18 Қаңтар, 2011

АҚШ-тың қарызы 14 трлн. доллар

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
АҚШ Қаржы министрінің мәлімдеуінше, елдің мемлекеттік қарызы 14 триллион долларға жеткен. Орташа есеппен бұл сома ел тұрғындарының әрқайсысына 45 мың доллардан келеді. Associated Press агенттігінің ақпараттарына қарағанда, 2010 жылдың маусымында Қаржы министрі Тимоти Гайтнер АҚШ-тың мемлекеттік қарызы жыл соңына дейін 13,6 триллион долларға жететінін, ал 2015 жылға қарай ол 19,6 триллион долларға жақын­дайтынын хабарлаған. Егер нақты шешімдер қабылданбайтын болса, бұл АҚШ экономикасын дефолтқа соқтыруы мүмкін. ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ ЕЛІНЕ ОРАЛДЫ Гаитидің бұрынғы президенті, диктатор Жан-Клод Дювалье 25 жылдан соң отанына оралды. Ол билікті 20 жасында өз әкесінен мұрагер ретінде алған болатын. Ақпарат құралдарының таратқан ақпараттары бойынша, «Бэби Дока» деген лақап атқа ие оған кезінде жемқорлыққа салынды және адам құқығын бұзды деген секілді көптеген айыптар тағылған.  Биліктен тайдырылғаннан кейін ол Франциядан баспана тапты. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Дювальенің еліне оралуы жақында  өтетін президенттік сайлаудың екінші турына тікелей байланысты. ҚҰРБАНДЫҚТАР САНЫ 630-ДАН АСТЫ Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігінің хабар­лауынша, Бразилияның Рио-де-Жанейро штатындағы жой­қын топан су басу және жер көшуі салдарынан кемінде 631 адам құрбан болған. Аталған штаттың таулы аймағына орналасқан бірқатар қалаларда жауған нөсердің соңы алапат тасқынға ұласқан. Соның салдарынан, әсіресе, Нова-Фрибургу, Терезополис, Сумидоуру және Петрополис қалалары қатты зардап шеккен. Қазіргі кезде опат болған адамдарды іздестіру шаралары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. ТУНИСТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІС ЖАСАЛДЫ «Америка дауысы» жаңалықтар қыз­метінің хабар­лауынша, өткен жұма күні Тунисте мемлекеттік төңкеріс жасалған. Елді 23 жыл басқарған президент Зин әл-Абидин бен Али Сауд Арабиясына қашып кеткен. Президенттік міндетті алдымен елдің премьер-министрі Мохаммед Ганнучи уақытша алған еді. Бұған көтері­ліс­шілер қанағаттанбады. Содан кейін ел билігі парламент спикері Фуэд Лебазға жүктелді. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, тәртіп­сіз­діктер кезінде адам өлімі болған. Төңкерістің түп негізі  жұ­мыссыздық пен азық-түлік бағаларының жосықсыз өсірілуінде жатса керек. ТҮРКІМЕНСТАНДЫ БСҰ-ҒА КІРУГЕ ШАҚЫРДЫ Би-Би-Си агенттігінің хабарлауынша, бұл мәселе Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозу мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің Ашға­бадтағы кездесуі кезінде қозғалған. Еуропалық комиссияның төрағасы Түркі­менстан Еуроодақтың негізгі сауда әріптесі болып табыла­тын­дығын және Түркіменстанның БСҰ-ға мүшелікке кіруі Еуро­одақпен сауда қатынастарын жақсартатынын атап өткен. Кездесу барысында Еурокомиссия төрағасы Түркіменстан газын Еуро­паға жеткізуді бастауды тездетуге шақырыпты. Өйткені, бүгінде Еуропа Ресей газына өте тәуелді. ЛУЖКОВТЫҢ ЛАТВИЯДА ТҰРҒЫСЫ БАР Мәскеудің экс-мэрі Юрий Лужков Латвияға қоныс аударуды  қолайлы көріп отыр. Латвия БАҚ-тарының мәлімдеуінше, жаңа жыл қарсаңында Мәскеудің бұрынғы басшысы Ресейдегі Латвия елшілігіне Латвияда тұру жөнінде өтініш берген көрінеді. Бірқатар ақпараттарға қарағанда, Лужковтың зайыбы Елена Батурина бұл ақпаратқа қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ. Латвияның  TV-3 телеарнасының хабарлауынша, Лужков осы елде тұруға мүмкіндік беретін Латвияның  заңына сәйкес бұл елге 11,4 миллион рубльге жуық қаржы салған. Экс-мэрдің Латвияда қозғалмайтын мүліктері де бар. ҚАЙТА-ҚАЙТА ШАҚЫРА БАСТАДЫ Украинаның бұрынғы премьер-министрі, «Батькивщина» партиясының лидері Юлия Тимошенконы кеше бас про­куратураның тергеу басқармасы тағы да шақыртты. ForUm агенттігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, Юлия Тимошенконы тергеу бас басқармасының тергеушісі күн сайын сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін өзіне қатысты қылмыстық іс ма­те­риалдарымен танысуға міндеттеген. Ал экс-премьердің айтуын­ша, бұл іс-әрекет оның жұмыс істеуіне және қоғам­дастықпен кездесулер өткізуіне мүмкіндік бермеу үшін әдейі жасалып отыр. Бүгінде оған 380 миллион еуроны мақсатсыз жұмсады деген айып тағылған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.