02 Сәуір, 2016

Дуалдық жүйе кәсібиліктің қадірін арттырады

407 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Found_14478766_831056Талғар политехникалық колледжінің директоры Жұмағали КЕБЕКБАЕВ жастарға кәсіптік-техникалық білім берудің болашағы туралы әңгімелейді – Алдағы 2017 жылдан бастап Елбасының тапсыр­масына сәйкес елімізде кәсіп­тік-техникалық білім беру тегін жүргізілетін болады. Сіз басқарып отырған поли­тех­никалық колледждің бұл талаптарға дайындығы қалай? – Біз осы күннің өзінде-ақ болашақ мамандарға тегін білім береміз. Талғар политехникалық колледжінің басты ерекшелігі де сол – жаппай жұмысшы мамандарын даярлауға бейімделген оқу орны болып саналуында. Мәселен, аспаз мамандығын таң­даған түлектерді 9 сыныптан кейін қабылдаймыз, 2 жыл тоғыз ай дәріс береміз. Дәл осы үлгімен тігінші, электромонтер, газбен темір пі­сіруші, электрмен дәнекерлеуші, автослесарь, компьютерлік қон­дырғыларды жөндеуші-техник мамандығы бойынша оқытылады. Былтыр бір орынға үш үміткер таласты, емтихан тапсыра алмағандар қабылданбады. Баяғы училищедегі секілді, нашар оқыған балалар колледжге емтихансыз да түсе береді деген ұғым бар. Бізде олай емес. Бәрі де тегін білім алады. Соған сай болуы тиіс. – Парламент Сенатының бір отырысында халық қалау­лылары кәсіптік-техникалық салада білім беретін оқу орындары түлектерінің 40 пайызы кейін жұмыс таппайды деді. Сіз бұған не дейсіз? – Бұл мәлімет те біздің оқу орнының аясында шындыққа жанаспайды. Себебі, бізде барлығы 71 мұғалім, 30 жұмысшыдан тыс 587 оқушы бар. Оқу бітірген шәкірттеріміздің 100 пайызы жұмысқа орналасады. Міне, бүгінде 149 түлек колледжді тәмамдау алдында тұр. Барлығының баратын, жұмыс орны дайын. Қазір олар тәжірибе алу үшін өндірістік дәрісте жүр. Ашығын айтсақ, біздің жылдағы атқаратын қызметіміз де кәсібіміз де осындай. Демек, сіз тілге тиек етіп отырған мәлімет басқа коллеждерге қатысты болса керек. Мәселен, бізге көрші әріптес оқу орнында өндіріс басқарушыларын дайындайды, қазіргі кәсіпкер ондай мамандыққа зәру емес. Өйткені, оның іс басқарушысы да, өндіріс басқарушысы да өзінің баласы, туысы, жақыны тағы басқалар дегендей. Олар бұл мәселені ерте бастан-ақ шешіп алған. Сондықтан да колледждің бүгін дайындап шығарған басқарушы маманы жұмыссыз қалады. Ал бізде, қайталап айтайын, ондай проблема жоқ. – Дегенмен де сіз басшылық жасап отырған политехникалық колледжде шәкірттер шынымен де ақы төлемей ме? – Жалпы, елімізде кәсіптік-техникалық оқу орындарында жастарға бұрын да, қазір де тегін білім беріліп келді. Біздің облысымызда 72 колледж болса, оның ішінде 22-сі жұмысшы мамандығын дайындайтын оқу орны ешуақытта ақша алып оқыт­қан емес. Ақылы колледждер бар, олар жоғарыда айтқандай, жұ­мысшы мамандығынан басқа кәсіп бойынша кадрлар даярлайды. Біз өз колледжімізден неге ақылы бөлім аштық? Өйткені, аспаз мамандығы үшін мемлекеттік бюджеттен 50 балаға ғана арнап қаржы бөлінеді. Ал аспазға сұраныс өте көп, бір орынға 3-4 баладан айналады. Өз жарғымызда көрсетілген талаптарға сәйкес біз әлгі 50 баладан тыс үміткерлерге ақыға сабақ береміз. Сол себептен де, мәселен, автослесарьларға ақылы қызмет көрсететін техникалық шеберхана ашып бердік. Found_16775778_778059– Сонда бюджетке кірмеген, бірақ, аспаз мамандығын ал­ғысы келетін үміткер қанша теңге төлеп оқиды? – Небәрі 14500 теңге. Он айда 145 мың теңге! Олардың қолын қақпаймыз. Өйткені, бүгінде аспаз мамандығына сұраныс өте көп, әрі олар оқуды бітірген соң бірден жұмысқа тұрады. – Осы саланы мұқият мониторинг жасаған сенатор­лар қорытынды жасай келіп, «Елі­мізде шын мәнінде жұмыс­шыларды даярлау нарық сұра­нысына жауап бермейді . Ең бас­тысы – олардың білімі сапасыз. Ондай біліммен жұмысқа да орналаса алмайды», дейді... – Біз оқу-тәжірибелік бағдар­лама жасаған кезде бәрін де алдын-ала тиянақтап аламыз. Түйт­кілдерді ескереміз. Оқу жылының қарсаңында мектептерге барып даярлап отырған мамандығымыз туралы түсінік беріп, колледжбен таныстырамыз. Осыдан бес жыл бұрын ғана аудиторияны толтыра алмай дағдарып қалатын едік. Шынын айтсам, бәрі де қаражатқа байланысты болады емес пе?! Сенаттың – 2, Мәжілістің 7 депутаты мен облыс әкіміне колледждің материалдық базасы нашар екендігі туралы тәптіштеп отырып хат жаздым. Содан бізге ақша түсті. Ісіміз алға басты. Біздің аймақта киім тігетін үш фабрика бар. Біз солармен шартқа отырып, болашақ мамандарымыздың уақытының 60 пайызын сонда өткізетін дәрежеге жеттік. – Дуалдық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне осылайша жол аштық дейсіз ғой?! – Кезінде Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Білім және ғылым министрінен бастап белді мамандар Германия мен Оңтүстік Кореяның осы саладағы тәжірибесін елімізге алып келді. Бүгін біз айтып жүрген дуалдық техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесі елімізде солай пайда болды. Бірақ, біздің аймақта оған жұмыс беруші тарап мүдделі емес. Біз мүдделіміз. Мәселен, Германияда немесе Австрияда белгілі фабрика аталмыш оқу жүйесіне сәйкес өз станогын колледждің шеберханасына орнатып, болашақ мамандарды соған жұмыс істеуге бейімдейді. Осы тұрғыдан келгенде біздің кемшін түсіп жатқан жайымыз бар. Жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары мұны реттейтін заң қабыл­дауы керек. Ал әзірге біз әлгі фабри­калардың, атап айтқанда, «Гласман» фабрикасының есігін амалсыздан тоздыруға мәжбүрміз. – Аудиторияда дәріс алып, өндірісте өнімді жұмыс істеуі үшін де оқушыларға жайлы жатақхана керек екені даусыз... – Өте жанды жерге тиген сауал болды. Талғар қаласына кірер ауызда бірден көзге ұратын үлкен сары ғимарат тұр. Сол біздің 480 орындық жатақханамыз болған екен. «Болған екен» деген себебім, 1994 жылы жатақхана 40 мың теңгеге сатылып кетіпті. Сонымен, бізде қазір жатақхана жоқ. Оқу­шыларымыз үш ауданның: Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар ауданда­рының аумағынан автобус­пен қатынап оқиды. Көбісі 60 шақы­рымдай жолды артқа тастап келіп сабаққа үлгеріп жүр. Кейбірі осын­дағы ағайын-туыстарының үйінде, кейбірі пәтер жалдап тұрады. – Бұлайша алыстан қатынап оқу баланың сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізбей ме? – Соған қарамастан, бізде әскери тәртіп орнатылған. Бала колледждің ауласына таңғы сағат 8.00-де кіруі керек, Әнұранымызды орындап алып, денешынықтыру жаттығуымен айналысады. 8.30-да сабақ басталады. Жасөспірімдер тәр­биесі мұқият болуды талап ете­ді. Сондықтан да топ жете­к­шілері 15.00-де сабақ біткен соң алысқа баратын балаларды ав­тобустарға отырғызып, жолға сал­ып жібереді. Көз жазбай бақылауда ұстайды. Жасы 18-ге толмаған өскіндерді бір сәт те назардан тыс қалдыруға болмайды. Ал енді колледждегі ішкі тәрбие жұмысының ауқымы туралы айтар әңгіме өз алдына бір төбе. Жұмысшы кадрлар елімізге қай кезде де керек болған, керек бола береді де. Үлкен көшеге «Маман­дығым – мақтанышым!» деген билборд ілдік. Насихаттау да керек. Жұмысшыларды көтермелеу ісі аздаған үзілістен соң қайта қолға алына бастағаны қуантады. – Мемлекет тарапынан кәсіп­тік-техникалық мамандық ие­лерін дайындау ісіне әлі де көңіл бөлу керек шығар? – Өте дұрыс айтасыз. Ол үшін алдымен сала бойынша кең көлемде мониторинг жасалғаны абзал. Арнайы заң шыққанға дейін еліміздегі барлық салалық колледждердің қаншасы пайдалы, қаншасы пайдасыз деген сауалдама төңірегінде сараптама жүргізілсе тіптен құба-құп. Сонда ғана мемлекеттің бюджеттен бөлінген ақшасының тиісті жеріне қаншалықты төтелей жетіп жатқаны анықталады. Мем­лекет кәсіби білім беру үшін бір балаға үш жылда бір миллион теңге жұмсап отыр. Ал ол бала ертең оқуды бітіріп алған соң жұмыссыз жүреді. Сол жөн бе? Кәсіби тұрғыдағы сараптау қажет деп отырғаным сол. Бүгінгі біз тәрбиелеп жатқан жұмысшы кадрлардың болашақ даңғыл жолы сонда ғана көз алдымызда айқындала түспек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Нұрманбет ҚИЗАТОВ.