыры ол қолқа салып, қызметке шақырды. Білікті бапкердің ел аузына ең бірінші іліккен шәкірті КСРО құрама командасының мүшесі Марат Жақсыбаев болды. Марат Одақта қола жүлде олжалап, КСРО, АҚШ және Куба арасындағы кездесулерде бірнеше дүркін жеңімпаз атанды.
Осыдан кейін-ақ шаршы алаңда Амалбек Тшанов, Иван Мистокопуло, Қайырбек Бөкенов, Юрий Краниди, Рашид Болғанбаев, өзінің үлкен ұлы Тимур Омаров секілді шәкірттері мәлім болды. Қарап отырсақ, білікті бапкер алпысқа тарта КСРО спорт шеберлерін дайындапты. Олардың көпшілігі Қазақстан және КСРО құрама командаларының сапында бүкілодақтық және халықаралық жарыстарда топ жарды.
Оңтүстік өңірде аға бапкер болған 10 жыл ішінде бокс өнерін әлемдік деңгейде дамытты. Осы жылдары төгілген тер, өнімді еңбек республика спорт тарихында алтын әріптермен жазылды. Бұл еңбек ескерусіз қалмай Кеңес Омаровқа 1968 жылы республика бокс спортына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құрметті атағы берілді.
Кеңес ағаның бапкерлік қызметі 1970 жылдан Тараз қаласында жалғасты. Оның спорттағы шырқау шыңы да осы кезең болатын. Осындағы жиырма жылдың ішінде жүздеген балғындарды бокс өнеріне баулып, талантты былғары қолғап шеберлерін шыңдады. Олардың арасында Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Қонақбаев, Рашид Кабиров, Вадим Присяжнюк, Нұрлан Көпжасаров сияқты КСРО, Еуропа, әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында әлем жанкүйерлері мен бокс майталмандары «фантастика» деп таңдай қаққан Серік Қонақбаевты Аманөткелден шыққан Кеңес Омаров тәрбиелеп шығарған дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Алайда, шындық біреу, дерек ақиқат. Бір қызығы, Серіктің алғашқы бапкері Рашид Болғанбаевты да Кеңес аға баулыса, өз тәрбиесіне көшкен Серікті ауыр бүйрек сырқатынан кейін шәкірті Юрий Цхайдың бапкерлігіне ауысуына келісім берген де өзі еді.
Ең бастысы, Серіктің әкесінің баласын өз қолымен жетелеп әкеліп Кеңес Омаровқа тапсыруы да көп жайдан хабар береді. Сол Серік әке үміті мен ұстаз тәрбиесін ақтай білді. Мәскеу Олимпиадасынан күміспен күптеліп келген Қонақбаевтың: «Әттеген-ай, ұстазым Кеңес ағаның батасын алмай кетіп едім, қол созымда тұрған алтыннан айырылып қалдым», – деп өкінгенін Кеңес ағаға жақын жүрген жандардың көпшілігі айтады бүгінде.
Ұстаз қашанда шәкіртімен ғұмырлы екені белгілі. Бір кездегі шәкірті Амалбек Тшанов Жамбыл облысының әкімі тізгінін ұстап тұрған кезінде ұстазының 60 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізіп, астына темір тұлпар мінгізсе, марқұм болғаннан кейін есімін есте қалдыру мақсатында Тараз қаласында Кеңес Омаров атындағы спорт кешенін аштырып, ұстаз еңбегін ұлықтады.
Осы мақаланы дайындау барысында Тараз топырағының түлегі, Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Дамир Буданбековпен әңгімелесудің сәті түскен болатын.
– Мен атақты Кеңес Омаровтан тәлім тердім, – деп бастады әңгімесін Дамир Бұлтбайұлы. – Ол кісі боксқа бейімі бар бозбалалардың бірде-бірін Жамбыл облысынан тысқары жібермеді. Жоғары білім аламын деген талапкерлерді қолдарынан жетектеп жүріп облыс орталығындағы үш жоғары оқу орнына түсірді. Осы білім ордаларының ректорларына тікелей кіріп, қатаң талап қойды. Сондағы мақсаты – облыс намысын қорғайтын былғары қолғап шеберлерін тәрбиелеу болатын. Жалпы, жаттықтырушыға ұйымдастырушылық қабілет аса қажет, әрі ол беделді болуы керек.
– Бұл 1969 жыл болатын, – деп әңгімесін одан әрі сабақтады Дамир. – Ол кезде 50 кило салмақта бокстасатынмын. Және осы салмақта облыс чемпионы болдым. Бірде Қазақстан біріншілігіне дайындалып жатқан кезімде жаныма келген Кеңес Омарұлы деген бапкеріміз салмағыңды 48 килоға қусаң, жастар арасында Қазақстан чемпионы боласың деп ақыл айтты. Солай болды да. Бұл 1978 жыл еді. Бұдан кейін Горький қаласында жастар арасында өткен чемпионатта топ жардым. Құрама командаға 18 жасымда қабылданып, ересектер арасында Қазақстан чемпионы атандым. «Спартак» қоғамының құрама командасы сапында Одақтың жеңімпазы болдым. КСРО Кубогы жолындағы жарыста жүлделі үшінші орынды иелендім. Осы жетістіктерімнің барлығы тікелей Кеңес ағаның басшылығымен жүзеге асты, – деп ағынан жарылды қазақ боксының ақтаңгері.
Жалпы, қарап отырсаңыз, қазақ боксында тұтас бір ұрпақты аренаға алып шыққан Кеңес Омаров екені даусыз. Мысалы, Еуропа және КСРО-ның екі дүркін чемпионы Рашид Кабиров шәкірті Юрий Цхайдың тәрбиесінде болған. Ал Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов бокс әліппесін Кеңестің шәкірті Феликс Цойда бастады. Әмірхан Төленов, Дамир Буданбеков еліміздің құрама командасын баптаған бапкерлер болды. Қазақстанның қай боксшысын айтсақ та Кеңес Омаровты айналып өткен бірі жоқ екен. Ұлы жолдың бастауы оның өз қолынан шыққан.
Өмірде тоқтау жоқ. Қазақ боксының шырқау биікке шарықтауына себепші болған Кеңес Омаровтың орны қазақ спортының тарихында ерекше еді. Бұл күнде жарық дүниеден сайыпқыран спортшы, білікті бапкер Кеңес ағаны таппайсыз. Оның фәни өмірден озғанына да он бес жылдың жүзі болыпты. Егер, тірі болғанда, ізіне ерген ізбасарлары жетпіс бес жылдық мерейтойын дүрілдетіп өткізген болар ма еді.
Алайда, Кеңес ағаның өмірде өзі жоқ болса да, оның ізінде ағайын-туғандары мен бала-шағасынан басқа тұтас бір әулет өсіп келеді. Ол – қазақ боксшылары. Айналып келгенде, Кеңес ағамыздың ұлт алдындағы ұлы қызметі ұмытылмауға тиіс, солай болады да.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ, Қызылорда қаласы.