Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған еді. Оның талай ән-әуендері тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем сазбен әрлеген болатын. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Көш керуен», «Махамбет», «Саржайлау» сияқты әндері мен күйлері халқының сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Жыр жампозы Жамбыл Жабаев: «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар», – деп нық сеніммен айтқаны шындыққа айналды. Ақиқатында солай...
Таяуда Астанадағы Конгресс-холл сарайында Қазақ елінің біртуар перзенті, халқымыздың мәдениетінде, музыка өнерінде композитор, дирижер ретінде өшпес із қалдырған, дәулескер күйші, әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Нұр аға» атты Гала-концерт өтті. Кешке қазақ эстрадасының майталмандары, атап айтсақ, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Ұлан Кенжебеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Үлкенбаева, Алтынай Жорабаева, Айгүл Қосанова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Жастар сыйлығының лауреаты Нұрғали Тұрлыбеков, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Айзада Капонова, Нұрбол Балапанов, Шахризада Тыныштық сынды көмейіне бұлбұл ұялаған жезтаңдай әншілермен қоса, «Шалқыма» халықтық би ансамблі өнер көрсетті. Аталған концертте автордың халықтық ұжымдарға арнап жазған шығармаларын Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі шебер орындап, тыңдарман қауымның ықыласына бөленді.
Концертке жиналған қарақұрым жұрт пен олардың әйгілі сазгерге деген сағынышы, қалтқысыз көңілі, орындарынан өре түрегеліп, қуана қол соққан бейнелері сондай шынайы болды. Қайталанбас тұлға Нұрғиса Тілендиев Қазақстан композиторларының ішінде тұңғыш рет Халық қаһарманы атағын алды. Сол құрмет пен ыстық ықыластың бір көрініс-куәсі ретінде осы концертті айтар едік.
Мүшелге толар-толмас кезінің өзінде-ақ ауылындағы қазақ пен қырғыздың, орыс пен татардың музыкалық аспаптарын тегіс қолынан өткізіп, алуан түрлі ән мен күйді құйқылжыта тартқан Нұрғиса, есейе келе әншіліктің ақиығы Кененнен бата алып, жыр жампозы Жамбылдың сарқытын ішті. Алайда, үлкен өнерге ол он төрт жасында кезікті. Қыдыры – қазақ музыкасының шапағатшысы Ахмет Жұбанов еді. Жаңа ғана бұлқынып шығып, булыға ағып, енді ғана жүлге тарта бастаған кәусар бұлақтың тегеурінін Ахаң абыз бірден таныды. Сөйтіп, Нұрғисаны қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына қосады. Домбырашылықтың дүлдүлі Қали Жантілеуовтің оң жағынан Нұрғисаға да орын тиеді. Қалидың алдын көрген құймақұлақ Нұрғиса кешікпей-ақ, бұрын күйді қызығып тартса, енді күйді құнығып тартатын болады, бұрын күйді еліріп тартса, енді күйді елігіп тартады. Міне, осының бәрі де Нұрғиса әлеміне тапжылмас тұғыр болды, осының бәрі де Нұрғиса дарынының сарқылмас қайнар көзі еді.
Кеш барысында Н.Тілендиевтің өмір жолының қысқа, үзіктері көрсетілді. Оның ән-күйлерінің өміршеңдігі болар, халық қосыла шырқап отырды. Бұл жолы да Нұрғиса рухы халқының сырласы да, мұңдасы да бола білді.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».