01 Сәуір, 2016

Қылмыскерлер жазасын тартуға тиіс

432 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Дубир-1Қылмыскерлер жазасын тартуға тиіс Гаагадағы Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибунал үкімімен босниялық сербтердің бұрынғы президенті Радован Караджич Сребреницадағы геноцид, әскери қылмыстары және адамдыққа қарсы қылмыстары үшін 40 жылға түрмеде отыру жазасына кесілді. Бір қанішер қылмыскер жазасын алған екен, сауап болыпты деп қоя салуға да болар еді. Бірақ сол халықаралық соттың шешіміне әртүрлі пікір айтылып жатыр. Біреулер сол қылмыскерді ақтағысы келеді, енді біреулер бұл жазаның өзін аз көреді, оның жауыздығы тым сорақы еді, жазасы бұдан да қаталдау, өмір ба­қи түрмеде ұстауға кесу керек еді дейді. Әрине, 70-тен асқан қанішерге 40 жыл отыру да аз емес қой, оған өмірі жете ме, кім білсін. Әңгіме үкім барынша қатал болуға тиістігіне барып тіреледі. Караджич қандай қылмыс жасады? Оған 11 түрлі айып та­­­ғыл­ған. Соның бірі – 1995 жыл­­­­­дың жазындағы Сребреница қаласындағы қырғын. Караджич бастаған серб фашистері ста­дион­ға 8 мың ер адам мен жас­өспірім ер балаларды қамап, бі­рін қалдырмай қырып салған. Соғыста, қару жұм­саған соң, өлім болады. Ал мұндағы адамдарда қару болған жоқ, қойша қырған да салған. Геноцид емей, немене? Мұсылмандар болғаны үшін! Біреулер сондай жауыздарды ақтағысы келеді. Қайтіп қана ауыздары барады екен!? Сондай-ақ, Караджич Сараево қаласын басып аларда 12 мың бейбіт жұртты қырған. Басқасы – өз алдына. Осындай жауызға айыптау­шылар өмірлік жаза кесуді сұ­­­раған. Орынды-ақ дерсің. Сот рақымдық жасап, оған 40 жыл берді. Қалай дегенде де, фашис­тер жазасыз қалған жоқ деп, жұрт бір тыныстағандай еді. Бірақ жа­уызды ақтаушылар табылып, тағы да көңіл қобалжыды. Кімдер ақтайды дегенде, Сербия бас­шы­лығы «өз адамына» ара түсе алмады. Бір жағы 1992-1995 жылдары серб фашистерінің 180-250 мыңдай босниялық мұсылманды қырғаны бар. Ақтауға бет жоқ. Оның үстіне, 2008 жылы 13 жыл қа­шып жүрген Караджичті халық­аралық сотқа өздері ұстап берген. Қайтіп ақтамақ? Былтырғы жылы сол геноцидтің 20 жылдығы кезінде Сербия пре­мьер-министрі Александр Ву­чич Сребреницаға барып, халық­тан кешірім сұрағанда, босния­лықтар оған түсіністікпен қарап, кешіргендей де болған еді-ау. Бәрібір жұрт Караджичтің жа­уыздығын ұмытпаған, әлем алдында жауап беруін талап еткен. Ақтайтындар да табылып отыр. Сондайда ойға қаласың, осы жұрт не болып барады деп. Бір қанішер 8 мың адамды малша қырады. Екінші біреу оны батыр санайды, тамаша адам деп тамсанады. Жай қисынға жү­гінгенде, бұлар жауыздықты, фа­шизмді жақтаушылар емес пе? Сол үшін сондайларды да жазалау керек емес пе? Тіпті, заң жолымен болмағанымен, адами тұрғыда айыпталмай ма олар? Сондайлардың арасында жауапты мекемелердің қызметкерлері де бар. Олардың көрші ел – Ресейге бой көрсетіп отырғандығы өкінішті. Жауыздықты ақтайтындарды көріп, жаның түршігеді. Ақтайтын­дар барда, сол жауыздық оңайлық­пен жойыла қоймас. Дубир-2Өзін аямаған басқаны да аямайды Корея Халық-Демократиялық Республикасының бас газеті – «Нодон Синмун» өзінің бас мақаласында ел халқына ал­да­ғы экономикалық қиындықты ескертіп, ашаршылыққа дайындалуға шақырған. Бұл жайында әлем ақпарат құралдары хабарлап жатыр. Газеттің: «Революция жолы ұзақ та қиын, бәлкім, бізге тағы да шөп тамырларын жеуге тура келер», деген сөздерін оқу жаныңды түршіктіреді. Тағы да дегенде, өт­­кен ғасырдың 90-шы жылдар басындағы ашаршылық еске алынып отыр. Сонда ашаршылықтан қаза болғандардың саны әртүрлі айтылады. Көбірек айтылатыны – 500 мың болса, біреулер 3,5 миллион дегенді ауызға алады. Тіпті, өлгендерді ауызға алмағанда, көр­­­шілері өркендеп жатқан елде аштық етек алуының өзі со­рақылық. Бұл ел басшылығының көп сөзіне сену қиын болса-дағы, сол ашаршылық «жоспарға кірген» шара сыңайлы. Сол «Нодон Син­мун» газеті биліктің сөзін айтатыны да белгілі. «Біз өз өміріміз таусылғанша көсеміміз Ким Чен Ынға адал болуымыз керек», дейді газет. КХДР сырттан 440 мың тонна азық-түлік сұраса, қазір келгені 17,6 мың тонна көрінеді. Алда ондай да болмайды. Өйткені, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бұл елге санкция жариялап отыр. Сонда БҰҰ неге бұл елге осыншалық қаты­гездік көрсетеді дейсіз ғой. Бұған дейін сол халықаралық бас ұйым талай рет бұл елдің хал­­қына азық-түлік көмегін ұйым­дастырып, қамқор болған. Бәлкім, талайды аштық өлімінен құтқарып та қалған шығар. Ал енді бұл қатаң санкцияның қолданылуы Пхеньян басшылығына байланысты болып отыр. Сірә, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі дәл осы КХДР-мен келіссөз жүргізгендей басқа елмен келіссөз жүргізбеген де шығар. Қанша рет шешім де қа­былдап, ескертулер жасап, ке­лісім­­ге де шақырды. Ал Пхеньян халықаралық ұйымның талабына құлақ аспады. Сонда БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға қатаң санкция белгілеген №2270 шешімі дүниеге келді. КХДР басшылығының ядро­лық қаруды, баллистикалық зымырандарды сынау жөніндегі іс-әрекеттерін, соған байланыс­ты мәлімдемелерін, басқа ел­дердің атына айтылған қоқан-лоқыларын ақылға сыйдыру мүмкін еместей. Жоямыз, құртамыз деген сөзді бірінші басшысы да, әскерилері де, саясатшылары да айтады. Айта­лық, осы аптада, елдің сыртқы іс­тер министрі Ли Су Ен ТАСС-қа берген сұхбатында АҚШ-қа қарсы алдын ала соққы жасайтындарын мәлімдеді. Айтса, айта берсін, қолдарынан не келеді деуге де болар еді. Бірақ өздерін де, халқын да аямайтындардан та­лай сұмдықты күтуге болатыны шошындырады. Кейде оларды қазір қаптап кеткен өзін өзі жаратын жанкешті терроршыларға да ұқсатасың. Пхеньян күні кеше, өздері күн­дерін көре алмай отырып, Оңтүстік Кореямен экономикалық қарым-қатынасын үзді. Олардың өз елдеріндегі компанияларының жұмыстарын тоқтатты. Сөйтіп, азын-аулақ шетелдік валюта көзі­нен айырылды. Ең соңғы дос елі Қытай да оны айыптап отыр. Алда қатерлі күндер келе жат­қанын «Нодон Синмун» орынды ескертіп отырғандай. «Шосин Илво» газе­тінің жазуына қарағанда, ел үкі­меті әр адамнан ай сайын мемлекет қоймасына бір килограмнан күріш өткізуді міндеттепті. Жоқты қайдан алмақ? Алда аштық келе жатыр деп Пхеньян өз халқын ғана емес-ау, бүкіл әлемді шошынды­ра­тындай. Бұл елдің бүкіл халқы әскериленген. Сол халық аштықтан ашынса жаман. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.