«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық өнімді арттыру мен елдегі тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында импортты алмастыру тәсілін ұсынған болатын. Осы орайда ел экономикасына айтарлықтай үлес қосуға бағыт алған бұл бастаманың болашағы баянды боларына сенім мол.
Бұл ретте аталған тың тәсіл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Евгений Больгерт тілшілер қауымына бірқатар мәліметтерді жеткізді. Баршаңызға белгілі, Елбасы өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше мән беріп келеді. Әрине, бұл салада қазіргі таңда бәсекелестік жоғары, деген ол әрі қарай палата тарапынан отандық өнімдерге қолдау көрсету үшін импортты алмастыру бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын хабарлады.
Сонымен қатар, ұлттық палатаның сарапшылық қызметінің арқасында қазақстандық компаниялар белгілі бір тауар топтарын импорттамай, оны Қазақстандағы отандық өндірушілерден алу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл ретте жасалған талдау барысында елімізде импорт орнын алмастыратын 150 тауар белгіленді. Оның ішінде металлургия, машина жасау, химия, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп пен тағам, қаптау, жиһаз, ағаш өңдеу секілді өңдеу өнеркәсібінің бірнеше саласына талдау жасалды. Және де Евгений Больгерттің айтуы бойынша, елімізде құрылыс саласында импорт көлемінің уақыт санап азайып келе жатқандығы көңіл қуантады. Осы орайда құрылыс жұмыстарына отандық құрылыс материалдарының 74%-ы қолданылатыны белгілі болды. Ал осы саланың алға жылжуына зор септігін тигізіп отырған ірі құрылыс салушылар мен отандық өндірушілердің жүйелі жұмыстарын айта кету керек.
Сондай-ақ, елімізде тамақ өнеркәсібі бойынша 2000-ға жуық кәсіпорын жұмыс істеуде. Тағам өнімдерімен еліміз 80% қамтамасыз етіліп отыр. Ал қалған 20%-ы біздің елде өндірілмейтін, яғни экзотикалық өнімдер болып табылады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда табиғи, таза өнімдерге сұраныс артуда. Қытай нарығы біздің ет өнімдеріне, өсімдік майларына сұраныс жасап отыр. Алдағы уақытта палата тарапынан өз нарығымызды толық қамтамасыз ету бойынша және отандық өнімдерді экспортқа шығару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілмек.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».