04 Сәуір, 2016

Қызылордада облыстық прокуратураның алқа отырысы өтті

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
04-04-2016-prokuratura 11АСТАНА. 4 сәуір. Қызылорда қалалық әкімдігінде облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің төрағалық етуімен облыстық прокуратураның көшпелі алқа отырысы өткізілді. Оған алқа мүшелері, құқық қорғау және тиісті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Прокуратура органдары да қадағалаудың барлық саласында «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру бағытын ұстанады. Осы ретте, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына қатысты статистикалық көрсеткіштердің алаңдатарлық жағдайы ескеріліп, прокуратурамен уәкілетті және мүдделі органдардың бұл бағыттағы іс-қимылының тиімділігі мен заңдылығына тексеру жүргізіп, заңсыздықтар мен кемшіліктерді анықтады. Ішкі істер органдарының жол қауіпсіздігі саласында қалыптасқан жағдайды тізгіндеуге әлі де болса қауқарсыздығы байқалады. Жағдайдың осылайша қылыптасуына, бірінші кезекте – халықтың құқықтық санасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстың жеткіліксіздігі, бұл іске үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілердің тартылмауы, профилактикалық шаралардың тиімсіздігі себеп болған. Ішкі істер органдары негізінен – құқық бұзушылықты анықтау, кінәліге айыппұл салу саясатын ұстанып келетінін де атап өту қажет. Облыстағы ішкі істер органдарымен үстіміздегі жылы 224,6 млн. теңге айыппұл салынса, халық саны 4 есеге артық Оңтүстік-Қазақстан облысында бір жарым есеге кем айыппұл салынып, сәйкесінше өндіру көрсеткіші Оңтүстік Қазақстан облысында 45,9 пайызды құрап, бізде 28,2 пайызға әрең жеткен. Республика бойынша орташа көрсеткіш 34,5 пайыз. Әкімшілік және жергілікті полиция қызметтерінің, мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың қатысуымен өткізілген «Борышкер» іс-шарасы барысында тәулігіне шамамен 20-25 автокөліктің айып алаңына қамалғаны, өз кезегінде облыстық прокуратураның бастамасымен ұйымдастырылған, небары 2 сағатқа созылған рейд барысында борышкерлердің 20-дан астам автокөлігінің ұсталғаны, аталған жұмыстың қанағаттандырарлықсыз деңгейде жүргізілгенін көрсетті. Ішкі істер органдарының қызметкерлері жол жүрісінің өзге қатысушыларына үлгі болудың орнына, 2015-жылы жол жүрісі қағидаларын 108 рет бұзса, ағымдағы жылдың өзінде 21 факті тіркеліп, оның 12-і прокуратура және өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген рейд барысында анықталған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге пайдаланылатын қызметтік көліктерінің барлығында дерлік алғашқы медициналық көмек қобдишасындағы дәрілік заттардың түгел болмағанын атап өткен жөн. Жазатайым жол апаты бола қалған жағдайда, оқиға орнына бірінші келетін полицейдің алғашқы медициналық көмек көрсетуі күмән тудырады. Ішкі істер департаментімен интернет желілерінде көрініс тапқан жол жүрісі қағидаларын бұзу фактілері, полиция қызметкерлеріне қатысты орналастырылған жағымсыз бейнематериалдар дер кезінде зерделенбейді, заңсыздықтарға жол берген кызметкерлер жауаптылыққа тартылмайды, нәтижесінде құқық қорғау органдарының имиджіне кері әсер ететін факторларды болдырмауға және оларды жоюға бағытталған шаралар қолданылмайды. Сондай-ақ, облыс орталығы көшелерінің жол қозғалысын реттеуге арналған техникалық құралдармен қамтамасыз етілу жағдайын зерделеумен, жол белгілерінің бей-берекет, талапқа сай орнатылмау немесе қажетті жерлерге орнатылмау фактілері анықталған. Мысалы, «Тұрақтайтын жер» және «Мүгедектер» жол белгілерін қайталау таңбаларының өшіріліп қалу салдарынан, құқық бұзушыларды жауаптылыққа тартуды қиындатады. Осы ретте, жолы салынбаған Момышұлы көшесі бойында жол белгілерінің орнатылғаны әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғанын, тек прокуратураның тікелей араласуынан кейін негізсіз орнатылған жол белгілері алынып тасталды. Алқа отырысында облыстың бас прокуроры ішкі істер саласы басшылығына және полицейлерге құқық бұзушылықтың алдын алуды тапсырды. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұқият болуды, жоғарыда аталған кемшіліктерді түзету керектігін айтты. Талғат Райымбек. Дерек, фото: Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.