Семейде соңғы кезде «Семнан» ЖШС-нің өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандарының айтуынша, бұл кәсіпорынның өнімдері сапалы болуымен қатар, бағасы да халыққа қолжетімді әрі тиімді. Комбинат сатып алушылардың әртүрлі таңдауларын есепке ала отырып, әр адамның өзіне қажетті өнімін сатып алуға қолайлы жағдай жасаған. «Семнанда» шығарылатын өнімдерге келсек, олар нандар, нан-бөлкелер, тоқаштар, ұн тәтті тағамдары, печеньелер, торттар. Қала дүкендерінде диета нандары мен денсаулықты түзеуге арналған нандар сериясы ерекше назар тартады. Бұл өнімдер тамақтану рационын нәтижелі үйлестіруге және ұзақ уақыт қолданғанда организмнің жалпы жағдайын жақсартуға көмектеседі.
«Семнан» ЖШС нан-тоқаш комбинаты үнемі көрмелер мен РR-акцияларға қатысып тұрады. Мәдениет, білім және спортты дамытуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды белсенді қолдау арқылы тұтынушылармен байланыс жасап, тиімді шараларды жүзеге асыруда. Компания тұтынушылармен үздіксіз байланыста болатындықтан өнімдердің құнарлығы және пайдалы қасиеттері туралы мәліметтерді жинақтап отырады. Онда тұтынушылар өздерінің ескертулері мен тілектерін айтуға мүмкіндіктері бар. Комбинатта жаңа технологиялар бөлімі жұмыс жасап, оның көмегімен барлық мүдделі жақтардың, сонымен қатар, тұтынушылардың, талаптарына жауап бере алатын жаңа нан-тоқаш өнімдері өндіріске тұрақты түрде енгізілуде.
«Семнан» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС өнімдерінің сапасы ерекше тұрақты және талапқа сай. Заманауи жабдықтармен жабдықталған технологиялық зертхана шикізат, жартылай дайын өнімдер мен дайын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қатаң бақылайды. Өндірістік, тұрмыстық және әкімшілік үй-жайларын жаңарту, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауға баса көңіл бөлінеді. Комбинаттың барлық дайын өнімдері белгіленген тәртіпте сәйкестікті растау процедурасынан жүйелі түрде өтеді. Комбинат талай рет әртүрлі конкурстарда жүлделі орындарды иелеген.
«Семнан» ЖШС-нің директоры Қайрат Жәңгірбаевтың айтуынша, олардың кәсіпорны Семейдегі дүкендерді әлеуметтік нанмен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір кәсіпорын. Жақында қала әкімдігімен 20 кәсіпорын меморандумға отырған еді. Бағаны шарықтатпау туралы меморандумға сәйкес нан бағасы да аса қымбаттамайтын болады.
– Біздің ұжым жақында Федор Достоевский мұражайында өткен «Еңбек адамы» жәрмеңкесіне қатысты, осындай шараларға жиі атсалысып тұрамыз, – дейді «Семнан» ЖШС-нің директоры Қайрат Жәңгірбаев. – Бұл шара «Еңбек күніне» арналды. Бұл күннің мағынасы адамды еңбек етуге баулу. Еңбексүйгіштікті насихаттау болып табылады. Шыны керек, біз қайырымдылық жасауды да ұмытпаймыз. «Балдәурен» балалар бақшасы, «Ана мен бала» Қызыл крест қоғамдық ұйымы, балалар үйі сияқты көптеген мекемелер біздің қамқорлығымызда. Айта кету керек, «Семнанда» зейнеткерлікке шыққан адамдар да жұмыс істейді. Біз еңбек етем деген адамды далаға тастамаймыз. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылар да біздің назарымызда.
– «Еңбек адамы» жәрмеңкесінде түрлі әшекей бұйымдар, сырғалар, сыйкәделер жасайтын қолөнер иелерімен қатар нан-макарон өнімдерін ұсынып «Семнан» ЖШС де қатысты, көрермендердің ризашылығына ие болды. Өйткені, Семей халқы негізінен «Семнан» кәсіпорнының өнімдерін тұтынады, – деді мұражайдың ғылыми ағартушылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, жәрмеңкені ұйымдастырушы Салтанат Секербаева. – «Ас атасы – нан» демекші, көрмемізде нанды қолдан пісіру, пешке салу, түрлі кондитерлік тағамдар жасау тарихы баяндалған. Мұның бәрі де еңбек адамының қолөнер жемісі екендігін ұмытпаған жөн.
– Иә, нарықтың өз заңы бар, біраз жерлерде нан бағасының өсіп жатқандығынан хабардармын, – дейді қала тұрғыны Галина Бондаренко, – бірақ, мен өзім ұнатқан тоқаштар мен батондардан осыған бола бас тартпаймын. Бағаның көтерілуіне түсіністікпен қарауға болады деп есептеймін. Өйткені, қазір кәсіпорындарға да оңай емес. Шығындары көбейген шығар. Ал «Семнан» өнімі әрқашанда жоғары бағаланады, себебі, аса қымбат емес, қолжетімді. Әрі нан-тоқаштары аса дәмді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.
Суреттерді түсірген автор.