05 Сәуір, 2016

Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына – 23 жыл

736 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
4-371993 жылдың 2 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштерін (ӘТК) құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерді. Қазақстан флотының құрамында техниканың соңғы үлгісі бойынша жабдықталған отандық өндірістің жаңа зымырандық-артиллериялық корабльдері пайда болды. ӘТК-дегі әскери қызметшілердің саны да айтарлықтай ұлғайды, оларды оқыту және жауынгерлік даярлау сапасы арттырылды. «1993 жылдан бастап 1996 жылға дейін Әскери-теңіз күштерін құру үдерісі жүрді. Нәтижесінде ӘТК-нің барлық бөлімдерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі жүйесіне беру туралы шешім қабылданды. ӘТК ауқымында тапсырмаларды орындау үшін жағалаулық күзет жеткілікті саналатын. Уақыт өтіп, менің ойымша атаулы күн болып есептелетін 2003 жылдың 7 мамырында Әскери-теңіз күштерінің Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­тері түрінің мәртебесін алуы туралы қайта шешім қабылданды. Сондықтан, біз ӘТК-нің екі туған күні бар деп үнемі айтып жүреміз. Ол: 1993 жылғы 2 сәуір және 2003 жылғы 7 мамыр», – деді ҚР ҚК ӘТК-нің бас қолбасшысы контр-адмирал Жандарбек Жанзақов. Қызметтің соңғы жоғары көрсет­кіштерінің бірі 2014 және 2015 жылдары ӘТК Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер түрлерінің арасында бірінші орын алғаны, жауынгерлік даярлық деңгейінің артқаны болып табылады. Егер алғаш құрылуы кезінде Қазақстанның әскери теңізшілері жылына теңізде 10-20 тәулік болса, қазіргі кезде 150-160 тәулік болады. Кадрларды даярлау деңгейі жақсара түсті, мамандарымыз сапалы білім беретін оқу орындарына жіберіледі. Қазіргі кезде әскери теңізшілер Ресей Федерациясында, Түркияда, Германияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда білім алып жатыр. Қазақстанда келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер дайындалатын Ақтау және Орал қалаларындағы екі университетте әскери кафедра және ӘТК-нің оқу-жаттығу орталығы жұмыстарын жүзеге асырып отыр. Қазіргі уақытта ҚР ҚК ӘТК-нің жарақтандыруында заманауи зымы­рандық-артиллериялық корабльдер, шағын күзет кемелері мен катерлер тұр. Жақын арада осы арсеналды толықтыра түсетін су жаңа «Алатау» мина-тартқыш кораблі келеді деп күтілуде. Оның іске қосылуы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады. «Егемен-ақпарат».