Тәуелсіздік алардан бір жыл бұрын Қарағанды пединститутының дене тәрбиесі факультетін бітіргеннен кейінгі ширек ғасырлық жұмыс тәжірибемде ұққан бір ұлағатты жағдай сол, спорт адамның бойында көпшілдік, елшілдік, жолдастық, отаншылдық сияқты жақсы қасиеттерді тәрбиелейді екен. Қарап отырсам, менің еңбек өтілімнің өзі Тәуелсіздікпен құрдас. Олай болса, осы жылдарда өз пәнім арқылы қаншама елжанды, ізгілікке құмар, жақсылыққа құштар балаларды мектеп қабырғасынан тәрбиелеп шығарғанымды көзіме ойша елестетсем, мақтаныш сезіміне бөленемін. Мысалы, ана бір жылдарда Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы №12 қазақ мектеп-гимназиясында денешынықтыру пәнін жүргізген едім. Кейінгі бірнеше жылда Талғарда орнығып, ұстаздық етіп жүрсем, сондағы талапты шәкіртім Дәрменияр Қыдырбекұлы аудан әкімінің орынбасары болып алдымнан шықты. Оқушы кезінде спортты жақсы көруші еді, сергек те елгезек болатын, міне, жас та болса жарқын белеске жетіп, ел игілігі жолына үлес қосып жүргеніне мерейленіп қалдым.
Елбасымыздың білім-оқу саласына ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасауының арқасында қазір қай мектептің болсын спортпен айналысу, денешынықтыру пәнін мазмұнды жүргізу орайындағы материалдық базасы жақсы. Сексен жылдық тарихы бар, қазақтың талай игі жақсыларын түлеткен біздің мектебімізде де солай. Спорт залымыз талапқа сай. Әр спорт саласымен айналысуға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар, басқадай да жан-жақты жағдайлар баршылық. Иә, қазіргі өзгерген заманда жас ұрпақ көңілінің қалауы да өскелең. Олар ғаламтор, теледидар арқылы спорт жөніндегі ақпараттарға қанық. Ата-аналары да келіп, баласының бейіміне орай қай спорт түрімен шұғылдануы керектігін ақылдасып тұрады. Міне, осы кездерде мұғалім де біліктілік танытуы тиіс. Сондайда дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар берген оқушыларымыз спорттың әр түрінде өзіндік жетістіктерге жетіп те жүр.
Біздің басты міндетіміз – дені сау, қоғамға қызмет етуге қабілетті, санасына саламаттылық салтын сіңірген салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Олардың бәрі бірдей керемет спортшы болып шығуы шарт емес. Бірақ елін сүйетін, шымыр да шыныққан, өмірге құштар, сергек те серпінді азаматтар болып өссе, еліміздің болашағы жарқын болмақ. Бүгін осы ұрпақты елжірей сүйіп біз тәрбиелесек, ертең олар да елім дегенде еміреніп тұрар дарқан жүрекпен орда бұзып, қамал алары хақ.
Міне, осы орайда спорт алтын дәнекер, денешынықтыру пәні елжандылыққа тәрбиелеудің құралы екеніне көзім барған сайын жете түсуде. Әр сабақта балалардың спортқа деген қызығушылығын оятуға тырысамын, үлкен өмірде үлкен табыстарға жету жолындағы спорт пен саламаттылықтың пайдасын тәптіштеп түсіндіремін. Неліктен «тәні саудың жаны сау» болатынының терең мағынасына үңілдіремін. Оқушыларымды ұлттық спорт ойындарына ынталандырамын, ол жайында әуелі әңгімелеп айтамын. Әр тоқсанда 2-3 сағаттан уақыт бөліп, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, аударыспақ сияқты дәстүрлі ұлттық спорт түрлеріне баулимын. Балалардың көздері осындайда жанып-ақ кетеді. Осындай қызықты, мағыналы дәстүрлері бар туған халқын, елін сүйетін сезімдері оянып жатқанын әр сәт сайын байқап, өзім де сүйінемін. Әлбетте, сыныптан тыс уақыттарда волейбол, баскетбол, футболмен айналысуға да үлкен көңіл бөлеміз.
Бір айтарлығы, біздің Талғарда армрестлинг, яғни қол күрестіру спорты жақсы дамыған. Бұл ретте талғарлық спортшылар әлемдік, халықаралық жарыстардың да талай мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып келеді. Солардың арасында мектеп оқушылары да бар. Қол күрестіру спортын біздің мектептің өрендері де соңғы уақытта жақсы меңгере бастады. Мектептер мен колледждер оқушылары арасындағы VIII жазғы спартакиадада шәкірттерім Кәмила Жаңабатыр мен Адас Елдар жүлделі екінші орынды еншіледі. Өзім Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып Өскеменде өткен республика чемпионатынан күміс жүлдемен оралдым. Бұған мектеп ұжымы да мерейленіп, оқушыларым да мәз.
Түйіндеп айтарым, мектебімізде денешынықтыру пәнінің мәртебесі жоғары. Себебі, оның өскелең ұрпақты отаншылдыққа, саламаттылыққа тәрбиелеудегі үлесі зор. Еліміз осыған жағдай жасап отыр. Ал спортты сүйген адам өзінің елін, көк Байрағын да сүйіп өсетіні шүбәсіз.
Арман ОТАРБАЙ,
Талғар қаласындағы
Сәкен Сейфуллин атындағы №2 қазақ орта мектебі денешынықтыру пәнінің мұғалімі.
Алматы облысы.