Әлемнің беделді мемлекет басшыларын Астана қаласында бір шаңырақ астына жинап ЕҚЫҰ Саммитін үлкен табыспен өткізу барлық қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Кең ауқымды алқалы жиынның сәтті өтуіне елордамыздың сақшылары да бар күш-қуатын жұмсады. Нәтижесінде олардың бірқатары мемлекеттік наградаға ие болды. Солардың ішінде ІІ-ші дәрежелі Даңқ орденімен Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Демеуов те марапатталды. Осы орайда елордамыздың бас сақшысына жолығып, қаладағы криминогендік жағдай туралы сұраудың сәті де түскен еді.
– Марат Ғанұлы, өткен жылы әлем көз тіккен ЕҚЫҰ Саммитін ойдағыдай өткізуде Астана қалалық ІІД қызметкерлері қажырлы қайрат таныта білді. Енді алда тұрған көптеген ірі шараларға дайындық тағы басталып кетті. Жалпы бүгінгі таңда қаладағы қылмыстық ахуал қандай?
– Елбасының нұсқауына сәйкес құқық қорғау саласын жетілдіру, қылмыспен күрес және оны болдырмау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүріп жатқан реформа өз жемісін бере бастады. Елорда аумағында қылмыстық ахуал тұрақты. Аса ауыр, оның ішінде адам өлтіру, денеге ауыр зақым келтіру және бопсалау қылмыстарының саны өткен жылмен салыстырғанда, азайды. Қылмыстардың барлық түрін ашу деңгейі жоғарылады. 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың көзі жойылды.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қаншалықты күш тартылуда?
– Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция наряды мен қоғамдық көмекшілердің жұмысына баса назар аударылады. Күн сайын көшеге мыңнан астам қызметкер мен 200 әскерилер шығып, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етеді. Осының арқасында көше мен қоғамдық орындардағы заң бұзушылық едәуір төмендеді.
– Қылмыстың алдын алуда оған халықтың атсалысуы қалай?
– Қылмыстың алдын алуға және ашуға халықтың тікелей атсалысуы, қоғамдық көмекшілердің полицейлерге қолғабыс беруі– қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде өте тиімді жол. Бұны басым бағыт ретінде Мемлекет басшысы да Жолдауда қадап көрсетті. Елордада 500-ден астам консьерж жұмыс істейді. Өткен жылы олардың көмегімен 158 қылмыстың беті ашылды. Бұған қоса қаламыздағы 10-нан астам жоғары оқу орындарында қоғамдық көмекшілер бар. Олар кез-келген ұрлық, тонау немесе әлімжеттік оқиғалары кездесе қалса, полицияға хабар беріп, қылмыстық әрекеттің алдын-алуға немесе тез арада ашылуына септігін тигізеді.
– Қоғам тарапынан полиция жұмысын бақылап, оларға кеңес беріп отыратындар бар ма?
– Әрине, бар. Бүгінде Астана қалалық ІІД жанынан құрылған қоғамдық кеңес жұмыс істеп жатыр. Бұл институт полицейлерге деген қоғам көзқарасын түпкілікті өзгерту үстінде. Қоғамдық кеңесте әрбір шағым, әрбір арыз тыңғылықты тексеріледі, орынды пікірлер, қылмыспен күресудің тиімді тәсілдері айтылады. Кеңеске белгілі қоғам қайраткерлері, заңгерлер мүше болғандықтан олар қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, ішкі істер органдары жұмысын оңтайландыруға әсер етуде. Біз бұл бастамалармен шектеліп қалмаймыз. Алдағы күндері учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру үшін республикалық «Мен сіздің учаскелік инспекторыңызбын» атты шараның кезекті кезеңі басталады. Осы шараға қоғамдық көмекшілерді көптеп тартуды жоспарлап отырмыз.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.