Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева Астана қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады. Бағдарлама бойынша, алдымен №10 қалалық емхананың, елордалық денсаулық сақтау басқармасының Call-орталығы және емханаларға келушілерді денсаулық жағдайының дәрежесіне қарай қабылдауды қамтамасыз ететін TRIAGE-жүйесінің жұмыстарымен танысты.
Үкімет басшысының орынбасары емхананы аралап, дәрігерлердің медициналық жаңа құрал-жабдықтарымен жұмыс істеу барысымен танысты. Айта кететін болсақ, елордадағы №10 қалалық емхана «100 мектеп – 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынып, 2014 жылдың ақпан айында ашылған болатын. Емхана бір ауысымда 500 адам қабылдайды, оның 350-і ересек тұрғындар болса, 150-і балалар. Медициналық мекемеде озық технология негізіндегі құралдармен жабдықталған ота жасау кабинеті бар.
Содан кейін Дариға Назарбаева №10 қалалық емханада Астана қаласының медициналық қызметкерлерімен кездесті. Салиқалы әңгіме барысында бүгінде елорданың медициналық саласында орын алған проблемалар мен қол жеткізген жетістіктер жан-жақты тілге тиек етілді. Бүгінде емханадағы дәрігерлердің сырқаттарды қабылдауға бөлінген уақытының 40 пайызы қағаз толтырумен өтеді екен. Осыған байланысты Үкімет басшысының орынбасары қалалық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерік Байжүнісовтен қағазбастылықпен күрес барысы қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрады. «Қағазбастылықпен күрес пәрменді жүргізілуде. Алайда, қазіргі күнде қолданыстағы бағдарламалардың өзі 14-ке жуық. Олардың бәріне жауап беру керек. Біз қағазбастылықты азайту мақсатында осы сәуір айынан бастап смарт-медицина бағдарламасын енгізе бастаймыз. Бұл озық әдіс қағазбастылықты барынша азайтуға тиіс», деді департамент басшысы. Премьер-Министрдің орынбасары қалалық медицина саласында бірыңғай дерек базасын құрып, бұл мәселені толық автоматтандыруды ұсынды. Сонымен бірге, дәрігерлер қауымымен кездесу барысында қала мектептеріндегі балаларды тамақтандырудың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, емханалардағы кезекті азайту және басқа өзекті мәселелер тілге тиек етілді.
Үкімет басшысының орынбасары Астана қаласы әкімдігіне қарасты кәсіптік-техникалық колледжде болды. Мұнда жетім және ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған балалар мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады. Колледж бүгінгі заманның озық оқу-өндірістік шеберханасымен, спорт және акт залдарымен, медициналық орталық кітапхана және жайлы жатақханалармен жабдықталған. Астана әкімдігінің кәсіптік-техникалық колледжінің ұжымымен және оқушыларымен өткен кездесу барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қазақстанның еңбек нарығында ІТ саласының мамандарына деген сұраныстың артатындығын мәлімдеді. «Алдағы уақытта ІТ мамандарына деген сұраныс елеулі түрде артады. Біз қазіргі кезде сандық Қазақстан бағдарламасымен жұмыс істеудеміз. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, алдағы үш жылда елімізге 65 мың ІТ мамандары керек болады. Яғни, осы мерзімде жыл сайын біздің колледждер мен институттар шамамен 20 мың маман даярлауы керек», деді Дариға Назарбаева. Осы мәселе төңірегінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектептерде, колледждерде информатика және ақпараттық технологиялар пәндері ағылшын тілінде жүргізілетіндігін айтып өтті.
Үкімет басшысының орынбасары бұдан кейін №81 «Astana English Shool» атты дарынды балалар гимназиясының оқу үдерісімен танысты. Гимназия қабырғасында болған әңгіме барысында мектептерде ағылшын тілін тереңдетіп оқыту мәселесі тілге тиек етілді. Сонымен бірге, педагогтар ұжымы өкілдерімен үш тілді және бес күндік оқыту жүйесін енгізу мәселелері сөз болды. «Жастар» театрында болған кезінде Үкімет басшысының орынбасары театр өнері өкілдерімен мәдениет және өнер саласын дамыту мәселелерін сөз етті. Сенбі күні Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның елордадағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысу сапары жалғасатын болады.
«Егемен-ақпарат».