ТМД мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кезекті кеңесі 8 сәуірде Мәскеу қаласында өтеді. Осыған орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы бүгінгі қарым-қатынастарға қысқаша шолу жасап өтуді ұйғардық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты өзара іс-қимылдың үлгілі мысалы болып қала беретінін атап өткен болатын. Алайда, соңғы жылдардағы сауда-экономикалық байланыстар біршама төмендеп кеткені көрініп тұр. Екі елдің арасындағы тауар айналымының көлемі 2003 жылғы 5,8 млрд. АҚШ долларынан 2014 жылы 20,2 млрд. долларын құрады. Бір қарағанда, бұл жақсы көрсеткіш болғанымен, 2014 жылғы жетістік 2013 жылмен салыстырғанда 15,3 пайызға төмендеп кеткен. Соның ішінде экспорт 6,4 млрд. долларды құрап 8,7 пайызға артса, импорт 13,8 млрд. доллармен 23,17 пайызға азайған. Бұл – Ресейдегі санкциялар соғысы мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған дағдарыстың көріністері екендігі даусыз.
Ал, 2015 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы тауар айналымы 14 575,8 млн. доллар болып, 2014 жылмен салыстырғанда 27,8 пайызға төмендеген. Соның ішінде экспорт 4 343,4 млн. долларды құрап – 32, импорт 10 232,4 млн. доллармен 25,9 пайызға дейін азайған. Бұған жоғарыдағы себептерге қоса, Қазақстан мен Ресейдің ұлттық валюталарының девальвацияға ұшырауына байланысты инвестициялық және өндірістік бағыттағы тауарларға деген сұраныстың төмендеп кеткені әсер еткен. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің ДСҰ-ға енуі де шетелдік тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сәйкес тауарлардың екі елдің рыноктарынан ығысып, шетелдіктерге жол беру факторы да әсер етуде екен.
Бұл 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақтың қадамдарын қарыштата алмаған өкінішті күй болып отыр. Сонымен қатар, сырттың әсерінен болған дағдарыстан басқа да себептер жоқ емес. Мысалы, былтыр МХҚМИ (Мәскеудің халықаралық қатынастар жөніндегі мемлекеттік институты) оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде ЕАЭК Энергетика және инфрақұрылымдар жөніндегі алқа мүшесі (министр) Тайыр Мансұров Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды жұмыс істеу үшін әлі де көп жұмыстар атқаруға тура келетінін атап өткен болатын.
«Экономика мен өзара сауда айналысындағы көптеген проблемаларды еңсеріп, интеграциялық үдерістерді тереңдете түсу қажет. Бұл жердегі мәселелер біздің елдеріміздің экономикалық және қаржылық жүйесінің даму дәрежесі әртүрлі болуымен қатар, экономикаға мемлекеттің қатысуы, ғаламдық экономикалық үдерістерге, тауарлар мен қызметтер, кредиттер мен инвестициялардың айналымына тартылуы бірдей деңгейде еместігіне байланысты болып отырғанын айта кету керек. Тек 2025 жылы ғана ЕАЭО толық ауқымдағы жұмыс режіміне қол жеткізеді деген үміт бар», деген еді ол.
Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар тең құқылық және аумақтық тұтастық қағидаттары ескеріле отырып қалыптасып келеді, осының өзі екіжақты және көпжақты пішімдегі ынтымақтастықтың іргетасын нығайта түсері сөзсіз. Стратегиялық әріптестікті нығайтуға мемлекет басшыларының тұрақты кездесулері өзінің сүбелі үлесін қосуда. Соның ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың 2015 жылдың 8-9 мамырында Мәскеуде болып, Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған шараларға қатысуы мемлекет басшылары кездесулерінің 2015 жылғы шымылдығын ашты.
Айта кететін жайт, Жеңістің 60 жылдығын атап өтуге әлемнің 53 мемлекетінің басшылары келсе, 70 жылдыққа 15-і ғана келуінің өзі геосаяси ахуалдың күрделі екенінен хабар беріп тұрды. Соның ішінде Еуропа мемлекеттері басшыларынан тек Чехия мен Словакиядан басқа, бұрынғы Югославияның орнында пайда болған кейбір мемлекеттердің басшылары ғана келді. Батыс Еуропа елдерінің басшылары еш ыңғай танытпады. Осындай жағдайда Ресейдің берік әріптесі ретінде әрі әлемдегі салиқалы елдердің қатарынан табылатын Қазақстанның болуы шараға қосымша салмақ қосқаны даусыз.
Осы, 2015 жылдың 9-10 шілдесінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Ресей Федерациясына екінші рет сапармен барып, Уфа қаласында өткен БРИКС ұйымы көшбасшыларының кездесу шараларына және ШЫҰ Мемлекет басшыларының кеңесіне қатысты. Ал 16 қыркүйекте Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен Сочи қаласында болған Аймақаралық ынтымақтастықтың ХІІ форумында кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді.
Екіжақты келіссөздер Президент В.Путиннің 14-16 қазанда Қазақстанға келген сапарында одан әрі жалғасты. Ал жылдың аяғында Елбасы Н.Назарбаев дәстүрлі түрде Мәскеуде өтетін ҰҚШҰ мен Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ кеңесіне қатысып, көпжақты келіссөздер жүргізді. Сөйтіп, екі мемлекеттің басшылары бір жылда бес кездесу өткізген екен. Осының өзі Қазақстан мен Ресейдің тығыз саяси-экономикалық байланыста екенін көрсетіп тұр.
Бұдан басқа, Үкімет басшылары деңгейіндегі кездесулер де белсенді жүргізіліп тұрды. Соның ішінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 6-8 ақпанда және 28-29 ақпанда Ресейде екі рет болып, Қазан және Сочи қалаларында әріптесі Дмитрий Медведевпен екіжақты және көпжақты келіссөздер жүргізді. Ал Д.Медведев 28-29 мамыр күндері Қазақстанға келіп, ТМД елдері Үкімет басшыларының кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақ үкіметаралық кеңесінің отырысына қатысты.
Бұлардан басқа, сыртқы саясат ведомстволары басшыларының, парламентаралық ынтымақтастықтың көпқырлылығын көрсеткен кездесулер де жыл бойына өткізіліп тұрды. Мәселен, 18-20 мамыр аралығында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге ресми сапармен барып, РФ Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті және осы палатаның жалпы отырысында сөз сөйледі. Сондай-ақ, РФ Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының тыңдаушылары алдында дәріс оқыды.
2015 жылдың 6 қазанында РФ Мемлекеттік Думасының Төрағасы С.Нарышкин Астана қаласында болған «Еуразиялық экономикалық перспектива» атты халықаралық парламенттік форумға қатысып, сөз сөйледі. Ал жыл соңына қарай, 26-27 қараша күндері Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев пен Мәжіліс Төрағасы Қ.Жақыпов бастаған делегация Санкт-Петербург қаласында болған ТМД ПАА және ҰҚШҰ ПАА отырыстарына қатысты.
Біз жоғарыда Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының көлемі 2015 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеп кеткенін жазған едік. Соның өзінде Ресей Федерациясы Қазақстанның сыртқы сауда әріптестерінің арасындағы көшбасшылардың қатарынан табылып отыр. Нақты айтатын болсақ, Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 19,1 пайызы осы елге тиесілі. Соның ішінде 9,4 пайызды қамтыған экспорт төртінші, 33,9 пайызды құрайтын импорт бірінші орында тұр. Ал Қазақстан Ресейдің сыртқы саудасының 3,1 пайызын құрап, негізгі әріптестерінің арасында 10-шы орын алады (2013 жылы 9 орында еді).
Экономиканың негізгі салаларындағы ынтымақтастыққа тоқтала кететін болсақ, ресейлік компаниялардың қазақстандық жер қойнауын зерттеу жұмыстарына белсене қатысуда екенін алдымен ауызға алуға болады. Осы қатарда «Хвалынское», «Имашев» кен орындарын атап өтер едік. Екіжақты тиімді негізде Қытайға мұнай тасымалдау жұмыстары да жалғасуда. Электр энергиясын өндіру саласында бұрыннан қалыптасқан әріптестік жалғасып келе жатқанымен, Екібастұздың ГРЭС-2-дегі 3-ші энергия блогын іске асыру жобасы тоқтап қалды. Көмір өндіру бойынша Өндірістің бірлескен индикативтік балансы және 2016-2020 жылдардағы көмір тұтыну мәселелері жөніндегі келісім әлі шешімін тапқан жоқ.
Ғарыш саласындағы ынтымақтастық қалыпты дамуда. 2015 жылғы 2 қыркүйекте үшінші қазақ ғарышкері А.Айымбетов ұшқаннан кейін 27 қарашада Мәскеуде «Байқоңыр» кешені жөніндегі үкіметаралық комиссияның 3-ші отырысы өтіп, онда «Бәйтерек» жобасы бойынша одан арғы жұмыстар, сондай-ақ, Төретам мен Ақай кенттерінің әлеуметтік-экономикалық құрылымын дамыту бойынша хаттамаларға қол қойылды.
Екіжақты экономикалық ынтымақтастықта өкіндіретін жайлар да жоқ емес. Соның ішіндегі ең бастысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль магистралінің Ресей аумағымен өтетін бөлігі Қазақстан шекарасына уақытында жеткізілмейтін түрі бар. Бұл мәселе 2015 жылғы желтоқсанда Мәскеуде министрлер деңгейінде талқыланған, Ресей жағы жолды аяқтауға қарсы болмағанымен, бюджеттегі қаржы тапшылығының кесірінен бұл іс ұзаққа созылатын сыңайлы. Осының өзі өте үлкен инвестиция құйылған автомагистральдің өзін өзі ақтауын кейінгі жылдарға қалдыру қаупін туғызып отыр.
Мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың табыстары айтарлықтай. Маусым айында Мәскеуде екі елден 30 автордың шығармалары енгізілген «Қазақстан-Ресей» атты екі тілдегі альманахтың алғашқы нөмірі шықты. «Литературная Россия» басылымы «Казахстанская муза» тақырыбымен қазақстандық ақындардың төрт беттік өлеңдерін жариялады. Шілде айында Қазақстан Президентінің 75 жылдығына арналып «Жасампаз. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейлік көзқарас» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Бұл Қазақстан Елшілігі мен Ресей Журналистер одағының бірлескен жобасы еді. 2015 жылдың желтоқсан айында Астанада «Эрмитаждың күндері» өтті. 17 желтоқсанда Мәскеуде Ж.Бейсенбайұлының «Шоқан Уәлиханов» атты орыс тіліне аударылған кітабының тұсаукесері болды. Бұл жоба қазақтың тұңғыш ғалымының 180 жылдығына арналды.
Жеңістің 70 жылдығына арналған мәдени шаралар да жеткілікті көрінді. 7 мамырда Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан метрополитендерінің стансаларында Қазақстанның Жеңіске қосқан әскери және материалдық-техникалық үлесін жариялаған экспозициялар көрсетілді. Елшіліктің ұйымдастыруымен Ресейдің кең тарайтын бірнеше басылымдарында («АиФ», «Вечерняя Москва», т.с.с.) Рақымжан Қошқарбаев және 28 панфиловшы батырлардың ерлігіне арналған мақалалар басылды. Мәскеудің ардагерлер үйінде Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновке арналған «Подняться в воздух» атты фильмнің тұсаукесері болды. Ал 12 желтоқсанда «Тағзым тауындағы» ҰОС музейінің «Берлинді алу» залына Т.Бигелдиновтің бюсті салтанатты жағдайда қойылып, оның есімін Мәскеуде жаңғырту мәселесі бойынша митинг өтті.
Қазақстандық әншілер мен артистердің қатысуымен бірнеше әдеби-музыкалық шаралар ұйымдастырылды, соның ішінде «Қазақстан мәдениеті: дәстүр және осы заман» атты кеш мамыр айында Астраханьда, «Абай-Лермонтов» атты кеш қараша айында Мәскеуде өткізілді. Сонымен бірге, 20 қарашада Мәскеуде отандастарымыздың Ресейде тұратын қазақтардың 20 аймақтағы 24 қоғамдық ұйымдары өкілдерімен кездесуі болды. Қазақстан Елшілігі, консулдықтар мен Ресейдің Ұлт істері жөніндегі федералдық агенттігінің өкілдері қатысқан бұл кездесудің өте қызықты өткенін айта кету керек. Ресей Федерациясының қалаларында оқитын 70 мыңнан астам қазақстандық студентпен байланыстар орнатылды. Соның 25 мыңы мемлекеттік гранттар есебінен оқиды. Мәскеу ЖОО-ларында оқитындар саны бүгінгі күні 5 мыңнан асады.
Міне, түйіп айтқанда, екі ел арасындағы ынтымақтастық өз деңгейінде дамып келеді деуге негіз бар.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».