31 Наурыз, 2016

Қайтарымы мол көктемгі жәрмеңкелер

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сурет, жәрмеңке1Аймақаралық кооперация аясында облыстың еліміздің оңтүстік өңірлерімен ынтымақтастық әріп­тестікті қалыптастыру жұмыс­тарының ауқымы кеңейе түсуде. Наурыз айының алғашқы сенбі­сінде облыс орталығындағы «Ор­да» базарында Қызылорда және Ақтөбе облыстарының тауар өн­діру­шілері өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары арзан азық-түлікке қарық болып қалған болатын. Сол жәрмеңкеде Сыр өңі­рінің кәсіпкерлері мен тауар өндірушілері делегациясын бас­тап келген Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов 22 шаруашылық құрылымдары 130 тоннадан астам азық-түлік өнімдерін әкелгенін, бұл өнімдердің жалпы құны шамамен 30 миллион теңге болатынын айтқан еді. Сонымен қатар, «Ақтөбенің өнімдері» акция­сы­ның жалғасы ретінде әрі қы­зылордалық кәсіпкерлерге таныстыру мақсатында бұл жәр­меңкеде жергілікті 21 кәсіп­орын өз өнімдерін ұсынды. Қызылорданың күріші, балы­ғы, тұзы, картобы, сәбізі, пиязы, еті, тағы басқа азық-түлік өнім­­дері жақсы өткеніне куә бол­ға­нымыз бар. Қалалықтар басқа сауда орындарындағы баға­ларға қарағанда біршама арзан бағамен азық-түлік сатып алу мүмкіндіктеріне ие болды. Сол жәрмеңкеде қызылордалықтар күріштің келісін 150 теңгеге саудалады, ал жергілікті сауда орындарында күріштің келісі – 220 теңге тұрады. Картоптың келісі – 50 теңге, пияз – 35 теңге, сәбіз 45 теңге болды. Аралдың балығының келісі 250 -350 теңге шамасында сатылды. Облыста аймақаралық кооперацияны өрістету үрдісі жалғасын табуда. Бұл жолы «Орда» база­рында Жамбыл облысының ауыл­шаруашылық тауарларын өнді­руші кәсіпкерлері өз өнімдерін тұтынушыларға ұсынды. – Біздер Ақтөбеге 100 тоннадай азық-түлік өнімдерін әкелдік. Яғни, 10 тонна картоп, 80 тоннадан астам көкөніс түрлері, оның ішінде 50 тонна жуа, 3 тонна сүт өнімдері, 2,5 тонна макарон, 2 тонна колбаса өнімдері, бір тоннадай өсімдік майы саудаға шығарылды. Картоптың әр келісі – 45, жуа 30 теңгеден сатылуда, – деді Жамбыл облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Самат Үрпеков. Ол Жамбыл облысында аграр­лық сектор жақсы дамып отыр­ғанын тілге тиек ете келіп, сөз арасында өздерінің таза табиғи өнім­деріне Қытай елінен де сұраныс түсіп жатқанын бұл бағыт­тағы жетістік ретінде атап өтті. Өңір­аралық әріптестіктің басқа салалар бойынша да нығайты­латынын жеткізді. Жәрмеңкеге қатысқан ақтөбелік кәсіпкерлер де сауда сөрелеріне өз өнімдерін молынан шығарды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев біздің өңірдің басқа облыс­тармен сауда ынтымақтастығы жалғаса беретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ендігі кезекте Оң­түс­тік Қазақстан облысының ауыл­шаруашылық өнімдері жеткі­зіледі деп күтілуде. Өңіраралық кооперация аясында алдағы уақытта ақтөбеліктер де өз өнімдерін басқа облыстарға апаруды ойластыруда. Бұдан басқа «Табыс» және «Алтай» базарларында да азық-түлік қолжетімді бағалармен сатылды. Жәрмеңкелерге келушілерге концерттік бағдарламалар ұсы­ныл­ды. Олардың жүйелі ұйымдас­тырылуы қалалықтардың базарларда арзан азық-түлік сатылаты­нына деген сенімін нығайта түсуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ.