Халық сайлаған Парламент халық билігін жүзеге асырды: Елбасы өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуге мүмкіндік беретін заң қабылданды.
Бұл – халық қалауы, ел тілегі.
Елбасы ел тілегін ескереріне сенеміз.
Ескеруге тиісті де.
Елбасының өкілеттігін ұзарту бойынша республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ осы идеяны қолдаған 5 млн-нан астам қазақстандықтардың атынан Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына Қазақстан Конституциясына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігін көздейтін өзгерістер енгізу туралы мәселені шығаруды сұрап, Парламент депутаттарына Үндеу жасады. Сондықтан, Конституцияның 58-ші бабы 4-ші тармағын басшылыққа ала отырып мен Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы шешім қабылдадым, деп бастады өзінің сөзін Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов кеше Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында.
Одан әрі Төраға Конституцияның 91-бабы 1-ші тармағына сәйкес, егер Президент Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда заң шығарушы орган палаталары әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төрт (4/5) даусымен Парламент Конституцияға осы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы заң қабылдауға құқылы, дей келіп, сөзді заң жобасын жасау бастамашыларының бірі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевке берді.
Қазақстан Республикасы Конституциясы 91-бабының 1-ші тармағына сәйкес Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Республика Президентінің шешімімен өткізілетін референдум арқылы жүзеге асады. Осыған орай Мәжілістің 59 және Сенаттың 26 депутатынан тұратын топ Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға мүмкіндік бере алатын өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заңды қабылдайсыз ба деген үндеумен шыққан болатын. Бірақ Елбасы бұл ұсынысты қабылдамады. Ал бірақ Конституцияның 91-бабы 1-тармағына сәйкес, Төраға айтып өткеніндей, Парламент палаталарының әрқайсысындағы депутаттардың жалпы санының бестен төрті дауыс беру арқылы Ата Заңға өзгеріс енгізу туралы заңды өздері қабылдай алады, дей келіп одан әрі шешен Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқының алдында сіңірген зор еңбегін еске ала отырып, референдум арқылы оның өкілеттігін ұзартуға мүмкіндік беретін осы заңды қабылдау керектігін айтты. Сонымен қатар, деді ол, Тұңғыш Президенттің Елбасы ретіндегі қоғамдық-саяси мәртебесін Ата Заңның шеңберінде тану мақсатымен «Елбасы» сөзін Конституцияның 42-бабының 5-тармағында бекітуді ұсынамын. 46-бабтың 4-ші тармағын да осыған сәйкестендіру үшін «Елбасы» сөзімен толықтыру ұсынылады. Бүгінгі күнге дейін «Елбасы» сөзі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы туралы» конституциялық заңда қолданылған. Осы түсінікті Конституциямен бекіту (қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінде де) Қазақстан халқының тілегіне толық сәйкес келеді деп ойлаймыз, деді шешен. Келесі сөз Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевке берілді. Қаралып отырған мәселенің тарихи мәні мен Қазақстанның одан әрі дамуындағы маңыздылығы Сенат пен Мәжілісте жан-жақты талқыланып, Парламенттің қос палатасы оған бірауыздан қолдау көрсетті, деп бастады ол өзінің сөзін.
Бұл бастаманың қажеттілігі, ең алдымен, Елбасының тікелей басшылығы арқасында Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген жетістіктерін баянды ету және тәуелсіздік, саяси тұрақтылық, бәсекеге қабілеттілік пен жаңғырту идеяларының қоғамда нық орнығып, еліміздің өркендеуі жолындағы тарихи сабақтастықтың жалғасын табуымен тығыз байланысты.
Бүгінде бүкіл әлем мойындаған тәуелсіз Қазақстанның зор экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы биік мәртебесі Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы қайраткерлігінің нәтижесі. Әсіресе, еліміздің дамуында нарықтық экономика және сындарлы сыртқы саясат қалыптастырудағы, қаржы-экономикалық дағдарыстарды еңсерудегі, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етіп, азаматтық қоғам құрудағы Елбасының көрегендігі мен табандылығын ерекше атау қажет. Ал Президенттің бастамасымен қабылданған мемлекеттің даму бағдарламаларын іске асыру оның идеялық дем берушісінің тікелей басшылығымен жүргізілуі – нақты табыс кепілі болары ақиқат.
Сонау ХІХ ғасырдың басында Оноре де Бальзактың «Бір ержүрек адамның табысы тұтас бір буынды ерлік істерге құлшындырады» деген нақылы қазіргі Қазақстан тарихынан көрініс тауып отыр. Елбасының Отанымызды әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесі тең елге айналдырғанына куә болған замандастарын былай қойғанда, болашақ ұрпақ оның көреген басшы, сұңғыла саясаткер, халықаралық дәрежедегі қайраткерлік тұлғасын үлгі етіп өсіп келеді емес пе! Олар Н.Назарбаев салған «қазақстандық жолдың» жарқын болашаққа жеткізетініне кәміл сенімді, дей келіп шешен одан әрі Парламенттің әрекеттеріне тоқталды.
Қос палаталы Парламентіміздің 15 жылдық тарихында мемлекет өмірінің аса күрделі мәселелері бойынша депутаттардың берген ұсыныстарына Елбасы әрдайым түсіністікпен қарап келеді.
Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ата Заңымыздың 91-бабына сәйкес Парламент қажетті өзгерістерді Конституцияға енгізуге құқылы.
Олай болса біздер үшін Конституциямыздың осы мүмкіндігін пайдаланатын орайлы сәт туды деп санаймын.
Қазірдің өзінде 5 миллионнан аса қазақстандықтар қолдаған, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы шығысқазақстандықтар ұсынысының конституциялық негізін қалыптастыру бүгінгі күннің талабына толықтай жауап береді және бұл ел тағдырындағы тарихи маңызы зор мәселе.
Халық айтса қалт айтпайды. Тұңғыш Президент – Елбасы деген сөздер біртұтас ұғымға айналды, деді М.Көпеев.
Сөз кезегі Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбековке берілді.
Біздің бүгінгі отырысымыз өте ерекше әрі бірегей отырыс десе де болады, деп бастады ол өзінің сөзін. Өйткені, бүгін қос палаталы Парламентіміздің тарихында өзіндік орын алатын, Қазақстанның болашағы үшін тағдыршешті маңызы бар мәселе күн тәртібіне шығарылып отыр.
Президентіміздің өкілеттігін ұзарту идеясы аяқ астынан пайда болған жаңалық емес. Бұл көптен бері халықтың көкейінде жүрген мәселе, қоғамда қалыптасқан пікір.
Мемлекетіміз қалыптаса бастаған өткен ғасырдың қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары халықтың қолдауына ие болған Мемлекет басшысы ел тізгінін өз қолына алды. Экономика жаңартылып, әртүрлі билік тармақтары арасындағы жауапкершілік сараланды, қазіргі заманғы нормативтік-құқықтық базаның негізі қаланды, зейнетақы реформасы және басқа да көптеген келелі істер жүзеге асырылды. Іргелес мемлекеттердің бәрімен шекара мәселесі түбегейлі шешілді. Осының нәтижесінде ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны артты, халықтың тұрмыс деңгейі жақсарып, елімізге инвестициялар тартуға барлық жағдай жасалды.
Қазақстанның даму нәтижелері ерекше әсер қалдырады. Өткен жылы кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі мемлекеттер арасында бірінші болып Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және осы ұйымның Астана Саммитін өткізуі дүниежүзілік қоғамдастықтың Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ Елбасының бітімгершілік қызметке қосқан үлесін танудың, елімізге көрсетілген зор сенімінің айғағы. Бұл орайда Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше, ол халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның осындай бағаға лайық екенін және осы бір жауапты да абыройлы миссияны орындай алатынын дәлелдеп шықты.
Қазақстандықтар дамудың барлық сатысында өз Президентінің көрегендікпен жасаған бастамаларын қолдап отырды. Елбасының басшылығымен Қазақстан әлемдік қаржы және экономикалық дағдарысты дүрбелеңге ұрынбай, нық сеніммен еңсеріп, қазір үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың жауапты кезеңіне өтті, бұл қадам қазақстандықтардың келесі ұрпақтарының әл-ауқатын көтерудің іргетасына айналатыны сөзсіз. Елбасы әлемдік ауқымдағы аса күрделі міндеттерді ойдағыдай шешіп, елдің дамуының стратегиялық жолын нық сеніммен іске асыруға қабілетті екенін іс жүзінде дәлелдеді. Яғни, азаматтарымыздың басым көпшілігі өз келешегін және елдің болашағын Президенттің есімімен байланыстырып отырғаны тегін емес. Сондықтан, Тұңғыш Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі қисынға сай келеді әрі дер кезінде қойылып отыр.
Бұл орайда қайсыбіреулердің демократия қағидаттары бұзылып жатыр дегені туралы өз пікірімді айтқым келеді. Демократия дегеніміз – халық билігі. Әрбір халық өз болашағын, тағдырын өзі айқындайды. Еліміздің Ата Заңы – Конституцияның 3-бабына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық болып табылады. Халық өз билігін республикалық референдум немесе еркін сайлау өткізу арқылы тікелей жүзеге асырады.
Мен бүгінгі қарастырылып отырған мәселеге, практикалық тәжірибесі бар заңгер ретінде өз пікірімді білдіргім келеді, деді сенатор Серік Ақылбай.
Конституцияның 91-бабының 1-тармағы, егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төрт көпшілік дауысымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға құқылы екендігін көрсетеді. Мұндай жағдайда Республика Президенті осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады.
Осыған ұқсас нормалар «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 17-бабының 1-1-тармағында да көзделген.
Парламенттің осы заңды қабылдауы біздің осының алдындағы іс-қимылдарымыздың қисынды жалғасы болмақ.
Өткен жылдың желтоқсанында Парламент депутаттары, Республика Конституциясының 54-бабы 2-тармағының 3-ші тармақшасын басшылыққа ала отырып, ел Президентінің Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындауы туралы бастама көтерді.
Бұл ұсынысты Парламенттің қос палатасы да қолдады, өйткені ол ел Конституциясы 1-бабының 2-тармағында бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптеріне толық сәйкес келеді, олардың бәрі мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін, республикалық референдумда дауыс беруді қоса алғанда, демократиялық әдістермен шешу болып табылады.
Сөз кезегін Мәжіліс депутаты Раиса Полищук алды. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап, түбегейлі қоғамдық өзгерістер жасауға бет бұрды. Елбасының бастамасымен қолға алынған осы өзгерістер елдегі демократиялық әлеуеттер мен адамның мүлде жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған еді. Біз бүгін олардың нәтижелерін көзбен көріп отырмыз. Уақыт өткен сайын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған бағытының дұрыстығына көз жеткізе түсесің. Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, түрлі реформаларды жүзеге асыру жолындағы стратегияның дәл табылғанын, әрекеттер тактикасының дұрыстығын көресің. Қазір біздің елімізде нарықтық экономика толық құрылып, тиімді жұмыс істеуде. Ел экономикасын дамытуға бағытталған толып жатқан бағдарламалар, соның ішінде индустриялық-инновациялық даму, білімді, мәдениетті дамыту, денсаулықты жақсарту бағдарламалары табысты жүргізілуде. Осы жағдайда Мемлекет басшысының өкілеттігін референдум арқылы ұзарту туралы ұсыныс біздің қоғамымыздың даму логикасына сәйкес келетін, әбден орынды пікір деп санаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізге аса қиын болған жылдарда өз мойнына жауапкершілікті алып, ешқандай күрделі мәселеден бас тартпай, елді дамытуға арналған шешімдерді ерлікпен қабылдап, іске асырды. Қазақстанның алдында бүгінгі күні де шешілмеген сан түрлі проблемалар бар, қазақстандықтардың оны шешуді қиындықтан қайыспайтын адамға жүктеуін әбден түсінуге болады, деді депутат.
Сенат депутаты Сергей Плотников 2010 жылдың 23 желтоқсанындағы бірқатар қоғам қайраткерлерінің Өскеменде еліміздің Президентінің өкілеттігін референдум арқылы 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастамасы бүгінгі таңда халық жаппай қолдаған ең басты саяси жаңалық болып отыр, деді. Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқының Көшбасшысына айналып, көпұлтты мемлекеттегі тұрақтылықтың кепіліне айналғанына ешкім де дау айта алмайды.
Сонымен бірге, оның тәуелсіздіктің тұғырын нығайту, экономиканы дамыту жолындағы ұлан-ғайыр, өлшеусіз еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Президенттің дана саясаты мен стратегиялық бастамашылықтары республиканың халықаралық беделге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Н.Назарбаевтың демократиялық және дамушы мемлекетті құру бағыты өзінің өміршеңдігін көрсетті және оны Қазақстан халқы толығымен қолдады, дей келіп сенатор сөзінің соңында әріптестерін Конституцияға енгізілуге тиісті өзгерістерді қолдауға шақырды. Бұл Қазақстанның дамуына қосқан Парламенттің үлесі болады, деді ол.
Халық Нұрсұлтан Әбішұлының біздің мемлекетімізді құрып қана қоймай, оны әрі қарай нығайтуын қалайды. Ал халық еркі – біз үшін заң. Бұл жөнінде Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин ашып айтты. Бүгінгі талқыланып жатқан мәселе – Қазақстан халқының қасиетті еркі және уақыт талабы. Бұл бастама әуелден Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бастауы болып табылатын халқымыз тарапынан бастау алды. 5 миллионнан астам отандасымыз санаулы күннің ішінде Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту жөніндегі қоғамдық бастаманы қолдап, өз қолдарын қойды. Халық қалаулылары ретіндегі біздің міндетіміз – сайлаушыларымыздың бастамасын конституциялық бекіту. Менің пайымымша, қолдаушылар санының осыншама көп болуынан референдумның нәтижелі боларына ешкімнің күмәні жоқ. Бұл да кездейсоқтық емес. Президент беделі тек қазақстандықтар ғана емес, сонымен бірге әлемдік қауымдастық тарапынан да мойындалған. Президент әлемде жаһандық экономикалық дағдарыстан шығудың жолы, дінаралық келісім, халықаралық және аймақтық интеграция, ядросыз әлем сияқты халықаралық мәселелерді қамтитын бастамаларымен сыйлы болды. Елдің аяғынан нық тұруы мен дамуындағы Елбасының рөліне баға жетпейді. Менің пайымымша, тарих оны әлі талай дәлелдейді.
Еліміздің алғашқы жылдарын естеріңізге алып көріңіздерші. Экономиканың құлдырауы, гиперинфляция, жалақы мен зейнетақылардың айлап төленбеуі және басқалар. Қазақстанның қандай ел екенін әлемде кім біліпті. Шынтуайтында ешкім де білген жоқ. Бүгінгі таңда елімізді халықаралық қауымдастық әр түрлі этностар арасындағы өзара құрмет пен төзімділік мәселелері бойынша әлемге үлгі боларлық экономикалық тұрақты ел ретінде таниды. Осының барлығы – көре біліп және нақты дұрыс қадам жасайтын, экономика заңдылығын терең пайымдаған Мемлекет басшысының саяси сезімталдығының арқасы. Менің ойымша, Назарбаев және Қазақстан сөздері бір ұғымға, синонимге айналған. Президент жайлы айтқанда елді таныстырудың өзі артық. Өйткені Назарбаев – бұл біздің Қазақстан, ал Қазақстан – бұл ең алдымен біздің Президент. Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі заманғы Қазақстанды құрды, оның басшылығымен еліміз әлемде де, посткеңестік кеңістікте де алдыңғы сапта көрінуде. Бүгінгі таңда бізде ең бастысы, жұмылған және беделді көпұлтты халқымыз бар. Сондай-ақ, Қазақстан халқы сенім артқан Президентіміз бар. Сондықтан Тұңғыш Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдумды өткізу бастамасы – еліміздегі бірден-бір билік бастауы болып саналатын халық еркі. Осы орайда депутат Парламент заң шығарушы орган ретінде халықтың еркін қамтамасыз етуге заңдық негіз қалау үшін Конституцияға өзгеріс енгізуі қажеттігін ерекше атады.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов өз сөзін биылғы жыл қазақстандықтар үшін ерекше екендігімен бастады. Сенатор осы орайда еліміз 2011 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететіндігін, сондай-ақ жыл соңында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атап өтілетінін ерекше атап өтті. Қазақстан тәуелсіз даму жолына түскелі, осынау ғасырға бергісіз 20 жылда толық қалыптасып, әлемдік аренада өзінің орны бар елге айналды. Бұл тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен елдің рухани бірлігін, тұтастығын, ынтымақтастығын, бір мүдделілігін тұрақтандырған, дамудың жаңа сапасына көтерген, ел мәртебесін биіктетіп, әлемдік деңгейде танытқан мерзім болды. Соның нәтижесінде дүниежүзілік қоғамдастық алдында мемлекет беделі өсіп, ел қауіпсіздігі нығайды. Әлемдегі белді ақпарат құралдарына көз жүгіртсек «Қазақстан – Назарбаев» деген ұғымдар қалыптасқаны байқалады. Жаңа дәуірдегі мемлекеттің барлық жетістіктері мен жеңістері Тұңғыш Президенттің қажырлы еңбегі мен жүргізген сындарлы саясатына байланысты, деген шешен бірлігі мен ынтымағы жарасқан қазақстандықтар Мемлекет басшысының көреген әрі сарабдал саясатының арқасында заман сынақтарынан тосылмай, қысқа мерзім ішінде талай тарихи оқиғалар мен қиын-қыстау кезеңдерден өткендігін жеткізді.
Қазақстан тәуелсіздігінің сындарлы саясаты дүрдараздық пен қайшылығы мол әлемде ел мен елді бітістіруге, халықтарды жақындастыруға бағытталып отыр. Елімізде қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама – оның дамуына, бүкіл халықтың әлеуметтік мүддесін қолдайтын, ұлттық идея дәрежесіндегі ауқымды жоба болып отырғандығын тілге тиек еткен Қ.Ищанов Тұңғыш Президент – Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту арқылы еліміз әлеуметтік-тұрмыстық әлеуеті арта түсерін, елдің бірлігі өркениетті мақсат пен ортақ мүддеде тоғысарын жеткізді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы қоғамдық бастамаға 5 миллионнан астам қазақстандықтардың қол қоюы – Елбасы жүргізіп отырған саяси бағыттың бүкілхалықтық қолдауға ие екенін, халықтың өздерінің болашағы мен еліміздің келешек дамуын тікелей Ұлт Көшбасшысымен байланыстыратындығын көрсетті, деді Мәжіліс депутаты Гүлнар Сейітмағанбетова. Шынында да, ел тәуелсіздігінің 19 жылын ой елегінен өткізсек, халқымыздың тағдырын түбірімен жақсы жаққа өзгерткенін, Елбасының қажымас қайраты мен сарабдал саясатының, ерен еңбегінің нәтижесінде ел ертеңі айқындалып, тәуелсіздік тұғыры бекігенін көру қиын емес. Тарих үшін аз ғана уақыт аралығында Қазақстан бүтіндей алып империяның кішкентай бір бөлшегінен нарықтық экономикасы қалыптасқан, халықаралық қоғамдастықта биік беделге ие қуатты елге айналды. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет өзінің мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеді. Осы жылдарда өткізілген экономикалық реформалар елімізді әлемнің қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттері қатарына қосты. Қазақстан өз үлгісімен халық саны аз мемлекеттің бүкіл әлемнің дамуына әсер ете алатындығын дәлелдеді. Ядролық қарудан бас тарту, интеграциялық бастамалар, әсіресе, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, оның үштігінің құрамына ену – мұның бәрі әлемдік қоғамдастықтың жоғары бағасына ие. Әлемдегі ең беделді Ұйым Саммитінің Астанада өтуі еліміз үшін баға жетпес зор жетістік. Бүгінгі таңда қазақстандықтар еліміздің жетістіктерін Елбасы есімімен тығыз байланыстырады.
Өзінің Маңғыстау облысының Жаңаөзен қалалық «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы ұйымының есеп беру-сайлау конференциясының жұмысына қатысып келгендігімен бөліскен Гүлнар Сүлейменқызы ол жақта да Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді толықтай қолдайтындықтарын ортаға салды. Басым көпшілігі мұнайшылар болып есептелетін конференция делегаттары, жалпы жаңаөзендіктер елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен отбасындағы берекені бағалайтындықтарын, елдің экономикалық дамуына өздерінің де белсенді атсалысатындықтарын айтыпты. Олай болса, деді депутат, Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 5-тармағына енгізіліп отырған өзгерістерді толықтай қолдаймын және баршаңызды қолдауға шақырамын.
Бұдан кейін сөзді Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов алды. Референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ жұмысының қорытындылары – Президентіміздің саяси бағытын халықтың толық қолдайтындығының белгісі, деді ол. Саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды әзірлеу мен іске асырарда Елбасы әрқашан халықтың пікіріне сүйеніп, онымен ақылдасып отырғаны белгілі. Қазақстандықтардың дәл осы қолдауы оның барлық бастамалары мен реформаларының сәтті аяқталуына кепіл болды.
Осы айтқандарымды 90-шы жылдың басындағы мына бір көргендерім нақтылай түседі. Елімізді рубль аймағынан итеріп тастап, бұрынғы Кеңестер одағындағы көпшілік кәсіпорындармен экономикалық байланыстар үзілген кез болатын. Бұл өз кезегінде бірқатар проблемалар туғызды, еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақы уақытында төленбеді. Осындай қиын кезде Елбасы әрқашан тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесуге уақыт тапты. Әлі есімде, өзімнің қызметтік міндетіме байланысты сол кезде Мемлекет басшысымен Қарағанды облысына сапармен бардым. Президент ондағы ең ірі көмір өндірісі – Қарағанды көмір бассейніндегі кәсіпорындардың жағдайымен танысуды жоспарлады. Президент Әкімшілігі және облыс басшылығы ондағы қалыптасқан қиын жағдайларды ескере келіп, Мемлекет басшысына онда барудан бас тарту қажеттігі жөнінде ұсыныс айттық. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы біздің ұсынысымыздан бас тартып, дәл қазіргі кезде шахтерлерді қолдау қажеттігін мәлімдеді. Кездесу өткен залдағы жағдай, біздің байқауымызша, өте қиын еді. Мемлекет басшысы сөзін бастағанда-ақ зал іші сілтідей тынды. Ол шахтерлерге елдегі жағдайды бүкпесіз айтып берді, мемлекет тарапынан ел экономикасы мен көмір өндіруші ұжымдардың проблемасын шешуге байланысты қолға алынып жатқан шараларды атап көрсетті. Елбасының сөздерін жиналған қауым үлкен үмітпен, зейін қоя тыңдағанына куә болдым. Мемлекет басшысының сөзі жұмысшылар тарапынан үлкен қошеметпен тыңдалды және Президенттің сөзіне бүкіл ұжым қолдау көрсетті. Кездесу соңында Президент мінберден түсіп, жиналған қауыммен жарты сағатқа жуық әңгімелесті, олар тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап қайтарды.
Мен көптеген жылдардан бергі өзім куә болған бұл жайларды жәйдан-жәй келтіріп отырған жоқпын. Мұның астарында Қазақстан басшысының саяси көрегендігі, оның өз халқына деген шынайы жанашырлығы, қарағандылық көмір өндірушілерге деген қамқорлығы жатыр. Бүгінде осынау шынайы қамқорлықты бүкіл Қазақстан халқы сезініп отыр. Оны ешкім де жоққа шығармайды. Көп уақыт өтпей-ақ еліміздегі басқа да тау-кен өндірісінің жұмысшылары Президенттің осы сөзінен кейін қуаттанып, бұрынғы еңбек ырғағына қайта түсті.
Еліміздің тағы бір халықаралық аренадағы беделінің көтерілгендігі, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі дара тұлға екендігі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуынан, оның ішінде Ұйымның 11 жылдан бері өтпеген Саммитін ойдағыдай өткізгендігінен нақты көрініп тұр. Мұны Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы деп қабылдауымыз керек.
Мен әріптестерімді бүгінгі бірлескен отырыста талқыланып жатқан Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы Негізгі Заңға өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысты қолдауға шақырамын, деді депутат сөзінің соңында.
Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 98,7 пайыз дауыс жинап, елдің қолдауына ие болғандығын еске салды. Депутат сол кезде халықтың 98 пайызы қолдап дауыс бергендігін айтып, халықтың жағдайы өте қиын еді дегенді де ескерте кетті. КСРО-ның тарап, 140 ұлттың өкілдерінің тағдыры қалай болатыны белгісіз болып жатқан тұста барша халықтың сеніміне ие болу көптеген басшының басына бұйырмаған бақ. Елбасының «Қазақстан халқына адал қызмет етемін!» деп алғашқы рет ант бергені де қазіргідей есімде, деді депутат. Содан бері елімді қалайда дамытамын, өркениетті елдермен терезесін тең етемін деп күні-түні тынбай еңбек етіп келеді.
«Елбасы» деген ұғымның мағынасы өте терең, дей келіп Тито Уақапұлы ол Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне халықтың берген бағасы, құрметі мен сүйіспеншілігі деп білемін деген пайымымен бөлісті. Сондықтан «Елбасы» деген ұғым Конституцияға енгені өте жөн. Көшті кім бастаса, елдің дамуы да солай болмақ. Халық қолдап отырған бастаманы күн тәртібіне шығарып, оны жүзеге асыруды заң жолымен шешу қажет. Конституция бойынша халық атынан Президенттің және Парламенттің сөйлеуге құқығы бар. Референдум тек билікке ғана емес, ол халыққа және халықтың тұрақтылығына керек. 140 ұлт өкілдері өз болашақтарын Қазақстанмен байланыстырған және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп отыр. Сондықтан халықтың айтқан тапсырмасын бүгін біз, депутаттар орындап, Ата Заңымызға ұсынылып отырған өзгерістерді қолдауға шақырамын, деді депутат Т.Сыздықов.
Біз әдетте күні өткен оқиғаларды тарих деп тамсанып айтып жатамыз, онымыз да дұрыс, ал көз алдымызда айтулы тарихи оқиғаны Қазақ елі басынан өткергелі отыр, деп бастады сөзін Сенат депутаты Ғарифолла Есім. Сенатор бұл істің тарихқа айналып, оқулықтарға енерін айта келіп, біз ғасырдан ғасырға формациядан формацияға өткен мүлдем жаңа заманда өмір сүріп отырған керемет дәуірдің өкіліміз дегенді айтты. Осындай ұлы көште тақыр жерге тау тұрғызғанмен пара-пар, мемлекет құрып, оны әлемдегі өркениетті елдер санатына қосып, жаңа қала Астананы салып, Қазақ елінің жаңғырған ренессанс ғасырын бастаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болғанын, осындай тарихи тұлғамен замандас болғанымызды қайсымыз болмасын мақтанышпен айта аламыз.
5 миллионнан аса қол жиналып, халық Елбасының өкілеттігін 2020 жылға ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдап отыр, деді сенатор. Осындай қуатты халықтық қозғалыстың сыры неде? Ол сырдың мазмұны халықтың Елбасына деген, Елбасының халыққа деген сенімінде. Мәселенің заңдылық, яғни демократиялық жағына келсек, Ата Заңымыздың 3-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп нақты жазылған. Халық өз қалауын жасады. «Қос палаталы Парламент бұл мәселеде қандай шешімге келмек деп күтуде. Ендеше, мәселе қалай болмақ? Мен, депутат ретінде қандай шешімге келуім керек, әрине, халық бастамасын, талабын, тілегін қолдауға міндеттімін», деді Ғ.Есім. Елге, жұртқа бейбітшілік, тыныштық керек. Сабырлы, парасатты Көшбасшы керек! Сондай Тұлға Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Бастамашы топты 5 миллионға жуық қазақстандықтар қолдады, деді Мәжіліс депутаты Александр Милютин. Біздер, Шығыс Қазақстан облысының өкілдері, Мәжіліс депутаттары үшін Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу бастамасы ұлы Абай жерінде бастау алуы үлкен қуаныш сезімін ұялатады. Осы жер көптеген жылдар бойы ядролық сынаққа ұшырады. Біздердің Семей ядролық сынақ полигонын жауып және ядролық қарудан толық бас тартқан ел Президентіне алғысымыз шексіз. Жерлестеріміз балаларының және өздерінің болашағын Президентке сеніп тапсырады, сондықтан да аталған бастамамен шығып отыр. Оларды бес миллиондай қазақстандық қолдады. Халық бейбітшілік, тұрақтылық пен өркениетті қамтамасыз етіп отырған Қазақстанның жетістіктерін Ұлт Көшбасшысының салиқалы саясатымен байланыстырады. Сөз соңында депутат өз пікірінің сайлаушылар пікірімен үндестігін, олай болса Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдумды өткізуге қол қойғандар жағында екенін білдіре келіп, халықты қолдауға шақырды.
Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев жарыссөзді аяқтау туралы ұсыныс енгізді. Мәселе белгілі болып тұр емес пе, одан да заң жобасын мақұлдауды дауысқа қоюды ұсынамын, деді ол. Төраға депутаттың ұсынысын дауысқа қойғанда Мәжілістің бір депутатынан басқалары оны қолдады. Ал заң жобасы бойынша Конституцияға енгізілетін екі өзгеріс те дауыс беру нәтижесінде бірауыздан бірінші оқылымда мақұлданды.
Бірлескен отырысты ашқан сөзінде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Ата Заңның 62-бабы 6-тармағына сәйкес Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша екі оқылым өткізу міндетті деп атап өткен болатын. Осыған байланысты Сенат депутаты Мұхамбет Көпеев заң жобасын екінші оқылымда да қарауды ұсынды. Бұл ұсыныс та бірауыздан қабылданды. Сөйтіп, Парламенттің бірлескен отырысында екі палатаның депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» Заңды екі оқылымда да қабылдады. Қабылданған заң бойынша Конституциядағы:
1. 42-бап 5-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын: «Бұл шектеу президенттік өкілеттіктер мерзімі республикалық референдумда ұзартылуы мүмкін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына қолданылмайды».
2. 46-баптың 4-тармағындағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» сөзінен кейін сызықша қойылып, «Елбасы» сөзімен толықтырылсын, – делінген.
Бірлескен отырыста қорытынды сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов: «Біз бүгін шын мәнінде тарихи заң қабылдадық. Ол қазіргі Президентіміздің өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдумды өткізу үшін нақты конституциялық негіз болып табылады. Осылайша, республикалық референдум өткізу жөніндегі бастаманы қолдаған 5 млн.-нан астам қазақстандықтардың ерік-жігерін іске асыру үшін барлық заңды мүмкіндіктер қамтамасыз етілді. Осы игі істің арқауы болған баршаңызға ризашылығымды білдіремін», деді.
«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.
Суреттерді түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ.