Ұлттық рухтың қамқоршысы
«Мен бар өмірімді қазақ деген халықтың ең киелі де асыл мұрасы – қазақ тіліне арнап келе жатқан жанмын. Аз ба, көп пе, жақсы ма, жаман ба – біраз ойларымды хатқа түсіріп жас ұрпаққа ұсынып жүрген жайым бар. Көрген, оқыған, түйген нәрселер неше алуан ойға жетелейді. Әсіресе, ана тілдің тағдыры түнде де, күндіз де мазалай береді», – дейді академик Өмірзақ Айтбайұлы. Өмекең ұлттық рухтың, өз халқының мәдениетінің нағыз қамқоршысы болып табылады. Ол – ғылым мен өнерді қатар алып келе жатқан ғалым. Оның сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім», тағы да көптеген әндері жұртшылыққа мәлім.
– Өмекең халық әндерінің және опералық ариялардың шебер орындаушысы және виртуоз домбырашы, ол өнермен шұғылданса, нағыз атақты әртістің өзі болар еді. «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» деген көркем фильмде Өмекең орындаған әнде қазақтың кең-байтақ даласы көзге елестеп, туған жерге, Отанға деген өзінің сүйіспеншілігі көрініп тұрар еді. Өнерге деген ынтықтығына қарамастан, Ө.Айтбаев лингвистикалық ғылым жолына түсіп, тілтанымның ең жоғары сатысына көтерілді.
Қазақ Алладан бала сұрайды, бала сұраса дана сұрайды «Бала берсең, дана бер, баланың жақсысын, – адалын бер», – деген мәтел содан қалса керек. Дана бала әкесінің атын, халқының салтын, Отанының даңқын асырады. Жаман бала әке атына кір келтіреді. Отанын қорғай алмай сағыңды сындырады, «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді», дегендей намысыңды келтіреді. Міне, осының бәрінен тәлім алған қазақ атамыз «бала» дегенді екіге бөлген: бірі – әкесінің баласы, екіншісі – ел баласы. Әкесінің баласы түтін түтеткенмен ауыл арасынан, елдің қарасынан ұзамай жүреді. Қазақтың: «Әкеңнің баласы болма, елдің баласы бол», деп бата беруі де көп дүниені аңғартады. Өмірзақ Айтбайұлы – міне, осындай ұлт перзенті, ел баласы. Осы арада толассыз жарға соғып, аласапыран замананы дабылдатқан ХХ ғасыр ұлысы Әлихан Бөкейхановтың өзін «Қыр баласы» деп атауы ойыңа еріксіз оралады. Әлекең бастаған ұлы шоғыр Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев «Елім-айлап», өмірден өтті. Кейін кеңестік кезеңде даналықтарын танытып, білім, өнер көгіне құлаш ұрған Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, тағы басқа ағалар жұлдыздай аспан әлемін қақ жарып, таңдандырып тамсандырып олар да кетті.
Міне, солардан кейінгі ұрпақтың ізін баса Өмекеңдер келді. Мұқаң, Қанекеңдерге ере шыққан ұрпақтың өкілі академик апамыз Рабиға Сыздықованың Өмірзақ ағаның бір мерейтойында айтқан сөзі осы жерде ойға оралып отыр. «Жақсы жанның ізгі қасиеттерін алдымен оның ұшқан ұясынан, алған тәрбиесінен, өткен өмір мектебінен іздеген жөн», деп: «Өмекеңнін әкесі Қаратау, Сыр өңіріне белгілі ақын әрі мәдениет қайраткері болған. Ол Айтбай мекеніндегі Қарнақ медресесінде Айтжан атты молладан оқып, мұсылманша жақсы білім алған. Өз бетімен ізденіп, Бұхараға барып, білімін толықтырып, араб, парсы тілдерін меңгерген, шығыс әдебиетін жақсы білген зиялы адам болған екен, бірнеше поэма-дастандар жазған, айтыстарға қатысқан. Оқуын бітірген соң Ташкент қаласында мұғалім бола жүріп, атақты Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса, Шәді төрелермен сыйлас, дәмдес болған. Олардың жырларын жатқа айтып, жалпақ жұртқа жаюшылардың бірінен саналады.
Әкесі Өмекеңді бір елі қасынан тастамай, ертіп жүріп тәрбиелейді. Поэзия мен ән-күй – әсемдік әлемі болса, сол сұлулыққа баулиды.
Дін – имандылық мектебі болса, діни жоғары білімді әкесі Өмекеңді адамгершілікке тәрбиелейді. Сірә, ғалым, қайраткер Өмекеңнің өмір жолын баяндауға көшпес бұрын, ұлан Өмекеңнің жан дүниесіне үңілсек, оған табиғат, дәлірек айтсақ ата-анасы бойына өнер мен иман дарытыпты. Әкесі ғана емес, анасы Жұмагүл Нарымбетқызы да әнші әрі домбырашы болған, тіпті, ақындықтан да құр алақан емес екен. Бірде қосағы Айтекеңмен айтысып, оны жеңіп те кеткен көрінеді. Халқымыздың осындай ән-күй, ақындық өнерінің қос иесінің шаңырағында Өмекең дүниеге келді. Өмекеңнің шыққан тегі, өскен ортасы, ата-анасынан дарыған асыл қасиеттер» екенін академик апамыз Рабиға Сыздықова осылайша өте жақсы айтқан еді.
Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл (бұрын Түркістан ауданына қараған) ауылында, алда айтылғандай ағартушы-мұғалім отбасында дүниеге келді. Өмір жолын Өмекең 1953 жылы Кентау қаласындағы Мырғалымсай «Сантехмонтаж» мекемесінде темір шебері болып бастайды. 1954-1959 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің филология факультетінде оқиды. Ол студенттік жылдардың өзінде ғылыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өнерді де өгейсітпейді. 1959-1962 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1962 жылдың көктемінде Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Міне, осыдан былай қарай ол табан аудармай ғылыми жұмыспен түбегейлі айналысады.
1971 жылы «Максим Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғайды, 1992 жылы «Қоғамдық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.
Академик Ө.Айтбайұлының зерттеулерінің тақырыбы әр алуан және сан қырлы. Дегенмен, терминология және аударма мәселелері ғалымды көбірек қызықтырды. 1975 жылы жарық көрген «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» деген еңбегі кең тарап, қалың оқырманға танымал болды. Бұл монографияда терминология мәселелері және мақал-мәтелдердің дұрыс қолданылуы, олардың семантика-стилистикалық және этнолингвистикалық ерекшеліктері туралы сөз болады. Аударма теориясының лингвистикалық мәселелерімен біраз шұғылданып, ғалым қазақ терминологиясының өзекті проблемаларына көбірек назар аударады. Қазіргі таңда ұлттық терминологияның дамуы мен қалыптасуы жайында сөз болғанда, Ө.Айтбайұлы еңбектерін ерекше атамай өтуге болмайды.
Жиырма бес жылдан астам Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі ретінде Өмекең терминология мен аударма теориясына қатысты іргелі тақырыптарға басшылық жасап, терминология саласының негізгі принциптері мен қағидаларын және оның басты бағыттары мен әдістерін зерттеп анықтап берді. Терминдерді қалыптастыру, жүйелеу, қазақ тілі заңдылықтарына икемдеу жолдары жайында көптеген еңбектер жариялады. Бұл еңбектерде тілдің жалпы лексикалық жүйесі мен терминдердің ара-қатынасы, олардың бір-бірінен айырмашылықтары, қазақ тіліндегі термин жасау тәсілдерінің түрлері және олардың лексика көздері, терминология теориясының даму жолдары мен кезеңдері қарастырылады. Өмекеңнің айтуынша, «Қазіргі қарастырып жүрген терминдер теңіз астында жатқан алып мұздың аздаған үстіңгі жағы ғана», дәлірек айтқанда, терминология мәселелері әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді деп түсінеміз.
Академик Өмірзақ Айтбайұлы қазақ терминологиясы туралы зерттеу жұмыстары мен проблемалық тақырыптарға жетекші болып, бірнеше ұжымдық ғылыми кітаптарды жарыққа шығарады. Бұлармен қатар, көрнекті ғалым «Тіл мәдениеті және баспасөз» (Алматы: «Ғылым», 1968); «Өрелі өнер» (Алматы: «Ғылым», 1976); «Сөз өнері» (Алматы: «Ғылым», 1978); «Қазақ терминологиясының мәселелері» (Алматы, 1986); «Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері» (Алматы: «Ғылым», 1987); «Терминдер және олардың аудармалары» (Алматы: «Ғылым», 1990), «Ана тілі ардағым» (1990, Н.Уәлимен бірге), «Тіл майданы» (Ә.Қайдармен бірге), «Основы казахской терминологии» (2000) «Ана тіл, ана сүтім, арым менің» (Арыс, Алматы, 2007), «Қазақ тіл білімінің мәселелері» (Арыс, Алматы, 2007) монографиялық еңбектері және 500-ге жуық ғылыми мақалалары басылып, жарық көреді. 2015 жылы 5 томдық таңдамалы еңбектері жұрт қолына тиді.
Ғалымның тіл білімі ғылымына қосқан үлесі жоғары бағаланып, «Құрмет» (1998) пен «Парасат» (2006) ордендерінің иегері болды.
Өмірзақ Айтбайұлы термин жасаудың басты ұстанымдары мен әдіс-тәсілдерін негіздеп, ұлттық терминдердің қалыптасуындағы қиыншылықтарды анықтады және салалық терминдердің жасалу жолдарын сипаттап берді. Өмекең қазақ терминологиясын тарихи аспектіде қарастырады, олардың қалыптасу жолдарын, даму кезеңдерін, ғылым тілін байытудағы рөлін анықтап көрсетеді. Ол қазақ терминологиясы – тіл білімінің басқа да салалары сияқты өзінің күрделі тарихи даму сатыларынан өтті дейді. Қазақ терминологиясын дамытуда Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға қосқан үлесін зерттегенде, ғалым оны қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалаушы деп бағалайды. Қазақ тіл білімінің тарихында Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесін Абайдың әдебиетке қосқан үлесімен салыстырады.
20-30 жылдары қазақ терминологиясының жасалуы мен қалыптасуында А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов елеулі рөл атқарған болса, бүгінгі күндері қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуына Өмірзақ Айтбайұлының қосқан үлесі елеулі. Ахмет Байтұрсынұлын Өмекең қазақ терминологиясының «атасы» деп бағалайтын болса, бүгінгі күндері академик Өмірзақ Айтбайұлын қазақ терминологиясының «ағасы» деп айтуға болады. Ұлттық терминологияны дамыту жайындағы ғалымның өз байламдарына тоқталып көрейік: «Терминология – ғылым мен техника тілін дамытатын лексиканың бірден-бір күрделі қабаты. Қазақ тілі терминологиясы жазу сауаттылығын арттыратын емле ережелеріне тікелей тәуелді. Ендеше, емле ережемізде термин сөздерді жасау, қабылдау жөнінде жіберілген қатені түзеу. Терминжасамның жаңа үлгілерін баспасөзде жариялай отырып, соның негізінде жыл сайын пікір сайысын өткізіп отыру. Терминолог кадр дайындау жолдары қарастырылып, мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға дейін жіберуді ойластыру. Қазақ терминологиясының өзекті мәселелері жөнінде радиохабарларды үздіксіз жүргізіп, екі жылда бір ғылыми практикалық конференция өткізіп отыру. Бүкіл түрік тілдеріне ортақ терминологиялық қор жасау ісімен шұғылдану», дейді академик.
Көрнекті оқымысты Ө.Айтбайұлының еңбектерінде терминологияның қалыптасу кезеңдері, оның басым бағыттары айқындалған. Ғалымның пайымдауынша, терминология әдеби тілдің бір бөлігі ретінде лексикологияның нағыз өзегінде тұр. Терминологияның жалпы теориясын жасауда, оның ғылымдар қатарындағы орнын айқындау жағдайында Өмекеңнің қосқан үлесі зор. Термин жасау процесінде ғалым ең алдымен қазақ тілінің потенциялын мүмкіндігінше кеңірек пайдалану керек, дейді. Басқаша айтқанда, бұл – ұлт тілінің өз байлығын сарқа пайдалану керек деген сөз. Термин жасау процесінде ұлттық тілімізге тән дайын схемалар негізге алынады. Кірме сөздерді ана тіліне икемдеу мақсатында жаңа модельдер құрастырылады. Дегенмен, басқа тілдерде қолданылатын терминдерді өз тіліне қабылдауда және барлық халықаралық терминдерді аударғанда сақ болу керектігін де ғалым еске салып отырады. Бұл процестың жауапкершілігі мол, себебі, ұлттық тіліміз қоғамның қарым-қатынас рөлін атқарып, сол қоғаммен бірге дамитыны белгілі.
Еліміз егемендігін алғаннан бері терминология мәселелері қарқынды дамып келеді. Соңғы кезде ғылым мен техниканың өрлеуіне байланысты бір жаңа ұғым пайда болса, бір жаңа термин дүниеге келеді. Сондықтан, терминология проблемаларымен тек тілші мамандар емес, басқа да сала қызметкерлері де шұғылданып жүр. Тілші ғалымдармен бірге, жалпы зиялы қауым өкілдері де термин жасаумен айналысуда. Соның нәтижесінде неше түрлі терминология сөздіктер құрастырылды. Әр автор өзінше термин шығаратын да болды. Жаңа терминдер жасалып, айналымға енгізілуде. Айта кететін жағдай, жаңа жасалған терминдердің бәрі бірдей лингвистикалық нормаларға сай келе бермейді. Олардың ішінде сәтті жасалған терминдермен қатар, сәтсіз берілгені де бар. Несін жасырамыз, жүйесіз жасалған терминдер де, терминдердің негізгі заңдылықтарына жауап бере алмайтындары да баршылық.
Кейбір термин құрастырушылардың пікірінше, барлық терминдерді қазақшалау керек, дейді. Оның нәтижесінде тілдің заңдылығына қарсы, термин жасау қағидаларына жауап бермейтін, құлаққа жағымсыз естілетін терминдер пайда болатыны ақиқат.
Бұларға қарама-қарсы пікірді ұстанатындар қазақ орфоэпиясы және орфографиясы заңдылықтарын есепке алмай, терминдерді сол күйінде аудармай қалдыру керек дегенге ден қояды. Бұған байланысты академик Өмірзақ Айтбайұлының өз ұстанымы бар. Ғалымның пікірінше, қазақ терминологиясы екі жолмен қалыптасады: ұлттық тілдің байлығы және кірме сөздер арқылы. Жат тілдерден келген кейбір терминдерді, дәлірек айтқанда, қалыптасқан интертерминдердің бәрін аудару қажет емес. Себебі, бір ғылым саласында қолданылатын халықаралық терминдердің қазақша баламаларын табу, қалыптастыру барлық уақытта сәтті бола бермейді. Термин жасаудың жауапкершілігі мол, өйткені рухани, мәдени, әлеуметтік және басқа да халықтың байлықтары тіл арқылы танылады дейді, ғалым.
Термин жасаудың негізгі жолдары, әдіс-тәсілдері қандай дегенде, профессордың пайымдауынша, олар семантикалық, морфологиялық, синтаксистік және калька тәсілдері арқылы жасалып, олардың қолданылуы контексте тексеріледі. Бұл жағдайда қазақ тілінің жалғамалы тілдерге қатыстылығы есепке алынады.
Өмірзақ Айтбайұлының еңбектерінде терминологияны зерттеуде оның тіл тарихымен, грамматикамен, тіл мәдениетімен байланысы сезіледі. Себебі, ғалымның пайымдауынша, термин жасау процесі тіл тарихы дамуының негізгі бағыттарынан тыс қарастырылмайды. Тіл даму барысында кейбір сөздер қолданыстан шығады, олардың орнына жаңа сөздер, соның ішінде терминдер туады. Кейде ескі сөздер жаңа қызмет атқарады. Соның нәтижесінде тіл баиды, нақтыланады. Тілде орныққан ежелден келе жатқан белгілі тәсілдер арқылы жаңа сөздер пайда болады.
Қазіргі өмір талабына сай, саяси-экономика-рухани өзгерістерге байланысты терминдену процесі қарқынды жүріп жатыр. Қазақ тілінің термин жасау процесінің барлық мүмкіндіктері әлі толық зерттелмеген соң, жаңа терминдерді қабылдау барысында олардың семантикасында, ұғымның дәл берілуіне тырысу қажет, оған, жаңа сөзді белгілегенде, оның этимологиясын ескеру керек. Сондай-ақ, жаңа термин ұсынғанда, оның алғашқы ұғымына тереңірек үңіліп, сол ұғымның мазмұнын дәлірек ашатын сөзді таңдаса, сонда ғана термин мен ұғым бір-біріне сәйкес келіп тұрады. Терминдердің өзіндік критерийлері бар, ол қысқа, семантикалық жағынан нақты, жүйелі болуға тиісті. Терминдердің өзіндік қасиеттеріне қатысты талаптарына сай сөздерді таңдау, ғалымның интуициясына, біліміне және жауапкершілігіне негізделеді.
Қазақ тілінің төл сөздері мен халықаралық сөздер аясында термин жасау процесінде араб-парсы сөздерін де пайдалануға болады, дейді ғалым. Бұл сөздерді қабылдауда, ана тіліміздің дыбыс заңдылықтарына икемделіп, құлаққа жағымды болып, тез қабылданатын, түсінікті болғаны жөн.
Сонымен, Ө.Айтбайұлы ғалым және қоғам қайраткері ретінде термин жасау процесін кең және ауқымды қарастырады. Термин шығармашылығы қоғам өмірінде болған өзгерістермен тікелей байланысты және тіл саясатына сәйкес келгені жөн. Терминдер, әдетте, тілші ғалымдар мен әр саладағы мамандардың осы бағытта істеген жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Ғалым қазақ терминологиясын әдебиет тілінің ең күрделі де қызықты саласы ретінде таниды, оның өзіндік даму жолдары мен қалыптасуы, құрылымдық модельдері, жасалу әдістері мен заңдылықтары бар екенін атап айтады.
Терминология проблемаларымен қатар, академик Өмірзақ Айтбайұлы сөз мәдениеті, стилистика, лексикология, ономастика, диалектология, әдеби тіл, орфография проблемаларымен де шұғылданып жүр. Ғалымның халықаралық ғылыми конференциялар мен конгрестерде тіл білімінің өзекті мәселелері, тіл саясаты, терминология проблемаларына байланысты жасаған баяндамалары әрдайым үлкен қызығушылықпен қабылданады. Ұзақ жылдар бойы Өмекең ғылым кадрларын даярлау ісіне үзбей атсалысып келеді. Жалпы, тіл білімі мен қазақ тіл білімінен республиканың жоғары мекемелерінде дәріс оқыды және Қайнар университетінің деканы ретінде үлкен жұмыс атқарды.
Өмірзақ Айтбайұлы Жоғары Аттестациялық Комитет президиумының, сонымен бірге, институт жанындағы ғылыми дәреже беретін ғылыми Кеңестің көп жылдан бергі мүшесі ретінде, ғылымның жас мамандарының өсіп, жетілуіне қолғабыс етіп келеді. 1998 және 2005 жылдары лингвистикалық комиссияның төрағасы ретінде президенттікке үміткерлерден емтихан қабылдады.
Ғылыми-ұстаздық жұмыстарымен қоса, академик Өмірзақ Айтбайұлы Үкімет жанындағы Мемлекеттік терминкомның мүшесі, ғалым хатшысы ретінде терминологияның практикалық мәселелерін шешуде көп жұмыс атқарды. Мемлекеттік терминкомның осы заман сұранысына лайықты ережесін қайта жазып, құрылымын нақтылай түсуінде де Ө.Айтбайұлының қосқан үлесі зор. Сондай-ақ, Өмекеңнін қайраткерлік қабілетінің айқын көрінген тұсы – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамындағы жұмыстарымен тікелей байланысты. Республикадағы тіл саясаты мәселесінің шиеленісіп қазақ тілінің қиын жағдайда тұрған шағында ол академик Ә.Қайдаримен бірге ана тілінің мүддесі, мұң-мұқтажы үшін күрескен Республикалық «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырушылардың көш басында болды.
Қазіргі кезде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деп аталатын бұл ерікті ұйым кезінде жалпыхалықтық сипат алып, ұлттық, тілдік сананы оятуға түрткі болған көптеген шаралар ұйымдастырғаны күллі жұртшылыққа мәлім. Өмірзақ Айтбаевтың өз сөзімен айтқандай, «Мемлекеттік тіліміздің өрісін бақылайтын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып алдық. Республика зиялылары осы қоғам маңайына топтаса білді. Қуанышта шек болған жоқ. Тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ тілі мен әдебиетін, тарихын зерттейтін ғылыми институттар, мекемелер өзгеше өріс ашып, тәуелсіз еліміздің рухани тірегін негіздейтін зерттеу жұмыстарын жандандыра түсті».
Өмекең ұйымның тұңғыш «Ана тілі» деп аталатын әнұранын өзі шығарып, өзі орындады. Республика оқырмандары сүйіп оқитын басылымдардың қатарындағы «Ана тілі» газетінің ұйымдастырылуы академик Әбдуали Қайдари мен бірге белсене араласуымен жүзеге асырылған игі шаралардың бірі болды. Қазіргі кезде Өмекең халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті ретінде елеулі жұмыс атқарып жүр.
Тағы айта кететін бір жағдай бар. Соңғы кезде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тағдыры белгісіз болып отыр. Оңтайландыру мақсатында бұл ғылыми мекемені басқа оқу-әдістеме орталықтарына қосу жоспарлануда. Бұл мәселе, Өмекеңді қатты толғандыруда. Себебі, әлемде қазақ тілін зерттейтін жалғыз институт бар болса, ол А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғой. «Қазақтың ұлттық санасын негіздеп, рухани жан дүниесін асқақтататын, тәуелсіз еліміздің рухани тірегі болып саналатын бұл ғылыми мекеменің тағдыры ауырлай түсіп отыр. Тіл институты – ұлттық институт емес пе? Оған немқұрайды қарау елдігімізге мін болмас па? Осы мәселені ойлана, ойласа жүрелік, ағайын!», – деп Өмекең баспасөз беттерінде ұлтты толғандыратын толғағын білдірумен жүр.
Көңілі жарық, жүрегі жылы Өмекеңнін достары – сыйласы мен қимастары көп. Ондай адам әмбеге амандық, саулық, жақсылық пен жемістілік тілейді. Ондай адам жасы үлкен жақсыға айнымас іні, жасы кіші жақсыға айнымас аға, солардың бәріне пана. Сондай-ақ, ғалым, педагог, қоғам қайраткері ретінде академик Өмірзақ Айтбайұлы өзінің шығармашылық қуатымен, адамгершілігімен келесі ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
Зейнеп БАЗАРБАЕВА,
ҰҒА корреспондент-мүшесі.
Алматы.