01 Сәуір, 2016

Жаңғыртылған жәдігерлер

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз залында «Ежелгі заман заттары мен ескерткіштерін қайта қалпына келтіру және консервациялау» тақырыбында баспасөз мәслихаты болып өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директоры А. Райымқұлова, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры А. Қарымсақов, «Қазқайтажаңғырту» директорының кеңесшісі Қ. Тұяқбаев, «Остров Крым» ЖШС директоры Қ. Алтынбеков, Ұлттық мұражай директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ж. Таймағанбетов қатысып, орамды ойларын ортаға салды. Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық музейде «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен «Остров Крым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғылыми қайта қалпына келтіру зертханасының көне заман жәдігерлері мен ескерткіштерін жаңғырту бойынша атқарған жұмыс нәтижелеріне арналған «Өткен күнгі бейнелердің бүгінгі көрінісі» атты көрме ұйымдастырды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған осы шара аясында қайта қалпына келтірілген археологиялық жәдігерлер Ұлттық музей қорына тапсырылады. Музей­ге келушілер ежелгі заман заттарын му­зейдің атриумында ашылған көрмеден тамашалай алады. Сондай-ақ, көрмеде «Остров Крым» ғылыми қайта қалпына келтіру зертханасының реставраторлары органикалық арте­фактілерді алғашқы қайта қалпына келтіру бойынша практикалық сабақ жүргізеді. Көрмені тамашалаушылар үшін еліміздің реставраторларының маңдай терін төккен шын мәніндегі зор еңбегімен тікелей танысу мүмкіндігі тумақ, деді алғаш болып сөз алған Ақтоты Райымқұлова. Осы шара аясында ежелгі арте­фактілерді сақтап қалу бойынша атқарылған көпжылдық еңбектің нәтижесі таныстырылатынын да ес­теріңізге сала кетсек дейміз. Солардың ішінде, Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан обалардан табылған 968 археологиялық жәдігер музейге өткізілуге дайындалды. Музейге өткізілетін барлық заттың сақтау шар­ты бойынша ұсыныстар берілген реставрациялық паспорты бар, деді «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».