04 Сәуір, 2016

Солтүстік Қазақстанда жылыту кабельдерін шығаратын зауыт өртенді

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
04.04.2016 ort.ПЕТРОПАВЛ. 4 сәуір. Облыс орталығында өздігінен жылу реттейтін кабель шығаратын зауыт отқа оранып, түгелдей жанып кетті. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. ТМД бойынша теңдесі жоқ жалғыз  кәсіпорын Қазақстан мен Германияның бірлескен жобасы аясында тұрғызылып, қаңтар айында іске қосылған. Оның құрылыс жұмыстарына 600 миллион теңге инвестиция тартылған. Екі қабатты ғимараттың 964 шаршы метрі жанып кеткені белгілі болып отыр. Тілсіз жау джип шетелдік көлігін, Германиядан әкелінген жартылай өнімдерді, дайын шикізаттарды, жұмысшы-қызметкерлердің еңбек кітапшасы секілді құжаттарды жалмаған. Өрттің шығу себебі белгісіз. «Диспечерлік қызметке хабар кеш түсті. Сол себепті қызыл жалынды сөндіру оңай болған жоқ. Бұл жұмысқа бес өрт сөндіру бөлімі, 71 адам, 15 арнайы техника жұмылдырылды», - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Евгений Журавлев. Өмір Есқали. Дерек, фото: Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі. 04.04.2016 ort