Дана халқымыз «Жері азған елде тоқшылық болмайды, Ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды» деген екен. Онысы ынтымақты елдің ұтатынын, татулық пен бірліктің игілікке, бақуатты тіршілікке бастайтынын ұғындыруға деген ізгі ойдан туса керек. Шындығында, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық белесін енді бағындырғалы отырған елдің бүгінгі жеткен жетістігі мен биігі халықтың татулығында, ортақ мақсатқа ұмтылған ұйымшылдығында жатыр. Осы жылдар ішінде халық кемел басшысының дұрыс бағдар беріп, лайықты жол сілтейтініне нық сенімді болды. Мемлекет басшысының биыл халыққа таныстырылған Ұлт Жоспары да қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін шегелей түсетін, ұлттар мен ұлыстарды бір-біріне жақындататын, тәуелсіз елдің тұғырын бекітетін құжат.
Елбасы айқындаған бес институттық реформаны орындап, елді әлемдік дағдарыстан аз шығынмен алып шығудың жолын көрсететін, мықты елдің негізін қалайтын бұл жоспарда мемлекеттік қызметті барынша сапаландырып, заң үстемдігін қалыптастырудың реті қадам-қадам бойынша сараланған. Президенттің өзі: «Мен ел алдындағы тұрған бес ауқымды ішкі міндеттерді көріп тұрмын. Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұлан-ғайыр елміз. Сондықтан, бізге Біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірді теңдестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру; ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының барлығы біздің мемлекеттілігіміздің ХХІ ғасырдағы сын-қатерлері», – деп атап өтіп, осы ауқымды міндеттерді мінсіз атқарудың көзі ретінде заң үстемдігін қалыптастыруға ерекше мән берді.
Әрине, әуел бастан құқықтық мемлекет құруды көздегендіктен бізде күштік құрылымдардың дамуы, заңнамалар сапасы, әділ төрелікке жету жолы күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Өйткені, құқықтық мемлекет, әділетті қоғам құрмай әлеуметтің әл-ауқатын арттырып, экономиканы өркендету, қауіпсіз орта қалыптастыру мүмкін емес. Осыны қапысыз түсінген Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында заң үстемдігіне айрықша орын беріп келеді. Мысалы, биылғы жылы Қазақстан өзінің заң үстемдігі бойынша қол жеткізген нәтижесін алты сатыға жақсартып, әлем елдері арасында 65-ші орынға көтерілген. Кеше ғана егемендік алған ел үшін бұл, әрине, жаман көрсеткіш емес. Әрі бұл мемлекет дамуының дұрыстығын, құқықтық саладағы қадамымыздың айқындығын көрсетеді. Жоғарыдағы рейтинг бүкіл әлемде заңның үстемдігін дамыту бағытында жұмыс істейтін, тәуелсіз, көпсалалы «World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымы тарапынан жыл сайын әзірленеді.
Жоғарыдағы рейтинг билік институттары құзыретінің шектелуі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтарды қорғау, билік институттарының ашықтығы, заңдардың сақталуы, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі секілді сегіз көрсеткіш бойынша жасалған. Ал Ұлт Жоспары осы жетістікпен шектеліп қалмай, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың теңдессіз жүйесін құруды көздейді. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы ел экономикасының дамуы отандық кәсіпкерлерді қолдауға тікелей байланысты екенін айтумен келеді. Шағын және орта кәсіп иелерінің аяғынан нық тұрып, өз жұмысын жандандыруы үшін қазір мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Мұндай ортақ іске еліміздің прокуратура органдары да үн қосып отыр. Қадағалау органының қарымды жұмысының арқасында заңсыз тексерістерге жол берген қызметкерлер жауапқа тартылған. Бас прокуратура кәсіпкерлердің құқығын қорғау жобасын да әзірлеген болатын. Бұл жоба үш бағытта жүргізіледі. Оның негізгі бағыты заңсыз тексерістерді болдырмау мақсатында әрбір облыс, қала, аудан прокуратураларының жанынан мобильді топтар құруды мақсат етеді. Ал 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бизнес тірегі» бағдарламасы бойынша кез келген кәсіпкер «115» телефон нөміріне қоңырау шалып, тексерудің заңдылығы туралы ақпарат ала алады. Бұл отандық бизнестің өркендеуіне ықпал етуде.
Елбасы ұсынған Ұлт Жоспарында бұл мәселелер әрі қарай тереңдей түскен. «100 нақты қадамда» заң үстемдігіне арнайы бөлім беріліп, сот, прокуратура, ішкі істер секілді құқықтық сала тармақтарының жұмысын оңтайландыруға, мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге маңыз берілген. Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды көздеген Қазақстанның алдағы жұмыстарды жүйелеу үшін мұндай іргелі жоспар жасауы түсінікті де. Өйткені, алға үлкен мақсат қоймай биік нәтижеге жетудің мүмкін еместігі белгілі.
Ұлт Жоспарына сай, қазақстандық құқық жүйесінде іргелі өзгерістер орын алмақ. Биылдан бастап сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыруға, судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктерін қатайтуға, судьялардың есеп беру тәртібін күшейтуге, Алқабилер сотының қолданысын кеңейтуге, сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге, инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді ұйымдастыруға қадам жасалмақ. Мұндай мықты меженің қойылуы қадағалау органындағы жұмыс жоспарына да түбегейлі бетбұрыс әкелмек. Алысқа ұзамай-ақ, осы ұсыныстардың прокуратура саласына қатысты тұстарына тоқталайық. Мәселен, сот сатыларының оңтайландырылып, бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге көшірілуі тек қарапайым азаматтарға ғана емес, сонымен қатар прокурорлар үшін де тиімді. Әрі аралық сатылардың қысқаруы прокурорлар жұмысын оңтайландыруға көмектеседі. Сонымен қатар, азаматтық дауларға прокурорлардың қатысуы да қысқармақ. Жаңа Азаматтық процессуалдық кодекс бойынша құқықтық тұрғыда бекітілген бұл өзгеріске сай, енді прокурорлардың барлық азаматтық дауларға қатысуы міндетті саналмайды. Ендігі жерде сот отырысында мемлекеттің мүддесімен байланысты іс қаралғанда немесе азаматтардың өздері өз құқығын қорғауға қабілетсіз болса прокурорлар іске атсалысады.
Шыны керек, соңғы жылдары азаматтық даулар саны артты. Дау көбейген соң судьялармен қатар прокурорлардың да жүктемесі көбейгені рас. Соның әсерінен бір прокурор үш-төрт судьяның, Алматы сияқты ірі қалаларда бес судьяның ісіне кезек қатысуға мәжбүр болатын. Бұл алдымен соттың сапалы өтуіне кедергі келтіретін еді. Өйткені, бірнеше судьяның ісіне қатысуға, ол істердің мән-жайына үңіліп, сапалы қарсылық танытуға прокурорлардың уақыты да, мүмкіндігі де жете бермейтін. Бұл қадағалау ісінің сапасын әлсірететін кемшілік. Ал мына өзгеріс прокурорлардан кез келген іске қатысу міндетін алып, олардың мемлекет мүддесі көзделетін іске тиянақты, мұқият дайындалуына кең жол ашты. Оның үстіне, азаматтық дауларға прокурордың қатыспауы дүние жүзінің дамыған елдерінің тәжірибесінде бар үрдіс. Қазіргі кезде прокурорлардың сотқа қатысуын қысқарту жөніндегі өзгеріс еліміздің Бас Прокуратурасы тарапынан қолдау тауып, оны жүзеге асыру бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр.
«100 нақты қадамда» тергеу әрекеттеріне санкция беру жөніндегі прокуратураның функцияларын біртіндеп тергеу судьяларына беру жөнінде де ұсыныс қарастырылған. 22-қадамда көрсетілген талапқа сай, сол арқылы айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді сақтау көзделіп отыр. Бұл ұсыныс та Бас прокуратура тарапынан қарастырылып, тергеу судьяларының құзыретін кеңейтуге, сол арқылы азаматтар құқығын мінсіз қорғауға қадам жасалуда.
Ұлт Жоспарының 29-қадамы «Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосуды» көздейді. Соған сай әрбір құқық қорғау қызметінің ведомстволық ерекшеліктеріне орай бірыңғай қызмет ету ережесі енгізіледі деп күтілуде. Мұның да жағымды қырлары баршылық. Ал 30-қадам, жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құруға бағытталған. Бұл қадамның астарына терең үңілмеген сырт көздің «Жергілікті полиция нені өзгерте алады? Оның айырмашылығы неде?» деп бастамаға күмәнмен қарауы мүмкін. Алайда, бүгінгі полиция қызметі мен жергілікті полицияның айырмашылығы жетерлік. Жергілікті полиция қызметі ең алдымен қоғамдық тәртіпті қорғау мәселелеріне араласып тұрмыстық қылмысқа қарсы тұруға, жол-бақылау қызметіне қатысуға, ұсақ құқық бұзушылықты тізгіндеуге тиіс. Әрі жол-бақылау полициясының қызметкерлері полиция қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, олар халық алдында есеп беретін болады. Бұл талап жергілікті полицияның жұмысын ширатып, өзі есеп беретін азаматтар алдындағы жауаптылығын көтерері анық.
Ұлт Жоспары жария етілген соң халықтың қызу талқысына түскен қадамның бірі қоғамдық кеңеске қатысты өрбіді. Өйткені, 31-қадамда этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құрудың маңыздылығы сөз болады. Бұл бастама арқылы біз қандай жетістікке қол жеткіземіз? Біріншіден, бұдан бұрын да құрылған қоғамдық кеңестер мемлекеттік билік пен қарапайым халық арасындағы байланысты нығайтты. Екі арадағы диалогты жалғады. Екіншіден, қоғамдық кеңес мемлекеттік қызметкерлер сапына мықты, жауапты кадрлардың тартылуына ықпал етті. Жұмысқа қабылдау барысында қоғамдық кеңес пікірінің үлкен пәрменге ие екенін түсінген азаматтар бұл құрылымға құрметпен қарап, сөзін жерге тастамауға тырысты. Мұндай кеңестің күштік құрылым жанынан құрылуы да оңды өзгеріс. Сол арқылы алдағы уақытта полицияның ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашылады. Ендеше, Ұлт Жоспарын бағдар ете отырып, алдағы уақытта қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттілігін заңды түрде бекіту бойынша жұмыстар жүргізілмек.
«100 нақты қадамды» көздеген Ұлт Жоспары бойынша қазір еліміздегі біраз заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа құқықтық құжаттар әзірленуде. Бастаманың заңдық жағы толық жасақталған соң, «100 нақты қадамды» еңсеру де қиындық келтіре қоймайды. Тек осындай сын сағатта Мемлекет басшысы ұсынған жоспарды өміршең ету өз қолымызда екенін түсінуіміз керек.
«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле», «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, Ұлт Жоспарының Ұлы жоспарға айналуы біздің бірлігіміз бен ынтымағымызға тікелей байланысты.
Берік АСЫЛОВ,
Алматы қаласының прокуроры,
3-ші сыныпты мемлекеттік
әділет кеңесшісі.
АЛМАТЫ.