АСТАНА. 4 сәуір. Ақтөбеде қоғамдық көмекшілер институты енгізілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Облыс әкімінің қоғамдық көмекшілері институты өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен енгізіліп отыр. Қоғамдық көмекшілердің басты мақсаты облыс басшысы мен тұрғындар арасындағы байланысты күшейту, тұрғындарды мазалайтын мәселелер мен ауыл-аймақтардағы жағдайлар жөнінде облыс басшысын ақпараттандыру болып табылады. Облыс әкімінің көмекшілері, сонымен бірге, тұрғындарды қабылдап, кездесу барысында келіп түскен ақпараттарды облыс әкімдігіне жеткізіп отырады.
«Біз аудан әкімдері ұсынған мәліметтерге сенеміз, алайда олар өздеріне тиімді мәліметтерді береді. Ал сіздердің жұмыстарыңыз, облыс басшысын шынайы жағдаймен хабардар етіп отыру. Әсіресе, білім беру, медициналық қызмет көрсету, негізгі азық-түлік түрлеріне баға, ауыл шаруашылығын дамуы туралы әлеуметтік салаға назар аударуларыңызды сұраймын», деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысының көмекшілері қатарында Ақтөбе облысының 12 ауданының беделді өкілдері бар, олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, қоғам өміріне белсенді араласып жүрген жандар.
Бердібек Сапарбаев өзінің қоғамдық көмекшілерімен кездесіп, оларға куәліктерін табыс етті.
Айта кетерлік жәйт, қоғамдық көмекшілердің жұмыс істеуіне ыңғайлы болуы үшін бөлме мен телефон, сонымен бірге аудандағы елді мекендерге қатынауына көлік берілетін болады.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, фото: egemen.kz