Елдегі мемлекет есебінен жатыпішер арамтамақтарға, сұрқия сыбайласқан жемқорларға қарсы бағытталған күрес күннен-күнге қанатын кең жайып, күшіне еніп келеді. Бұл орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы Елбасының берген тапсырмаларына сай ел игілігі үшін атқарылып жатқан істер баршылық. Осы жалпыхалықтық ардақты іске дем беруде жаңадан қайта құрылып жатқан қоғамдық кеңестердің орны бөлек болып тұр. Мәселен, соның бір айғағы ретінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жанындағы Қоғамдық кеңес жұмысын айтуға болады. Бұл сөзімізге нақты дәлел, кеше осы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы О.Әбдікәрімов төрағалық етті.
Аталған іс-шараға кеңес мүшелері, министрліктің құрылымдық бөлімшелері, ведомствоға қарасты ұйымдардың – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының, «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-тың басшылары да қатысты.
Жиналыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері комиссия қызметінің негізгі бағыттарын қалыптастыру, ағымдағы жылдың жұмыс жоспарына өзгертулер енгізу бойынша жаңа мәселелерді қарастырып, сондай-ақ, министрліктің құрылымдық бөлімшелер мен ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметімен танысты. Мәжілістің қорытындысы негізінде Қоғамдық кеңестің негізгі бағыттары бойынша төмендегідей: министрліктің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру мен бюджеттік бағдарламалардың орындалуы мониторингі бойынша; мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру мәселелері жөнінде; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін талдау жөнінде; әдеп ережесі мен әдеп жөніндегі уәкіл мәселелері бойынша 4 комиссия құрылып, бекітілді.
Аталған комиссия төрағалары болып мемлекеттік қызмет саласына еңбегі сіңген ардагер Қараболат Нұртазин, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет кафедрасының профессоры Зинаида Федотова, Парламент Сенатының депутаты Георгий Ким және Қазақ гуманитарлық-құқық университетінің профессоры, Президент жанындағы рақымшылық жасау комиссиясының мүшесі Төлеш Каудыров тағайындалды.
Отырыста кеңес мүшелері «Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметінің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын талқылады. Қазіргі таңда барлық орталық мемлекеттік органдарда және облыс әкімдіктерінде Әдеп жөніндегі уәкілдер тағайындалған, олар мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік нормаларын сақтауын қадағалауға міндеттелген. Әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетуге, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және ұжымдағы моральдік-психологиялық жағдайды зерттеуге құзырет берілген. Қоғамдық кеңеске өз дәрежесінде жұмыс жасауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ, кеңес мүшелері бекітілген кестеге сәйкес, апта сайын азаматтармен жеке қабылдау өткізу үшін министрлік тарапынан арнайы бөлме бөлінді.
Министрлік жанындағы Қоғамдық кеңестің құрылу мақсаты – барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдау үдерісінде коммерциялық емес ұйымдардың және жеке азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету, халық алдында есеп беруші мемлекетті қалыптастыру саясатын жүзеге асыру болып табылады. Ал кеңестің алғашқы отырысы ағымдағы жылдың 29 ақпанда өтіп, оның төрағасы, хатшысы және президиум құрамы сайланған болатын.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».