Ұлттық зерттеу университеті дегеніміз не және бұл атаққа лайық болу үшін не істеу керек? Өзекті сауалдарға жауап іздеген шетелдік және отандық ғалымдар жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Зерттеу университетінің білім беру қызметі» атты ғылыми конференцияда бас қосты. Әлемдік топ-университеттер қатарына енуге бірден бір айқын жол – жоғары оқу орнын ұлттық зерттеу университетіне айналдыру. Осы бағытты ұстанған отандық ғалымдар қазақстандық білім және ғылым кеңістігінің әлемдік университеттер рейтингінен лайықты орын алуы үшін нақты жоспарларды жүзеге асыруды қолға алды.
ҚазҰУ-дің бірінші проректоры Мұхамбетқалы Бүркітбаев: «Әлемдегі ең жоғары топ рейтингіне енген оқу ордаларының бәрі де зерттеу университеттері болып табылады. Ұлттық зерттеу университетіне айналу ол тек біздің ғана мақсат емес, ол үкіметтің де мақсаты деп айтуға болады», десе, әріптестерімен тәжірибе бөлісе келген Томск мемлекеттік университетінің оқу жұмысы жөніндегі проректоры Александр Ревушкин: «Ұлттық зерттеу университеті үнемі талантты студенттермен толығып отыруымен маңызды» деген ойды алға тартты. Сонымен қатар, ол өздері зерттеу университеті атағын алған бір жыл уақыт ішіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді атап өтті. Конференцияда сонымен қатар, алдыңғы қатарлы шетелдік зерттеу университетінің тәжірибесі, зерттеу университетінде магистранттарды дайындау, ғылыми жұмыстар, білім сапасы, оқытудың әдіс-тәсілі сияқты басқа да тақырып төңірегінде сұрақтар қаралды. Нәтижесінде ғылыми жиынға қатысушылар ҚазҰУ-дің Ұлттық зерттеу университетіне айналуы өте нәтижелі болмақ деген пайымға келді. Сондай-ақ, конференция жұмысы қара шаңырақтың материалдық-техникалық жағдайын арттырып, халықаралық байланысты нығайтуға тағы бір жаңа серпін берді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.