15 Қаңтар, 2011

Олқылықтар мен оралымсыздықтар

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Темір жол көлігінде орын алатын келеңсіз­дік­терді құзырлы органдар растап берді. Жол азабын тартқан біледі деген, жолаушылар мұны ертерек байқаған болатын. Бірақ ол заң бұзушылықтар заңды түрде тіркелмеген соң жабулы қазан жабық күйінде тұрған. Енді Бас прокуратура темір жол көлігінде көрсетілетін қызметті  тексере келіп, ондағы жылдар бойы қалыптасқан заңсыздықтың бетін ашты. Бірқатар пойыздар вагондарының тасымалдау қау­іп­сіздігі талаптарға жауап бермейтіндігі сондай, жүргенде қанқасы салдыр-гүлдір етіп, әр тесігінен жел гулеп, шаң кіріп, қыста суық тартып, жазда қапырыққа айналып берекені қашырып болған еді. Бірақ, сонда да көмекейді ақша құрты жыбыр­лат­қан заманда жолаушылардың жол азабы бүркеме­леніп, бұған қоса заңсыз ақша жинау етек алған. Енді Бас прокуратура адамдарды тасымалдау талаптарына мүлде жауап бермейтін жолаушылар вагондарын пайдалану, нақты түрде көрсетілмеген қызмет үшін тұтынушылардан заңсыз ақша жинап алу, жекелеген тұлғалардың мүддесін көздеу және басқа да көптеген құқық бұзушылықтарды анық­тадық, дейді. «Астана-Арқалық» бағытындағы жолаушылар пойызының вагонында электр жабдықтарының жарамсыз күйде болғаны анықталды, сөйтіп, жекелеген лауазым иелерінің салғырттығы оттың тұта­нуы­на және өрттің шығуына әкеп соғуы  мүмкін жағдайлар туғызған. Мұнымен шектелмей, осы вагондарда өрт дабылы стансалары да жұмыс істемеген, тіпті ішкі байланыс та болмаған. Ал кезінде олар жөндеуден өтіп, техникалық өлшемдерге жауап беретін вагондар ретінде рейске жіберу үшін жолаушылар пойыздарының сызбасына енгізілген. Сол сияқты іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін тұтынушылардан заңсыз ақша жинап алу фактілері анықталды, дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев. Айта берсе темір жол көлігінде келеңсіздік көп екен. Мәселен, тұтынушылардың құқықтары олар­ға жүктерін тасымалдау үшін вагондарды ұсыну кезінде де бұзылған.  Семей жол бөлімшесінде бекітілген жоспарға және тасымалдау кестесіне сәйкес жүк тиеуге сұраныс берген кәсіпкерлерге 119 вагон ешбір негізсіз жіберілмеген. Ал кейбір жағдайларда керісінше, дәл осы жол бөлімшесі жоспардан тыс, қандай да болмасын рұқсатсыз «Гитес Т» және «Семей-шпалопропиточный завод» ЖШС-не 14 вагонды мезгілінен ерте жіберген.  Бұл нені білдіреді? Заңды керек қылмаған соң бюджет қаражатын оңды-солды шашу да етек алған. Бұған 78 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері дәлел көрінеді. Бұл соманы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті іс жүзінде белгіленген қызмет түрін толық көрсетпеген «Құнан Транс» ЖШС және «Арлан транс» ЖШС секілді тасымалдаушыларға субсидия ретінде негізсіз төлеген. Александр ТАСБОЛАТОВ.