Заңсыз тасымалдың жаңа бағыты ашылмақ
Ливияның жағалау күзеті қызметі ішінде 600-ге жуық мигрант бар Еуропаға бет алып бара жатқан үш кемені ұстаған. Бұл туралы осынау солтүстікафрикалық елдің билігі хабарлап отыр. Босқындар Триполиден 45 шақырым жердегі елдің солтүстік-батысындағы Эз-Завия қаласы маңындағы суларда ұсталған.
Африкалық бірнеше елден шыққандар болып табылатын мигранттар Еуропа құрлығына үш үрмелі қайықтармен жетуге тырысқан. Дегенмен, Триполидегі происламистік үкіметке бағынатын жағалау күзеті қызметі оларды орта жолда қолға түсірген.
Осы орайда сәуірдің алғашқы аптасынан бастап мигранттарды Италия аумағы арқылы тасымалдаудың көздестіріліп отырғанын да айта кету қажет. Заңсыз тасымалдаушылар «балкан маршруты» деп аталатын бағыт жабылғаннан кейін босқындарды Еуропаға Жерорта теңізі арқылы тасымалдаудың жаңа жолдарын ұйымдастыруды жоспарлауда. Бұл туралы өздері жүргізген тексерулер нәтижелеріне сілтеме жасай отырып, немістің Frankfurter Allgemeine Sonntagszeitung газеті хабарлаған.
Балықшылар катерлері мен шағын сауда кемелері арқылы тасымалдау түріктің Анталья курортынан, Сирия шекарасының жанындағы Мерсин қаласынан және Афинадан жүзеге асырылатын болады. Босқындар кеме халықаралық суларға жеткенге дейін трюмде жасырынып отыру жөнінде нұсқау алатын болады, деп жазады жоғарыда аталған басылым.
Кейбір тасымалдаушылар аптасына екі рейс жасауға ниеті бар екендіктерін білдірген, ал енді бір адам өз кемесіне 200-ге дейін босқынды сыйғызғысы келетінін айтқан, деп атап көрсеткен газет. Сапар 3 мыңнан 5 мың долларға дейін тұрып, Түркиядан грек аралдарына жеткізуге қарағанда едәуір қымбатқа түспек.
Дегенмен, бүгінде Еуроодақ жоспары бойынша Грекияға келгендердің Түркияға кері қайтарылатындығына байланысты босқындардың өзгедей амалдары да жоқ.
Қолға түскен босқындар саны артуда
Теңіз жағалауы Альпісіндегі француз департаментінің құқық қорғау органдары көршілес Италиядан Францияға келмек болған заңсыз мигранттарды барған сайын жиі-жиі қолға түсіруде. Бұл туралы өткен сенбі күні Италия шекарасына жақын орналасқан Ментон қаласы жандармериясының басшылығына сілтеме жасай отырып, АҒР хабарлаған.
Жандармерия атап өткендей, тек өткен тәуліктер ішінде ғана жергілікті құқық қорғаушылар шамамен 30-шақты заңсыз босқынды қолға түсірген. Олардың дені Эритрея елінен шыққандар. Одан әрі Италияға кері қайтару үшін олардың бәрі де Ментон шекаралық полициясы қызметкерлеріне тапсырылған.
Көгілдір жағалау аумағындағы Франция-Италия шекарасы Африкадан Еуропаға келетін миграциялық ағындар картасында ең бір сезімтал нүктелердің қатарына жатады. Бұл жерде шиеленіс жылдан-жылға арта түсуде. 2015 жылдың жазында мұнда келуші мигранттар санының қауырт өсіп кетуі салдарынан гуманитарлық дағдарыс пайда болған еді. Ол кезде француз билігі апта сайын Африкадан шыққан біржарым мыңға тарта заңсыз мигрантты ұстап, оларды Италияға кері қайтарып отырды. Өздеріне деген осындай қарым-қатынасқа қарсылық білдірген босқандар Франциямен шекаралас Вентимилья қаласында наразылық акциясын және аштық ұйымдастырған болатын. Жергілікті тұрғындар болса, заңсыз қоныс аударушылардың болуы жергілікті экономикаға әсер етіп, Ривьера экологиясына нұқсан келтіреді деп шағым айтқан болатын.
Ашық шекаралар ұстанымына наразылық
Өткен сенбі күні Праганың орталығындағы Вацлав алаңында Чехияның мейлінше оңшыл ұйымдарын жақтаушылардың митингісі болып өтті. Оған 200-ден астам азамат қатысқан. Олар биліктен заңсыз мигранттарға қарсы қатаң шаралар қолдануды талап етіп, республиканың іс басындағы үкіметін исламдануға қолдау көрсетіп отыр деп айыптаған.
Наразылық акциясын полиция дереу тоқтатып тастаған. Оны басты ұйымдастырушылардың бірі – «Ұлттық демократия» радикалды бірлестігінің төрағасы Адам Бартош қамауға алынған.
Үкімет Еуропа одағының Түркиямен келісіміне қолдау көрсете отырып, азаматтарды бірнеше рет алдады. Соның арқасында босқындар Еуропаға өтіп кету мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл тіпті, Үкіметтің әрекетсіздігі немесе оның қабілетсіздігінің айғағы емес. Бұл – отанды сату, ол үшін ең жоғары жаза қолданылуы тиіс, деп атап көрсеткен Адам Бартош ереуілшілер алдында сөйлеген сөзінде.
ГФР канцлері Ангела Меркельдің миграциялық саясаты көптеген еуропалық мемлекеттердің босқындарды интеграциялауға қатысты проблемаларға тап болуына байланысты қателік болып табылады. Бельгиялық саясаткер, Францияда кең танымал «Жаңа фламандтық альянс» оңшыл партиясының лидері Барт Де Вевер Шпигель журналына берген сұхбатында осындай пікір білдірген.
Ашық шекаралар саясаты – ол «дәуір қателігі», деп атап көрсеткен Де Вевер. Оның сонымен қатар Антверпен қаласының мэрі болып табылатынын да айта кету қажет.
Осы орайда АҚШ мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Хизер Хиггинботтомның Грекияға барып, жаңа мигранттарды тіркеу пунктінде болып, жас босқындармен тілдесуді жоспарлап отырғанын да айта кеткен артық емес. Бұл туралы мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі хабарлаған. Одан соң ол Женеваға барып, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары ұйымдастырған кездесуде америкалық делегацияға басшылық жасамақ. Ол кездесудің сириялық босқындарға арналатыны да белгілі болып отыр.
Австралия премьері кешірім сұраудан бас тартты
Австралия премьер-министрі Малколм Тернбулл Таяу Шығыстан келетін босқындарды қабылдау мен орналастыруда кешеуілдеуге жол берді деп оның үкіметіне бағытталған айыпты теріске шығарды. Өткен жылдың қыркүйек айында Австралия билігі жалпы саны 12 мың босқынды қабылдап, оларға тұрақты тұрғын-жай беру жөнінде міндеттеме алған болатын. Дегенмен, өткен аптада бұл елдің небәрі 29 адамды ғана қабылдағаны белгілі болып шықты.
Журналистермен әңгіме барысында Тернбулл үкімет уәдесінің осыншалық баяу орындалуын қауіпсіздік мәселесін сақтаумен байланыстырды. Біздің құқық қорғау органдарымыз бен арнайы қызметтеріміз оларды мұқият тексеруден өткізеді. Біз олардың австралиялықтар үшін ешқандай қауіп төндірмейтініне көз жеткізуге тиіспіз. Біз бұған байланысты ешқандай кешірім сұрамаймыз, премьер-министрдің ең басты міндеті ең алдымен, біздің адамдарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп атап көрсеткен ол.
Үкімет басшысы, сондай-ақ, өзі Брюссельдегі терактілерден кейін айтқан Еуропа елдері атына сыни сөздерінен бас тартпақ ниетте емес екенін де атап өткен. Еуропалық елдер үкіметтері сәтсіз немесе бей-берекет интеграциялық үдерістер салдарын сезінуде. Оларға Сирия мен Ирактан содырлар келіп жатыр. Еуропада шекаралар борпылдақ, ал барлау және құқық қорғау органдары қауіп-қатерлер ауқымының өсуін тежеуге дәрменсіз болып отыр, деп мәлімдеген Тернбулл.
Ол журналистермен болған әңгімеде өзінің Сиднейдегі сөзінің алдын ала қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілердің тексеруінен мұқият өткенін айтқан. Еуропадағы ахуал біздегіге қарағанда айтарлықтай өзгеше, деген ол. Австралияда Еуропаның көптеген елдеріне қарағанда анағұрлым табысты мультимәдениетті қоғам өмір сүреді. Бірақ кейбіреулердің оған күмәнмен қарайтын сыңайы бар сияқты, деп түйіндеген өз ойын премьер-министр.
Топтаманы дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».