Теледидарда, күнделікті газет-журналда да мас күйінде рөлге ие бола алмай, жол-көлік апатына ұшыраушылар туралы көп айтылып, жазылды. Ал адам өліміне әкеліп соқтыратын осындай апатқа жол бергендерді бірер жылға ғана соттап жатыр. Сонда да балалар мен азаматтарымыздың өмірін қиып жатқан мұндай жол апаты оқиғаларының саны азаяр емес.
Жол-көлік апатына жол беріп, адам өліміне себепші болған масаң жүргізушілер небәрі 3 немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылады екен. Кейде соттар мұндай жүргізушілерді 2-3 жылға жүргізушілік куәлігінен де айырып жатады. Әрине, мұндай шешім аздық етеді. Қазіргі заманда жүргізушілік куәлікті сатып алу түкке де тұрмай қалды. Кейде оны ағайын-тумалары жиналып, сыйға да тартады. Демек, менің пайымымша, адам өліміне душар еткен жүргізушілерге мұнан да қатаң шара қолданылса, онда 3-4 жылда осындай оқиғалар саны 20-30 пайызға дейін азаяр еді. Қайғылы жағдайға ұшыраған отбасылардың басындағы қиыншылықтарды көргенде еріксіз бірге қиналасың. Жол-көлік апатынан о дүниелік болғандардың отбасын ойлап жатқан жан жоқ. Сондықтан, осы мәселені бүкіл халық болып талқылағанды орынды деп тауып отырмын. Бұл ретте Парламент депутаттары осындай адам өлімін азайту жолындағы талқыларын өткізсе және осы мәселенің оңтайлы шешімін тауып, заңға өзгерістер енгізу сияқты нақты ұсыныстарымен шығып жатса, жөн болар еді.
Ердахмет ДОСТЕМЕСҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы.