топтастырылған кітаптың тұсаукесер рәсімі «Экспресс К» газетінің редакциясында өтті
«Ол жас – он молодой» деп аталатын бұл өзгеше кітаптың авторы белгілі журналист Тілеужан Есілбаев. Жинаққа оның 2008 жылдан бастап қазақтың аса көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, дипломат, лингвист Олжас Омарұлы Сүлейменовпен соңғы жеті жыл бойы жүргізген сегіз сұхбаты кірген екен. Уақытпен бірге тыныстаған заманауи сұхбаттар автордың өзі қызмет атқаратын республикалық қоғамдық-саяси «Экспресс К» газетінде едел-жедел жарияланып тұрғанын зейінді де бейілді қауым біледі.
Бұл сұхбаттарда жұртшылықты толғандырып жүрген көптеген көкейкесті мәселелердің кең ауқымда қамтылғаны байқалады. Көзге сүйкімді, қолға толымды көзайым кітапты алғаш парақтағанда тақырыптардың өзінен-ақ олардың ұлттық әдебиет пен мәдениеттің тағдыры, Қазақстанның әлемде алар орны, саясат пен тарих, лингвистика мен тілдің дамуы, жалпы әдебиет пен қоғам хақындағы азаматтық һәм ақындық өрелі толғаныстар екендігін пайымдаймыз.
Әлбетте, Олжас Сүлейменовтің кез келген мәселедегі пікір-пайымы, көзқарасы ешкімді ешқашан бейжай қалдырып көрген емес. Мына сұхбаттарда әлемге әйгілі қаламгердің өзі бел ортасында болған ХХ-ХХІ ғасырлардың оқиғаларына берген дәл де дәйекті бағасын білу оқырманға қызық болмағы шүбәсіз. Өйткені, Олжекең сұңғыла зергерлікпен соншалықты дәл сипаттағандай, Кітап пен Әдебиеттің мән-маңызы жеке адам үшін ғана емес, жалпы қоғам мен ел үшін қашанда бірінші кезекте, бірегей орында тұрмақ.
Тілеужан Есілбаев осы жайларды айта келе, Олжас Омарұлына кітаптың сүйінші данасын үйіне апарып сыйлағанын, ол кісі еңбекке ырзашылық білдіргенін жеткізді. Сонымен бірге, сұхбаттардың қазақша нұсқасының қоса берілуі жинақты неғұрлым толыққанды толайым етіп, құндылығын арттыра түскен. Автор бұдан әрі сұхбаттарды қазақ тіліне тұщымды әрі жатық аударып шыққан журналист Ескендір Ертайдың ілкімді еңбегіне алғыс айтты. Сондай-ақ, үлкен ғалым, олжастанушы десек жарасымды, Сафар Абдуллоның алғысөзі де мол мағлұматтар беріп, мәйекті ойлар төгіп, кітапты көркейтіп, мазмұнын ашып тұрғанын айтқан ләзім.
«Экспресс К» газеті редакциясының бас директоры Әділхан Нүсіпов Олжас Сүлейменов газеттің үлкен досы, тұрақты авторы әрі оқырманы екенін алға тартып, аталмыш жобаның осылай тамаша іске асқаны өздерін мақтаныш сезіміне бөлеп отырғанын баса айтты. Әрі редакцияның Еуразиялық Топпен бірге кітаптың шығуына демеушілік жасағанын көптің қаперіне салды.
«Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Александр Тараков, журналист Сергей Лесковский және басқа сөйлеушілер авторды осынау айтулы еңбекпен құттықтап, Олжас Сүлейменовпен жүйелі сұхбаттар кітабының Вашингтонда өтіп жатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит қарсаңында шыққанын, осынау күндерде Қазақстан мен АҚШ Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасауын жақсылық жорасына балады.
Олжас ақын, Олжас азамат басында тұрған «Невада-Семей» қозғалысы тұтатқан үміт отының осылай лаулай түскені ғанибет қой. Алда – Семей полигоны жабылуының 25 жылдығы. Олай болса, дарынды журналист Тілеужан Есілбаевтың заманымыздың ақиық ақыны Олжас Сүлейменовпен сұхбаттар кітабы ортақ мұратқа олжа салғаны анық.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.