Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осындай тақырыппен Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Абай және
ХХІ ғасыр» халықаралық клубының президенті, танымал жазушы-баспагер, аудармашы-драматург Роллан Сейсенбаевпен кездесу кеші және Халықаралық Абай клубы мен Роллан Сейсенбаев «RS» Баспа үйінің Жидебай баспасынан «Ақ Жайық кітапханасы» сериясымен шыққан жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының таныстырылымы болып өтті.
Кеш қонақтары әуелі орталықтың фойесінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана ұжымы жасақтаған «Дарынымен танылған тұлға» атты кітап көрмесімен танысты. Көрмеде жазушы Роллан Сейсенбаевтың шығармалары мен Халықаралық Абай клубы мен Роллан Сейсенбаев «RS» Баспа үйінен шыққан кітаптар орын теуіпті. Ерекше атап өтерлігі, Роза Исатаева басшылық ететін аталмыш кітапхана ұжымы Роллан Сейсенбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш кітапшасын арнайы шығарған екен. Бұл кішкене тартуды кеш қонағы ерекше ілтипатпен қабыл алып, өз қолтаңбасын қалдырды. Бұдан кейін облыстық тарихи өлкетану музейі кеш иесінің баспасынан «Ақ Жайық кітапханасы» сериясымен кітаптары шығып, ел алдында тұсауы кесілгелі отырған ақын-жазушылардың жеке тұтынған заттары мен құнды жәдігерлерінен дайындалған көрмемен де жиналған қауымды құлағдар етті. Музей жәдігерлерінің ішінен Жұбан Молдағалиевтің қаламсабы, Қайрат Жұмағалиевтің баспа машинкасы мен Ақұштап Бақтыгерееваның тырнақалды өлеңдері жазылған қойын дәптері жұртшылықтың ерекше қызығушылығын оятты.
Ұлыларды ұлықтап келе жатқан тұлға Роллан Шәкенұлы өз сөзінде қазақ әдебиетінің алыптары жөнінде тебірене сөз қозғап, олардың мұраларын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің, сонымен қатар таланттарды тірісінде қадірлеп, таңдаулы шығармаларын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де шығарудың маңыздылығын атап көрсетті.
– Біз ұлттық құндылықтарымызды, өз тарихымызды, «Мәңгілік Ел» атанған мемлекетімізді, әсіресе өлмейтін сөздің алтын сандығы – кітап арқылы көбірек ұлықтай алмақпыз. Кітапты шығарып қана қоймай, оқи да алуымыз керек. Ұрпақтарымыз оқи алуы керек. Сонда ғана елі үшін бәріне дайын нағыз патриоттар қалыптасады. Ал біз ең көп оқитын елден ең аз оқитын елге айналып бара жатқанымыз қынжылтады. Бұл келеңсіз үрдісті тоқтатып, жастарды кітап қазынасына қызықтыруымыз керек. Кітап оқитын жас армандауды үйренеді, санасы оянады, жүрегінде өміршең от лапылдайды, адам болуға талпынып, ізгілікке бауыр басады, елдік қасиеттерді бойына сіңіреді. Сондықтан, адамзаттың көркем ойының жауһарлары сақталған кітаптарды мұқият оқып, білімді қазақ болуға ұмтылу менің жастарға артқан аманатым болсын деп едім, – деген Роллан Шәкенұлы одан әрі сөзін Қадыр Мырза Әлінің өлең жолдарымен сабақтады.
– Көр болғыр көзге жас алмай,
Жас алмай қалар қай кісі?!
Үлкен бе едің қашаннан,
Кішкене жұрттың қайғысы?!
... Қайсарлық жасап көрсек те,
Көз жасы болмай құйылды.
Көк аспан өзі бір сәтке
Қаралы ту боп иілді...
Қадыр Мырза Әлі ағамыз ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов дүниеден өткенде сай-сүйегімізді сырқыратып осылай жырлаған болатын. Ал сол Қадыр Мырза Әлі ағамыздың өзі дүниеден өткенде осылай айта алған адам болған жоқ... Қазасына жиналған халықтың қарасы да аз болды... Мұхтар Әуезов қандай ұлы жазушы болса, кешегі өткен Әбіш Кекілбаев та сондай деңгейдегі тұлға. Сол сияқты, Қадыр Мырза Әліні біз кеңінен насихаттап, құрметтей білуге тиістіміз. Осы орайда ақын атындағы орталық киелі орынға айналуы керек. Мұндай орталық әзірге республикамызда жоқ. Сондықтан, барды қадірлеп, озық дүниелерімізді көрсете білейік. Бұл орталықта облыстық деңгейдегі емес, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Сонда ғана Қадыр ағамызды, қазақты әлем танитын, мойындайтын болады, – деді жазушы.
Одан әрі Роллан Сейсенбаев пен облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен аталмыш баспадан «Ақ Жайық кітапханасы» сериясымен жарық көрген Махамбет Өтемісұлының «Айналайын, Ақ Жайық», Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан», Қадыр Мырза Әлінің «Көкпар», Қайрат Жұмағалиевтің «Кие» және Ақұштап Бақтыгерееваның «Қайран, Қарлығаштар-ай» атты кітаптарының салтанатты түрде лентасын қиып, оны кітап иелері мен авторларының отбасына тарту етті. Сондай-ақ, «АMANAT» журналының 2014 жылдың №1 Ақ Жайық өңіріне арналған саны да көрерменге таныстырылды. Жоғарыдағы аталмыш кітаптар облыстағы мәдени ошақтардың ұжымдары мен үздік ұстаздарға, талантты жастарға да салтанатты түрде табысталды.
Кеш барысында «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген әнге айналған бір ғана өлеңімен аты аңызға айналған Қайрат Жұмағалиевтің жары София Жұмағалиева, ақын Ғайсағали Сейтақ, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин және жас ақын Галина Самойловалар сөз алып, жылы лебіздерін жеткізді, жырларын оқып, көрермен қауымды бір серпілтіп тастады.
Ақ Жайықта өткен кешке Алматыдан арнайы келген Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов Р.Сейсенбаевтың «Майдан әндері» повесінің желісі бойынша қойылған моноспектакльді бір өзі орындап шығып, көрермен қауымға айрықша әсер қалдырды.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист.
ОРАЛ.