15 Қаңтар, 2011

Халықтың күші ынтымағы жарасқан тілегінде!

915 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Елбасымен біргеміз!

Халықтың да, халық қалаулыларының да ортақ ойы осындай

Халықтың күші ынтымағы жарасқан тілегінде! Қазақстан тарихи таң­даудың алдында тұр. Халықтың ұсынысымен күн тәртібіне Ұлт Көшбасшысының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзар­ту туралы референдум өткізу мәсе­лесі қойылып отыр. Баста­маға 5 миллионнан астам отан­дас­тарымыз, саяси партиялар мен еңбек ұжымдарының, ғылыми және шығар­ма­шылық интелли­ген­ция­ның, этномәдени, діни бір­лес­тіктердің, үкіметтік емес ұйым­дар мен қоғамдық бірлестіктердің өкіл­дері, жас мөлшері мен әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы мен ді­ни көзқарасы, этностық шығу тегі әртүрлі адамдар қолдау білдірді. Бұл біздің Отанымыз – Қазақ­стан Респуб­ликасының өсіп-өр­кен­деуі жолында күш жұмыл­дыр­ған, халық бірлігін топтастыр­ған Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының өзегі – қо­ғамдық келісімнің айқын көрінісі. Ұлт Көшбасшысының басшы­лы­ғымен Қа­зақ­стан қомақты және айқын экономикалық дамуға, әлеу­меттік жетістіктерге қол жеткізді, бейбітшілік пен сенім сая­са­тының арқасында әлемдік өр­ке­ниетке беделді және құрметке ие мемлекет болып енді. Қазіргі таңда еліміздің ал­дын­да барша­мызға нәтижесі маңыз­ды болып табылатын жаңа стра­тегиялық даму мақсаттары тұр. «Нұр Отан» халықтық-демо­кра­тиялық пар­тиясы «Қазақ­стан-2020» демократиялық күш­тер­дің жалпыұлттық коалиция­сын құру ту­ралы бастама жасады және еліміздегі бар­лық саяси, қо­ғам­дық күштерді Тұңғыш Президент Н.­Ә.На­­зар­баевтың өкілет­ті­гін 2020 жыл­ға дейін ұзарту туралы референдум өт­кізу баста­масының айна­ла­сына бірігуге шақырды. Коалицияны қолдай отырып, барлық аза­мат­тар­ды отансүй­гіштік, азаматтық парыз сезімін және жалпыұлттық ауызбірлік үлгісін көрсетуге шақырамыз. Біз болашағымыз, ертеңгі күнге деген сеніміміз, берекелі Қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныштық үшін өзіміздің жалпы жауапкершілігімізді ұғынамыз. Коалицияны қолдай отырып, біз халықтың саяси еркін білдіреміз, біз өзіміздің ұлттық бір­тұ­тас­тығымызды – Қазақстан хал­қы бірлігін көр­сетеміз. Қазақстан халқы Ассам­блея­сы азаматтық үн­қатысу және қоғамдық келісім институты ретінде, әуел бастан референдум өткізу тура­лы бастаманы қызу қолдап, отандаста­рымыз­ды Ұлт Көшбас­шысына қолдау білдіруге шақырған болатын. Біз өзіміздің күшімізге, өзіміздің ортақ же­тістіктерімізге сенеміз. Біз бірігіп өз тағ­ды­рымызды еркін таңдаймыз. Болашағымыз­ды Тұң­ғыш Президенттің басшылығымен бірге жа­сай­мыз. Біз барша Қазақстан азаматтарын Қазақ­стан Президенті, Ұлт Көшбасшысы – Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа жалпыұлттық қолдау білдіруге шақырамыз. Ортақ Отанымыз – Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның өсіп өркендеуі үшін!

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.

Астана қаласы, 2011 жылғы 12 қаңтар.

«Қыздар Сізге сәлем айтып жатыр» Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен жиында «Елбасы біреу, қалғанымыз оған тіреу» деген тұжырым жасалды Ел Президентінің өкі­лет­тігін ұзарту жөнінде референдум өт­кі­зу туралы бас­та­маны қолдаған жи­ында про­фессор-оқытушылар қауымы мен студенттер жарқын жүз, жайма шуақ көңілмен, өте бір құлшынысты белсенділік та­ныт­ты. Залдың әр тұсынан «Біз Ел­басына сенеміз!», «Ха­лық қа­ла­ған, жастар жақ­таған Елба­сы!», «Біз қуатты Қазақстан үшін Назарбаевпен біргеміз!» деген ұран­дар көтерілді. Жиын өтер ал­дын­да елдік, отаншылдық рухта­ғы асқақ ән қалықтады. Нақ осы жайдың өзі «Арқа сүйе­рім – ха­лық­тың сенімі мен үміті» деген Ел­басы сөзімен үндесіп тұрған­дай көрінді. – ҚызПУ ұжымының осы жи­на­лысты өткізбеуі әділеттілік бол­мас еді, – деді ректор Ш.Беркімбаева. – Неге десеңіз, Қыздар уни­вер­ситетінің, осында оқи­тын қазақ қыздарының ең үлкен қам­қоршысы әрі ті­леу­қоры Нұрсұл­тан Әбіш­ұлының өзі. Елбасы өт­кен жылдың 16 қарашасы – Айт күні оқу ордасына келіп, Сту­денттер үйін аралап кө­ріп, та­нысу барысында: «Бір ананы тәрбиелеп шығу – бір ұлтты тәр­биелеумен бірдей». Бұл оқу орнының қасиеті де осында. Ол өзі­нің 66 жылдық тарихында 50 мыңнан астам маман тәр­биелеп шығарды. Мен сон­дықтан бұл оқу орнына университет деген дәреже бердім. Осы «Студенттер үйін» салдырдым. Жағдай­ла­­ры­ңыз жақсы болғанына қуаныш­ты­мын» деген ұла­ғатты сөздер айтқан еді. Ендеше, осындай ша­пағатын көріп тұрып ұлы бастамаға үн қоспай қалай отыра алмақ­пыз? Шынында да Елбасы­ның жал­пы жастарға, білім беру саласын дамытуға, он­ың ішін­­де Қыздар университетіне деген ықылас-іл­ти­паты ерекше екендігі ежелден мә­лім. 1990 жылдардың ор­та­­сында ЖенПИ жабылады екен, ҚазПИ-ге қосылады екен деген әртүрлі алып-қаш­­ты әңгімелер де бол­ға­нын білеміз. Сол кезде: «ЖенПИ қазақтың бет-жүзінің ай­насы емес пе? Ендеше, бұл та­рап­тағы өсекті тоқтатып, қайта оны өркендетпейміз бе!» деп кесімді сөзін айтып, сол ЖенПИ-дің бағын жандырған да Прези­денттің өзі болатын. Тәуелсіздігіміздің 19 жылды­ғына орай Қыздар уни­верси­те­тінің ректорын «Құрмет» орденімен марапаттап тұрып Елбасы­ның: «Шәмшә, қыздарың қалай?» деп сұрауды ұмытпағаны да үл­кен жүректің ұлағаты екені анық. «Қыздарымның жағдайы жақсы, Нұрсұлтан Әбішұлы, қыздар Сізге сәлем айтып жатыр» деген ректор жауа­бын ықыласпен тыңда­ған Мем­лекет басшысы мейірлене: «Онда оларға менен де сәлем айт» деген еді. Осы бір ауыз сөздің барша ұжым үшін шапа­ғат-жылуы қандай десеңізші. Университетте 50 студент Пре­зидент шәкіртақы­сын алады. Президент шә­кірт­ақысы биыл 28700 тең­геден 34 мың теңгеге өскелі отыр. Магистранттар бұ­ған дейін 29 мың теңге шәкір­т­ақы алса, енді 38 мың теңге алмақ. Студенттердің әдеттегі шә­кірт­ақысы 15 мың теңгеге жетер болса, ал оқу озаттары үшін осы сомаға тағы 30 пайыз қосылады. Міне, осы­ның бәрі Елбасының білім саласына, студент жастарға жасап отырған қамқорлығы­ның көрінісі. Бұдан әрі Шәмшә Көп­бай­қызы және басқа сөй­леу­шілер ға­сырлар бойы ар­ман­даған Тәуел­сіздігіміздің, осы жылдарда қол жеткен барлық табыстарымыз­дың Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланыстылығын та­ра­тып айтты. Басқасын бы­лай қойғанда, елімізде мүл­дем жаңа қоғам құрылды, Қазақстанды алпауыт мемлекеттер мойындады. Әсі­ре­­се, Астана Саммиті хал­қымыз­дың жұлдызды сәті болды. Жа­ңа­ғы алпауыт мемлекеттердің бас­шы­лары Ақордада иіліп сәлем бе­ріп, қонағымыз болуы Елбасы беделін айғақтай түскен жағ­дайлар. Педагогика ғылым­дары­ның док­торы, профессор Қ.Аймағам­бе­това, педагогика ғылым­дары­ның докторы, «Пе­дагогика» ка­фе­драсы­ның меңгерушісі, профессор А.Құсайынов, психология ғылымдарының докто­ры, профессор Х.Шериязданова, педагогика ғылым­дары­ның докторы, профессор Ж.Сүлейменова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Сайлан, тарих-эко­но­мика факультетінің 4-курс студенті, Президенттік сти­пендия­ның иегері С.Ақыл­бекова және басқалар тәуел­сіздік жылда­рын­дағы Қазақ­станның ішкі және сыртқы саясатындағы жетістіктерін, елдің әлемдік аренадағы бе­де­лінің орнығуындағы Елба­сы­ның ерен еңбегі мен ерлігін атап өтті. Президенттің 2020, 2030 ж­ыл­дарға дейінгі кезеңдерді қам­титын стратегиялық бағ­дарла­ма­лары – ұлттық ұлы жобалар. Со­ның барлығы істің көзін табатын кемең­гер тұлғаның арқасында ғана сәтті жүзеге асары дау­сыз. Сондықтан, Прези­денті­­міздің өкі­леттігін ұзар­ту өте орынды бастама. Осын­дай ортақ пікірге тоқ­таған Қыздар университетінде өткен жиын бүкіл­ха­лықтық референдум өткізу бастамасын қолдап, отан­дас­тарымызды осы идея жолында топтасуға ша­қырған үндеу қабылдады. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Елдігіміздің  көрсеткіші Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­­баевтың өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзарту жө­ніндегі бас­таманы қолдайтынымды мы­сал­дармен жеткізу азаматтық борышым деп санаймын. 2009 жылы желтоқсанда еліміздің Тұңғыш Президентінің «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша жарияланған конкурсқа қатыстым. Нәтижесі бойынша 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті Көркемсурет және графика фа­культетінің «Кескіндеме» кафедрасында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатырмын. Қазан айында Ресейдің мемлекеттік кітап­ханасында өтетін профессор Ю.Столя­ров­тың дәрісін тыңдауға жазылған болатын­мын. Ю.Столяров екі сағаттық дәрісін біз­дің жетістіктерімізге, Астанаға барған са­па­рына арнады. Астанада өткен Ассам­блея­ның халықтар бірлігін нығайтудағы рөлі, ұйымдастырудағы ұлттық ерекшелігіміз бен қонақ күту дәстүріміз қонақ­тарды таңқалдырған екен. Астананы аралау кезінде көрген Ақорда, Бәйтерек, Ұлттық кітапхана, Бейбітшілік және келісім сарайы, Министрліктер үйін тамсана түсіндірді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың біздің еліміз үшін ғана емес, жалпы бүкіл адамзаттың болашағына жасап жатқан зор еңбегіне айрықша баға бергенде, біздің бойымызды ерекше мақтаныш сезімі билеп, тіпті төбеміз көкке жеткендей болды. Егемен ел болып қалыптасудан бастап қаржы дағдарысы кезеңінен елімізді қи­налтпай алып шыға білген Президенті­міз­дің көрегендік саясатын, табандылығы мен ерен ерлігін және оны әлемдегі ал­пауыт мемлекеттердің өзі мойындап жүргенін есімізден еш уақытта шы­ғар­мауға тиіспіз. Қазіргі жаhандану заманы үдей түскен ақпараттар тасқыны және ғы­лымның дамуы адам баласының алдына күр­делі мәселелер қоюда. Біздің еліміз, егемен ел ретінде, жан-жақты және үйле­сімді дамып келеді. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына жету мақ­са­тында,еліміздің ғылым, білім беру сала­лары әлемдік стандарттар талабына сәй­кес­тендірілді. Елбасы жыл сайынғы ха­лыққа арнаған жолдауларында еліміздің алдыңғы қатарлы елдермен терезесі тең болуы үшін білім мен ғылымды дамыту керектігін баса айтып келеді. Мен Еуразия өңірінде тұңғыш ашылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2005 жылдан бері Бейнелеу өнері кафе­дра­сының меңгерушісі болып қызмет атқарып келемін. Оқу орны халықаралық талап­тарға сәйкес сапа менеджменті жүйесін енгізді, маман дайындау үш сатылы түрде жүзеге асырылуда, оқу үрдісі кредиттік технологиямен жүргізілуде. Елбасымыз­дың тікелей қолдауымен ғылым мен білімді сатылап дамытуға ерекше мән беріліп және ол жүйелі түрде орындалуда. Елімізде экономиканы, халықтың тұрмысын көте­румен қатар, білім мен ғылымды халықаралық деңгейге жеткізуге айрықша жағдай жасалып жатыр. Атап айтатын болсам, жоо оқытушыларының білімін жетілдіруге білім гранттары бөлінуде, жылда 200 оқытушыға айрықша еңбегіне қарай «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты тағайындалуда, оқытушылар «Бо­ла­шақ» бағдарламасымен ғылыми тағ­лым­дамаға жіберілуде, оқытушылардың тұр­мыс жағдайларын көтеру мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында пәтерлер бөлінуде, өз тілімізде жаңа оқулық жазу сияқты маңызды мәселелер де шешімін табуда. Ғылым мен білімге деген мұндай қамқорлықты естіген Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымда­ры таң қалуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінде «Тарих бізге ХХІ ғасырға өркениетті жолмен кіруге мүм­кін­шілік беріп отыр. Осы мүмкіншілігімізді іске асырудың бір жолы, біздің ойымызша, бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерінің қа­лы­птасқан потенциалы, халықтарының ын­тымақтастыққа деген ойлары арқылы Еуразиялық қауымдастық құру», – деген болатын. Міне, сол Еур­азия­лық қауым­дас­тық идеясы қазір эко­номикалық, саяси, ғылыми салаларды жетілдіруде өз жемісін беруде. Қауым­дас­тық­тың негізгі мақсаты – Ресей ғылыми мектебімен біріге отырып кейбір маман­дық­тарды жетілдіру. Қазақ­стан­ға көркем педагогика саласынан ғы­лы­ми кадрларды дайындауда Мәскеу мемлекеттік педа­гоги­ка­лық университеті ғалым­да­ры­ның сіңір­ген еңбектері зор болды, әлі де болса біздің олардан аларымыз көп. Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті тек Ресейге ғана емес ТМД елдеріне ғылым доктор­ларын дайындайтын жал­ғыз университет болып саналады. Оқытудың жаңа педаго­ги­калық технологиясын қол­дануда және ғы­лыми, оқу әдістемелік оқулықтар дай­ын­даудағы мол тәжірибелері бізге қазіргі таңда өте маңызды. Қазір ғылыми тағылымдамадан өту кезінде Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті көркемсурет және графика факультетінің ғалымдары Ресей Білім ака­демиясының академигі, «Кескіндеме» ка­фе­драсының меңгерушісі, п.ғ.д.,проф., С.Ло­­мов, «Сурет» кафедрасының мең­геру­шісі, п.ғ.д., проф., В.Лебедко, п.ғ.д., проф., С.Игнатьевтермен бірлесе оты­рып, Бейнелеу өнері бойынша магистратура және бакалавр мамандықтарына қажет­ті жаңа бағыттағы оқулық, оқу бағдар­ла­малары мен оқу әдістемелік кешендердің үлгісін дайындаудамыз. Бейнелеу өнері бойынша бірлесе отырып ғылыми кадрлар даярлау, 2 дипломды магистр дайындау мәселелері де қарастырылуда. Осы айтылған мақсаттарымның іс жү­зі­не асырылуы Президентіміз Н.­Ә.На­зарбаевтың «Болашақ» бағдарламасының негізінде болып отыр. Бұл бағдарламаның Қазақстанның ғылымы мен білімін жетілдіруде алатын орны ерекше. Елбасымыздың 7 желтоқсан күні «Назарбаев университеті» студенттері мен про­фессор оқытушылары алдында оқыған дәрісінде «қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың за­маны» деген сөзінің елімізде іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанына мақтанамын. Мен Мәскеу қаласында қырғыз, өзбек, тәжік және басқа да бұрынғы одақтас республикалар азаматтарының қара жұмысқа салынып босып жүргенін көзіммен көріп жүрмін. Біздің елден баратындар тек ғы­лым мен білімін жетілдіру үшін ғана ба­рып жатыр. Сондықтан біз бірінші құдайға тәуба дейік, екінші Елбасымыздың бір ғана білім саласы бойынша ерен еңбегі екендігін бағалай білейік демекпін. Шы­нында бұл халқымызға «мың жылда келетін бақ құсының қайта қонғаны», осыны түсіне білу, ұлттық намысымыздың айқын көрсеткіші екенін ұмытпайық ағайын. Сейітқали АМАНЖОЛОВ, РФ және ҚР педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Халықаралық педагогикалық білім ғылым академиясының академигі. Баянды болашақ мұраты Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына аяқ бастық. Бұл уақыт тағдырлы шешімдердің, ерен еңбек пен тарихи табыстардың кезеңі ретінде халқымыздың тарихына енеді. Бүгінде Қазақстан қоғам өмірінің барлық салаларында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел болып отыр. Әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгенімізді Қазақстан халқы мақтан тұтады. Елбасымыз «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына көп көңіл бөліп отыр. Бұл бағдарлама ұлтымыздың рухани дамуындағы кешенді тұжырымдама. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы мемлекетімізде қыруар жұмыс атқарылып, халқымыз көптеген тарихи еңбектермен танысты деуге болады. Халықтың мәдениеті оның тілі арқылы қалыптасады. Бұл тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап-ақ өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты 2001-2010 жылдары тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Елбасының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры құрылып, жемісті жұмыс атқаруда. Мәдениет саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бө­лі­не­тін қаражат көлемі жыл сайын артуда. 2005 жыл 133 млн. бөлінсе, 2009 жылы 5 миллиардқа жетті. Бүгін біз, елдің болашағы үшін жауапкершілік барша қазақстандықтарға жүктелетінін түсіне отырып, біртұтас болуға тиіспіз. Қазір бізге қоғамдық келісім саласындағы өзіміздің жетістіктерімізді сақтап қана қоймай, сонымен бірге нығайта беру маңызды. Біз өзіміздің мәңгі құндылықтарымыз, басты ұлттық байлығымыз ретінде, барша қазақстандықтардың игілік негізі ретінде бітім мен өзара түсіністікті сақтауға тиіспіз. Тәуелсіздік тарихында Қазақ­стан­ды талай табыстарға қол жеткізген Көшбасшы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Болашақта Қазақстан биік белестерден көрінуіне, бәсекеге қабілетті елге айналуына біз отандастар атсалысып, Елбасын қол­дауымыз керек. Барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қолдауға шақырамыз. Ақмола облысының мәдениет қызметкерлері.