18 Қаңтар, 2011

Апта айшықтары

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ҚАЙРАТКЕРДІҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ Өткен сәрсенбіде облыс әкімі Қанат Бозымбаев бастаған өңір жұртшылығының бір топ өкілдері Тараз қаласының орталығындағы Д. А. Қонаев атындағы көшеге қойылған қазақ халқының аяулы перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына үнсіз тағзым етті. Сондай-ақ, келер жылы туғанына 100 жыл толатын ел ағасының мерейтойын лайықты атап өту мақсатында облыста түрлі мәдени-іс шаралар өткізу де жоспарлануда. «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Д. Қонаев Қазақстан тарихында ірі тұлға болып қалары даусыз. Ол жайындағы әңгіме – өз алдына тақырып» деп еске алғаны белгілі. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. * * * МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ МӘЖІЛІСТІҢ АРҚАУЫ – СУ Шымкентте Орталық Азия елдері арасындағы Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіруші комиссияның 56-шы отырысы өтті. Мәжілісте төрт мемлекеттің үкіметтері арасында Сырдария өзенінің су және энергетика ресурстарын пайдалану туралы келісімінің жобасы талқыланды. Осында қаралған 5 мәселенің 4-уі бойынша тараптар ортақ бітімге келіп, құжаттарға қол қойылды. Ал, бесінші мәселе мен оған қатысты ұсыныстар комиссия мүшелерінің қатысуымен екінші тоқсанда қайта қаралып, толықтырылатын болады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * «СЕМЕЙ ТАҢЫНЫҢ» ҚОСЫМШАСЫ Қазірде ұстаздар қауымына қай басылым болса да дән риза. Өйткені, қазақ басылымдары оқырмандарының басым бөлігін солар құрап отырғаны шындық. Соның айғағындай, қалалық «Семей таңы» газетінің биылғы таралымы да біршама артып, алыстағы ауылдық аудандарға да тарап жатыр. Осыны ескерген газет ұжымы әр айдың үшінші аптасында «Ұстаз таңы» деген атпен өз қосымшасын шығаруға бекініп отыр. Ұстаздарға арналған тегін қосымшада мектеп өмірінің тыныс-тіршілігімен бірге, мұғалімдердің танымдық, тағылымдық маңызы зор мақалалары да жарияланбақ. Оның алғашқы саны тақау күндері ұстаздар қолына тимек. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * ҚЫРҒЫЗ БАУЫРЫМЫЗДЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ Кеңес Одағының халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстан мен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Болотбек Шамшиевтің есімі киносүйер қауымға жақсы таныс. Атағынан ат үркетін талантты кинорежиссердің көптеген қойылымдары  кинематографияның алтын қорында сақтаулы. Бүгінде  С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында еңбек етіп жатқан қырғыз бауырымыздың 70 жылдық мерейтойы «Қазақстан» кинотеатрында кеңінен аталып өтті.  Мерейтой иегерін облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтап, аймақ басшысы атынан  сыйлық тарту етті. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хаты оқылды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * 16 ОТБАСЫ ПӘТЕРГЕ ИЕ БОЛДЫ Катонқарағай ауданының орталығы – Үлкен Нарын ауылында жақында көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан әкімі Арман Бекбосынов Ұлы Отан соғысының ардагері мен денсаулығы нашар жандарға, етбауыр туыстары жоқ жетімдер мен еңбек жолын енді бастаған жастарға – барлығы 16 адамға пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті. Өз кезегінде қуанышқа бөленген жандар аталмыш тұрғын үйді бітіруге мұрындық болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, аудан басшыларына алғыстарын айтты. Балалық шағын жетімдер үйінде өткізген, қазір «Нарын» кәсіпорнында жұмысшы болып жүрген А. Коротковқа Арман Ілиясұлы үйіне көрімдік ретінде түрлі-түсті теледидар ұсынды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * ФИЛЬМ ӨЗЕГІ – КАЛАШНИКОВ АВТОМАТЫ Оралдық кәсіпкер Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы «Матай. Аңыздың бастауы» атты деректі фильмді көрермендер назарына ұсынды. Оның басты кейіпкері әлемге әйгілі қаруды өмірге әкелген конструктор – Михаил Калашников. Аталған қарудың алғашқы үлгісі Қазақстанда – Алматы облысы аумағындағы Матай стансасында жасалған. Туындыға архивтік материалдар мен соғысқа дейін Матай локомотив депосында токарь болып істеген М.Калашниковті көре қалған тұрғындардың әңгімелері желі болып тартылған. Фильмде Ұлы Отан соғысы кезінде жауды жеңу үшін армандай болған автоматтың қару-жарақ өндірісіне кейін қалай енгені жан-жақты көрініс тапқан. Аталған қару тарихының Қазақстанға қатысты тұстарына басымдық берілуі – деректі дүниенің басты жетістігі. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал. * * * НАУМ ШАФЕР ЖИНАҒАН КҮЙТАБАҚТАР... Өткен аптада облыс орталығындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы үйінде  музыкатанушы, сазгер, күйтабақтардың сирек коллекциясын жинақтаушы Наум  Шафердің  80 жылдық мерейтойы өтті. Кешке облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, той иесін «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады. Ал Шафер Бақытжан Әбдірұлына өз қорында сақталған Жамал Омарованың ән жинағын табыс етіп, алғысын білдірді. Кеште «Вечерный вальс», «Привет Дунаевскому», «Цирковая песенка» атты мерейтой иесінің өзі шығарған әндері орындалды. 27 мың күйтабақ коллекциясын жинаған Шафердің музейінде Күләш, Бибігүл, Роза Бағланова, Жамал Омарова, Ермек Серкебаевтың  шырқаған әндерінің де жазбалары сақталған. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.