15 Қаңтар, 2011

Едіге Oттавада тұрады

790 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Спорттық гимнастикадан Канада ұлттық құрамасының бас бапкері қазақ жігіті туралы біз не білеміз? Тағдырдың жазуымен жұмыр жердің әр қиырында тұ­ратын қандас­тарымыз баршылық. Солардың бірі – Едіге Жа­ров. Ол спорттық гимнастикадан КСРО-ның еңбек сі­ңірген жаттықтырушысы, 1988 жылғы Сеул Олимпиа­да­сының 2 дүркін жеңімпазы, әлемнің бірнеше мәрте чем­пионы Валерий Люкиннің ұстазы. Ол қазір Канадада тұ­рады. Осы елдің спорт­тық гимнастика бойынша жасақ­талған ұлттық құра­масының бас бапкері. – Армысыз, Едіге аға! – Амансыздар ма?! – Сіздің атыңызға сыртыңыздан қа­нық­пыз. 1988 жылғы Сеул Олимпиа­да­сы­ның жеңімпазы Валерий Люкиннің жеке бапкері екеніңізді білеміз. Содан бері 21 жылдан аса уақыт өтті. Сақа, сарытіс жан­күй­ерлер болмаса, кейінгі жастар жа­ғы сізді біле бермейді. Қазақ екеніңізді газет оқыр­ман­дарына өз аузыңыздан айтып берсеңіз... – Қазақпын! 1952 жылы 19 қаңтарда Алма­ты облысының Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Әкем Нұрмахан Жаров 1930 жылы сол Нарынқолда дүние есігін ашып, 1957 жылы қапияда өмірден озды. Анамның аты-жөні – Нұри Салауатқызы. Әкем қайтыс болған соң Алматыға, әжеміздің қолына кө­шіп келдік. Анам әкей өмірден өткен соң тұр­мыс құрған жоқ. Біздің бар ауырт­палы­ғымызды қайыспай көтеріп, 2007 жылы бақилыққа аттанды. – Балалық шақ, гимнастикаға ден қойған арманшыл күндер, алыста қалған сол бір жыл­дарды көкейде қайта жаңғыр­тып көрсек. – 11 жасымнан спорттық гимнастикамен шұғылдандым. Мені оған ертіп келген Александр Георгиевич Калиш болатын. Сол кі­сінің қол астында тер төккен күндерім әлі көз алдымда. Шыны керек, гимнасшы ретінде биік белестерге жете алған жоқпын. Бірақ бапкерімнен көп нәрсе үйрендім. Қимыл-қозғалыстың сан түрлі ғажабын сол жерде көкейге тоқыдым. Аспан әлеміне Тоқтар Әубәкіровтен кейін ұш­қан қазақ ғарышкері, батыр бауырымыз Талғат Мұсабаев, міне, сонда біздің топта болды. 1969 жылы Алматыдағы № 113 орта мектепті бітіріп, Қазақ денешынықтыру инс­ти­тутына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін «Еңбек» ерікті спорт қоғамында жаттық­ты­рушылық қызметім басталды. Ұзамай ар­мияға алынып, Забайкалье әскери округінде жауын­герлік міндетімді өтедім. Содан кейін жат­тық­тырушылық қызмет қайта жалғасты. Араға үш жыл салып, 9-11 жастағы балалардан жеке топ құрдым. Менің шәкірттерім қалалық, респуб­ликалық жарыстарда көзге түсе бастады. – Едіге Нұрмаханұлы! Өзіңізге атақ-абырой әкелген шәкіртіңіз Валерий Лю­кин­ді қалай жолықтырдыңыз? – Әлі есімде, республикалық жарыста жұ­қалтаң келген сары бала көзіме оттай ба­сылды. Валера сол сында жеңімпаз, жүл­де­гер болған жоқ. Бірақ ойлы, өжет қимылы­мен мені баурап алды. Әр жаттығуға жан-тәнімен беріліп, мінсіз атқаруға тырысады екен. Көзіне қарасам, ой тұнып тұр. Гим­настикаға бейімін, жылдамдығын, үйлесімді қимылын байқап, іздегенім осы бала деп түйдім. – Содан... – Содан жарыс біткен соң республикалық «Спартак» ерікті спорт қоғамының төрағасы Мәжит Омарғалиевқа барып, Ақтөбеде Валера Люкин деген бала тұратынын, одан болашақта мықты гимнасшы шығуы мүмкін екенін ай­тып, іссапарға жіберуін өтіндім. «Баланың жа­сы нешеде?» – деп сұрады Омар­ғалиев. «Шама­мен 10-11-де», – дедім. Мәжит аға: «Өзіңе сен­сең, ішкі түйсігің алдамаса, барып қайт», – деді. Ұшақпен Ақтөбеге келіп, гимнастика за­лын тауып алдым. Спорт мектебінің дирек­торы мені сыртымнан біледі екен. Әке-ше­шесі, өзі қарсы болмаса, менің қарсылығым жоқ деді. Сол күні Валераның ата-анасымен кездестім. Баланың болашағы Алматыда екенін, егер ол кісілер рұқсат берсе, Валераның біздің үйде тұратынын, оның бар жауапкершілігі менің мойнымда болатынын жеткіздім. Жұдырықтай жасөспірімді жер түбін­де­гі Алматыға, бейта­ныс бапкерге жетектетіп жіберу қай ата-анаға оңай дейсіз. Ұзақ сөйлестік. Мен алған бетімнен табандап, қайтпай қойдым. Сол кезде не­бары 25-те екенмін, бір отбасының 11 жастағы әлпеш­теген баласын қасыма алуға қалай тәуе­кел еттім, жауапкершілікті қалай ғана мойныма алдым, деп кейде өзіме-өзім сұрақ қоямын. 1977 жылдан бастап Валерий Люкин біз­дің үйде тұра бастады. Анам ас-суын әзір­леп, киім-кешегін жуып береді. Мектепке өзім алып ба­рамын. Гимнастика залына да бірге барамыз. Үйге бірге қайтамыз. Күніне 6-7 сағат тер тө­геміз. Валера менің жаттығу жүйеме тез бейімделді. Ауырлыққа мойыған жоқ. Тез көндікті. – Қазақ маманы баптаған ұлан КСРО-дай алып империяның бас бәй­гесін олжа­лаған сәтті еске түсірудің өзі мерейімізді өсіріп, мәртебемізді көтеріп тастады ғой. Сол тұста КСРО гимнас­шы­ларының ата­ғы­нан ат үркуші еді. Себебі, Олимпиада ой­ындары мен әлем чем­пио­наттарының ал­тын жүлдесі негізінен совет гимнасшы­ларының үлесіне тиетін. Кі­лең дарабоз бас қосқан КСРО-ның ұлт­тық құрамасына cіз­дерді қай жылы шақырды? – 1986 жылы КСРО ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Осы жиын соңында КСРО құрамасының бас бапкері Леонид Аркаев Люкинге көңілі толғанын, бірақ Валерийдің сырт көзге тым балаң көріне­тінін айтты. Шынында да, 20 жастағы Люкин 16-да­ғы бозбала тәрізді еді. «Келесі жи­ынға еркін жат­тығуда үш мәрте сальто жа­сауды меңгеріп келіңдер», – деді Аркаев. Бұл – оңай шаруа емес еді. Біздің басты қар­сы­ласымыздың бірі қы­тай­лықтардың осы жат­ты­­ғуға құлшына кіріскенін естігенбіз. Күн тәртібіндегі ен­дігі мә­се­ле: ха­лықаралық жа­рыста бұл жаттығуды кім бірінші ор­ын­дай­ды? КСРО ма, Қытай ма? 1987 жылғы Еуропа чем­пионатында Люкин дүние жү­зі бойынша еркін жатты­ғуда үш мәрте саль­тоны бірінші бо­лып жасап, құрлық чем­пионы атанды. Бұл жат­тығу және біздің басқа да тың жа­ңалықтарымыз ха­лық­­аралық ережелер кодексіне «Liukin» эле­менті болып тіркелді. Сол чемпионатта Валерий 5 ал­тын, 1 күміс, 1 қола медальға ие бо­лып, Еуропаның абсолютті чемпионы ата­ғына қол жеткізді. 1987 жылы Валерий КСРО чемпиона­тын­да көпсайыста жеке-дара шықты. Әлемге әй­гілі Дмитрий Билозерчев, Валентин Могиль­ный, Юрий Королев секілді мықтылар менің шәкіртіме жол беруге мәжбүр болды. Осы жерде Валераның басты қарсыластарына тоқ­тала кетейін. Дмитрий Билозерчев 1983,1987 жылдардағы, ал Юрий Королев 1981,1985 жылдардағы әлемнің абсолютті чемпион­да­ры. Валентин Могильный да әлем чемпионы, Одақ құрамасының белді мүшесі. Сол жылы Роттердамдағы әлем чемпио­натына Валерий КСРО құрамасының көш­бас­шысы болып барды. Қонақ үйге орна­лас­қан бойда әр елден келген журналистер Люкинді қоршап алды. Спорттық жолымыздағы ал­ғаш­қы әлем чемпионатына нағыз бабы­мыз­да келген едік. Ертең жарыс деген күні жаттығу залында біраз тер төктік. Жаттығу соңында Валера «Цукахара» элементін екі рет жасап, «ұстаз, тағы бір секірсем қалай болады», – деді. Қарсы болған жоқпын. «Цукахара» әді­сімен секірген Валера дік етіп түскен жерінде тұрып қалды. Ойымда еш­теңе жоқ: «Валера неғып тұрсың, кешкі асқа барайық», дедім. «Жарысқа қатыса алар ма екенмін», – деді Валера барынша сабыр сақ­тап. «Жүр, кеттік», – дедім әлі де ештеңеге тү­сінбей. «Жүре алмай­мын». Аяғына қара­сам, тобығы көз алдымда бұлтиып ісіп шыға келді. Маңдайға жазылған бейнеттен қалай қашып құтыласың. Роттердамда өткен әлем чемпионатында Люкин жарақатына қарамай, 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды. Сеул олимпиадасында Валерийге бұй­ырғаны – 2 алтын, 2 күміс медаль. – Едіге аға, егер сіздер еркін жаттығудағы үш мәрте сальтоны меңгермегенде ұлттық құрамаға табан тіреп, орнығу мүмкін бе еді? – Оқу-жаттығу жиындарына шақыруы мүмкін, бірақ айтулы бәсекелерге бара алмас едік. Құрама сапында 8-10 жыл үздіксіз тер төгіп, Олимпиада ойындары мен әлем чем­пио­натына жолы түспеген мамандар мен спорт­шылар өте көп. Мысалы, Люкин екеуміз КСРО құрамасының сапында 10 жыл бірге болдық. Бір апта – үйде, үш апта – Мәс­кеудегі КСРО құрамасының оқу-жаттығу жи­ы­нында. Бала-шағасы бар адам үшін та­бан­датқан 10 жыл бойы осылай бейнет кешу оңай ма. Біз жаңалық жағынан еркін жаттығудағы үш мәрте сальтомен ғана шектелген жоқпыз. Әлемде, Кеңес Одағында ешкім жасамаған бірнеше элементтеріміз болды. Сол әдіс­тер­дің бірі – белдемеде (турник) 360 градус бұ­рылыспен алға бүгіліп жасайтын сальто. Бұл әдісті де дүние жүзінде біз бірінші болып меңгердік. Халықаралық ережелер кодексіндегі «Liykin» элементінің құрамына бұл сальто да енді. – Қазақта «Ұстазы жақсының – ұс­тамы жақсы» деген аталы сөз бар. Валерий Лю­киннің АҚШ-тағы гимнастика мек­тебі ту­ралы хабарымыз бар. Вале­рий­дің қызы Анастасия Люкина Пекин Олим­пиадасының абсолютті чемпионы атан­ды. Валерийдің өзі 2008 жылдың қоры­тындысы бойынша әлем­дегі таңдаулы жат­тықтырушылардың бірі болып та­ныл­ды. Шәкіртіңізбен қазіргі қа­рым-қа­ты­насыңыз қалай? – Валера менің қолымда сегіз жыл тұрды. Әлі күнге дейін ағалы-інілі жандардай сый­ласамыз. Бірде ол мені өзі тұ­ратын Даллас (АҚШ) қаласына жарысқа ша­қыр­ды. Дү­ние­нің әр қиырынан жи­нал­ған 200 адам­дық дастарқан үстінде «Менің құдай­дан кейінгі сыйлайтын бір адамым бар. Ол – бапкерім Едіге Жаров», деді. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бола ма?! – Еңбегіңіздің жанып, мәртебе­ңіз­дің өс­ке­ніне шын жүректен қуаныш­ты­мыз, Едіге аға! Сеул Олимпиада­сы­нан кейінгі бапкерлік бе­лесіңіз туралы айтсаңыз. – Сеул олимпиада­сы­нан кейін Франция ма­ман­дары қолқа салды. 1990 жылы отба­сым­мен осы елге көштім. Францияда 2000 жылға дейін тұрып, Канада құрамасына бас бапкер болып ауыстым. Қазір От­тава қала­сында тұрамыз. – Енді Франциядағы жетістік­те­ріңізге тоқ­та­лайық. Кеңес Одағы кезінде «қазақ күрес пен боксқа ғана бейім», деген қасаң стереотип қалып­тасты. Осы түсінікті тас-талқан қылған ма­ман­­ның бірі сізсіз! Құлағым сізде. – Он жыл бойы Францияның ұлттық құ­рамасын баптадым. Бұл елде еңбегім жанды. Шыны керек, Францияда тұтас бір мемлекет алдындағы жа­уапкер­ші­лік­тің, не екенін жан жү­регіммен сезіндім. Бұрын КСРО құра­ма­сының жа­уапкершілігі Аркаевтың мойнында, Қазақ­стан құрамасының жауапкершілігі та­ғай­ын­далған жаттықтырушының иығында бо­латын. Мен өз шәкірттеріме ғана жауап беретінмін. Францияның спорт басшылары сенім артып, шақырған соң намысты қолдан бермеуге күш салдым. Оқу-жаттығу жиын­да­ры біте сала елдің әр қиырынан мамандар мен спорт­шылар ақыл-кеңес сұрап, кем-ке­тіктерін түзеу үшін маған келеді. Құраманың жұмысынан тыс ос­ындай шаруаларға жегілдім. Ұлттық құрамаға келсек, арқа сүйейтін, ақыл сұрай­тын ешкімім жоқ. Бүтін бір мем­лекеттің гим­настикасын өрге сүйреу үшін табандатқан он жыл арпа­лыстым. Еңбегім еш кеткен жоқ. 1995 жылы шәкіртім Жил Стабло жеке жат­ты­ғуда Еуро­паның 2 дүр­кін чемпионы ата­нып, көпсайыста күміс жүл­де­ге қол жеткізді. Тағы бір шәкіртім 1997 жы­лы Франция чем­пионатында топ жар­ды. Фран­цияның жастар құрамасына үш шә­кір­тім енді. Еңбегім жан­ды, беделім де ешкімнен кем емес. Бірақ жа­уапты бәсекелер кезінде ұлттық кемсітушілікті көп көрдім. Оқу-жат­тығуда құрама­ның бар бейнетін көтере­сің, ал жарыс алаңына шәкірт­теріңмен бірге шығуға хақың жоқ. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ұзақ жыл тал­май баптап, жауапты сын алдында ащы терін алып, бәй­геге қосқан шәкіртіңіз шығыршықта не белдемеде шырқ үйіріліп, өнер көрсетіп жа­тады. Сен болсаң, ел қатарлы қасында бола ал­майсың, шәкіртіңнің қимыл-қозғалысын бап­кер бөлмесін­дегі теледидардан немесе три­бунадан тама­ша­­лайсың. Мұндай кемсітушілікке қашан­ғы төзесің. 2000 жылы Кана­даға қоныс аудардым. – Қоныс аудардым дегеннен шығады, Қа­зақ елінен шетке кеткен гимнастика ма­мандарынан кімдерді білесіз? – Қазақ топырағында дүниеге келіп, өсіп-өнген талай маман сыртта жүр. Владимир Уфимцев, Валерий Люкин, Юрий Алексеев, Павел Садовский, Бродецкийлер – АҚШ- та, Алик Якимиди – Грекияда, Александр Ширяев – Англияда, Туровцев – Ресейде тұра­ды. Бұлар менің есіме түскендері ғана. Қан­шама әйел бапкерлер нәпақа іздеп, шетке кет­ті. Бір ғана гимнастика саласындағы сырт­та жүрген ма­ман­дарға кәсіп үйрету үшін, оларды шың­дау үшін Қазақ елі қанша қаржы жұмса­ғанын бір Алла ғана біледі. Бұлардың шетелге көшуінің өзі – маңдайға жазылған тағдыр­ға байланысты. Өзге елге қоныс аударған мезет шекең шылқ ете қалмайды. Елді, жерді сағы­нып, өзегің өртенеді. Тіл білмей бір тұсала­сың, өгей ортаға көндіге алмай екі қиналасың. Туған ел жатсаң да, тұрсаң да жадыңда тұрады. Міне, 20 жыл сыртта жүр­мін. Тас­бауыр болып кетті деме­ңіз­дер, қазақ екенімді бір сәт есімнен шығарған емеспін. Қазақ боп тудым, қазақ боп қаламын. – Тағдыр-талайыңызға жазылғаны осы болса, қалай жазғырамыз. Кісі есігінде жүр­ген жоқсыз, мүйізі қарағайдай Кана­да­ның керегіне жарап, гимнастикасының екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырсыз. Осыған да шүкір. Енді әңгіме арнасын Ха­лықаралық гимнастика федерациясымен қарым-қатынасыңызға қарай бұрсақ. – 1991 жылы Халықаралық гимнастика федерациясы (ХГФ) бапкерлердің білімін көте­ру академиясын ашты. Академияға тех­ни­ка­лық эксперт таңдау үшін ХГФ – АҚШ, Жапония, Ресей, Англия, Италия, Румыния, Украина, Қытай, т.б. мемлекеттерден білікті деген ма­мандарды шақырып, емтихан алды. Сол ем­ти­ханның қо­ры­тындысы бойынша мен үздік шы­ғып, ака­демияның эксперті қыз­­метіне қабылдандым. – Бәрекелді! Қазақтың ақыл-ойының озықтығын бүкіл әлем алдында дәлелдеп­сіз. Ісіңіз өрге бассын! – Рахмет! 1999 жылдан бастап жер ша­рының әр түкпірінде ағылшын, француз, орыс тілдерінде 15 лекция оқыдым. 2005 жылы ХГФ президенті Брюно Гранди федерациясының техникалық комитетіне мүшелікке таласуға кеңес берді. Ол кезде мен заң жүзінде Қазақстан азаматы бола­тынмын. Қазақстан гимнастика федерация­сына мені қолдаңыздар деп өтініш айтып едім. Сөзім далада қалды. Бұл жағдайды естіген Канада федерациясы маған Канада аза­маттығын әпе­ріп, ХГФ-ге менің канди­да­турамды ұсынды. Сөйтіп, 2008 жылы ХГФ-нің Хельсинкиде өткен конгресінде Канаданың атынан сай­лауға түсіп, ХГФ ерлер техникалық коми­те­тінің 6 мүшесінің бірі болып шыға келдім. – Сіздің ХГФ-нің бас эксперті әрі тех­никалық комитет мүшесі болуыңыз – қазақ спорты тарихындағы соны қадам. Бізде кан­дидаттық және докторлық дис­сер­тацияны зорға қорғағандар аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейді. Сондайлардың кесірінен қазақ спор­ты аяғына жем түс­кен аттың кебін киіп отыр. Ал қазақ бапкерінің дүниежүзілік феде­рациясының белді мүшесі болуы, жер шарын аралап, дәріс оқуы – барша алаштың абы­ройы. Ендігі жерде білім-білігіңізді бағалап, қаді­ріңізді біліп, қолқа салып шақырған Канада жұртына сіңірген еңбегіңізге тоқталсақ. – Мен барған тұста Канада гимнастикасы бауырын жерден зорға көтеріп, тұралап тұр еді. 1999 жылғы әлем чемпионатында елдің ұлттық құрамасы 18-орында қалған еді. 2001 жылы ка­на­далықтар 12-орынға көтерілсе, 2003 жылғы әлем чемпионатында Канада гимнасшылары тарих­та бірінші рет коман­далық 5-орынға табан тіреді. Канада гимнасшылары 1976 жылдан кейін Олимпиада ойындарына толық құраммен 2004 жылы, 28 жыл үзілістен соң бір-ақ қатысты. Афины олимпиадасында канада­лық Кайл Шифелт еркін жаттығуда Олим­пиа­да чемпионы атағын жеңіп алды. Шифелтке дейін Канада тарихында гимнастикадан Олимпиада чемпионы болмаған екен. 2005 жылы Брандон Онил әлем чемпи­онатының күміс жүлдегері атанды. Бұл жігіт екі рет Әлем кубогін жеңіп алды. 2007 жылғы әлем чемпионатында біздің құрама мықтылар қатарынан орын теуіп, Пекин олимпиадасына толық құраммен қатысу мәртебесіне ие болды. – Едіге Нұрмаханұлы, жұмыр жердің талай қиырында болдыңыз. Гимнасти­ка­ның небір майталман тұлғаларымен жо­лыңыз түйісіп, дәмдес болып жүрсіз. Кезінде КСРО гимнасшылары Олимпиада мен әлем чемпи­онатында бас бәйгені шаппай алушы еді. Гимнастиканың қазіргі бет­алысы қалай? Қай елдің мамандары мықты деген сауалдың төңірегінде ой өрбітіп көрсек. – Көп елдің мамандарымен қызметтес болдым. Әлемдік гимнастиканың оңды-со­лын, қатпар-қатпарын бір адамдай білетін жағдайға жеттік. Сонда көкейге түйгенім, Кеңес Одағында білім алған, сол мектептің тәлімін көрген жаттықтырушылардың орны бөлек. Кәсіби шеберлік, бапкерлік білік жөнінен совет мамандарының шоқтығы биік. Сізге бір ғана мысал айтайын, АҚШ-тың гим­настика саласында КСРО-дан көшіп барған 260 жаттықтырушы жұмыс істейді. Валерий Люкин солардың бірі ғана. Пекин олимпиа­да­сын­да Валераның қызы әрі шәкірті Анастасия Люкина абсолютті чемпион атағын жеңіп алды. Олимпиада мен әлемнің абсолютті чем­пио­ны, ресейлік Николай Андрианов Жапонияда 10 жылдай қызмет етті. Қазіргі таңда гимнастикасы алға басқан Қытайдан басқа мемлекеттердің басым көпшілігінде тізгінді совет мамандары ұстап отыр. 2009 жылы Лондонда өткен әлем чемпио­натының жеңімпазы, жапон гимнасшысы Кохей Ушимура ұстазы Такаши Кабояши екеуі маған бірнеше рет арнайы келіп, ақыл-кеңесімді тыңдап, бізбен бірге жаттықты. Кабояши менің қасымда 8 жыл бірге тер төкті. Жапония федерациясы бірнеше рет қолқа са­лып, қызметке шақырды. Еңбегім жанып, тасым өрге домалап тұрған елден кеткім келмеді. Жапон­дар ренжіген жоқ. Қарым-қа­ты­настарын үз­бей, Канадаға оқу-жаттығу жиын­да­рына келіп тұрады. Осындай қадіріңді біліп, ізденісіңді баға­лай­тын елде тірлік кешіп жатырмыз. Маңдай­ға жазылған тағдыр осы болса, басқа не айтайын. – Әңгіме соңында отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. – Зайыбым Маргарита екеуміз 1980 жыл­дан бері бірге жасап келеміз. Ұлым Руслан­ның жасы 29-да, қолымызда тұрады. Оттава университетін бітіріп, Оттава қаласының әк­ім­дігінде қызмет істеп жатыр. Қызым Кари­наның жасы 24-те, Монреаль университетін аяқтап, сол қалада француз, ағылшын тілдерінен тәржімашы болып қызмет атқарады. Қыдырбек РЫСБЕК, журналист. Суреттерде: үш жасар Едіге ата-ана­сы­ның ортасында; бапкерліктің бастапқы кезе­ңін­де;  ұстаз сенімін ақтаған шәкірт В.Люкин.