Еуропалық одақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2016 жылдың 2 наурызында қабылдаған қарарына сәйкес, Солтүстік Кореяға қатысты санкциялар ауқымын көбейтті. Бұл жөнінде Еуроодақ таратқан коммюникеде айтылған.
Еуропалық одақтың хабарламасында осыған байланысты: «2016 жылдың 31 наурызында Еуроодақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2016 жылдың 2 наурызында қабылдаған №2270 қарарына сәйкес, КХДР-ға қарсы шектеу шараларын кеңейтті», – делінген. Санкция Солтүстік Кореяның қарулы күштерінің жауынгерлік мүмкіндіктерін дамытуға үлес қоса алатын кез келген заттардың (азық-түлік пен дәрі-дәрмектен басқа) экспорты мен импортына тыйым салуды көздейді. Осы құжат Еуроодаққа мүше елдерді Солтүстік Кореяға жеткізілетін барлық жүктерде тыйым салынған тауарлар мен технологиялардың болмауын тексеруге, сондай-ақ, әуе және теңіз кемелерінің жүктеріне тыйым салуға, оларды тіркемеуге міндеттейді.
Жылдық пайдасы – 30 миллиард доллар
Әлемдік ақпарат агенттіктерінің хабарлауына қарағанда, кокаинды Еуропаға астыртын жеткізумен айналысатын италиялық «Ландрангета» деп аталатын қылмыстық тобы жылына 30 миллиард доллар пайда табады. Бұл әлемдік есірткі бизнесінің алтыдан бір бөлігі екен.
Бәсекелестерінен озып тұрған бұл қылмыстық топтың мүшелері мексикалық және колумбиялық есірткі сатушылардың сеніміне кірген көрінеді. Агенттіктердің ақпараттары бойынша, Италияның ең ірі Джона Тауро портына тәулігіне шамамен 8 мыңдай жүк контейнері келеді. Тәртіп сақшылары осыншама контейнердің әрбірін тексеріп шығу мүмкін емес екендігін айтады. Ал Италия билігі есірткі бизнесімен күресу үшін жыл сайын 2,5 миллиард еуро жұмсайды екен.
Басты күдікті Францияға экстрадицияланады
Бельгияның билігі өткен жылдың 13 қарашасында Парижде болған террорлық актілерге басты күдікті ретінде ұсталған Салах Абдесламды Францияға экстрадициялауға шешім қабылдады.
Бельгия мемлекеттік прокурорының хабардар етуінше, С.Абдесламды Франция еліне тапсыруға рұқсат етілген. Төрт айға жуық бой тасалап жүрген терроршы 18 наурыз күні Брюссельде ұсталған еді. Оған Парижде 130 адамның өмірін жалмаған террорлық шабуылдарды жоспарлап, оны жүзеге асыруға ықпал етті деген айып тағылып отыр. Терактілерге жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мойнына алған болатын. Ал Абдесламның адвокаты Седрик Моис күдіктінің Франция билігімен «ынтымақтасқысы» келетінін мәлімдеді. Францияның әділет министрі Жан-Жак Урвоаның мәлімдеуінше, басқадай бір «төтенше оқиға» бола қалмаса, С.Абдеслам алдағы 10 күн ішінде экстрадицияланады.
Қысқа қайырып айтқанда:
- Соңғы 40 жылда әлемде артық салмағы бар ересек адамдардың саны 105 миллионнан 641 миллионға дейін өскен. Егер жағдай әрі қарай жалғаса берсе, 2025 жылға қарай салмағы артық ер адамдардың үлесі 18 пайызды, ал әйелдердің үлесі 21 пайызды құрайды екен. Артық салмақтылардың «көшін» Қытай мен АҚШ бастап тұр.
- Вьетнамның ұлттық жиналысында дауыс беру нәтижесі бойынша ел президенті Чыонг Тан Шанг қызметінен босатылды. Жиналысқа қатысқан 473 депутаттың 447-сі оған қарсы дауыс берген.
- Ливан қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері елде адам саудасымен айналысатын ірі қылмыстық топты талқандады және кәмелеттік жасқа толмаған 75 қыз баланы құлдық зорлық-зомбылықтан босатты.
- АҚШ-тың Миссисипи штатында «қыдыруға» жіберілген ит өзінің иесіне ішінде жарты кило есірткі бар пакет әкелген. Иттің иесі оны жергілікті полиция бөлімшесіне апарып берген, олар осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатыр.
Экстремистермен күрес мәселесін талқылады
«Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Барак Обама Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит кезінде Түркия президенті Режеп Тайып Эрдоғанмен кездескен.
Кездесуде тараптар «Ислам мемлекеті» экстремистік топтарымен күресті күшейтуге қатысты мәселелерді талқылаған. Сондай-ақ, Барак Обама Түркия басшысына ондаған адам өмірін қиған Диярбақырда орын алған террорлық актілерге байланысты көңіл айтқан және АҚШ Түркияның қауіпсіздігіне қолдау білдіретінін атап өткен. Айта кетейік, соңғы кезде АҚШ пен Түркия арасында кейбір мәселелерге байланысты өзара түсініспеушілік көрініс берді. Негізінен ол Вашингтонның Сирияда экстремистермен күресіп жүрген күрд жасақтарына қолдау көрсетуіне қатысты. Бұған Анкара бұрыннан-ақ қарсы.
Сайлау өткізуге келісетін сыңайлы
Сирия президенті Башар Асад, егер Сирия халқы мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қалайтын болса, онда бұған өзінің келісім беретінін мәлімдеді. Бұл мәлімдемені ол «Новости» ақпарат агенттігіне берген сұхбаты барысында жасаған.
«Бірқатар оппозициялық күштер емес, халық өз еркімен сайлау өткізуді қалайтын болса, ол мен үшін проблема емес, – депті президент осы мәселе жөнінде. – Мұндай қадамға бару үшін бізге президенттің немесе үкіметтің пікірі емес, Сириядағы қоғамның пікірі қажет». Сирия басшысының пікірінше, мемлекет басшысы азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы сайлануы тиіс. Сұхбат барысында Башар Асад уақытша бейбіт келісімге де тоқталып өткен. Оның сөзіне қарағанда, уақытша келісімге келуді қол жеткізілген табыс деп бағалауға болады.
Ұшқышты өлтірді деген күдікті ұсталды
Түркияның полициясы Измирде Ресейдің Су-24 ұшағының ұшқышы Олег Пешковтың өліміне себепші деп танылған Альпарслан Челиктің ұсталғаны туралы ақпаратты растады.
«Новости» агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда полиция өкілі А.Челиктің қазіргі кезде қамауда отырғанын ғана айтқан. Кейбір мәліметтер оның 31 наурыз күні тұтқынға алынғанын, ал операция 30 наурызда кешкісін Измир қаласындағы бір мейрамханада жүзеге асырылғанын көрсетеді. Челикпен бірге 15 адам ұсталған. Күдіктілерден Калашников автоматы, екі тапанша және оқтар алынған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.