05 Сәуір, 2016

Табиғатпен тілдескен

513 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
18-02-16-кенжеғалиевАтырау облысында экология саласында жарғақ құ­лағы жастыққа тимей жүр­ген айтулы ғалым бар. Бүгінде бір жағы жоғары оқу орнында оқытушы болып, бір жағы экологиялық жағдайды жақсартуды мақсат тұтқан қоғамдық академияны басқарып жүрген Әкімғали Кенжеғалиевтің бұл салада сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ғалымның мұнай және газ өндірісінің қоршаған ортаға ықпалы мен оны азайту жолындағы зертханалық еңбегі арқасында өңірде қан­шама бағалы бастамалар дүниеге келді. Туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарауды азаматтық парыз тұтқан ұстаз-ғалым ғылыми-зерттеу институтында мұ­най­ды өңдеуге дайындау, «Қазгидромет» мемлекеттік меке­месінде табиғи орта­ның ластануын зерттеу жұ­мыстарында біліктілігімен ел аузына іліккендердің бірі және осы саладағы санаулы мамандардың бірегейі болып табылады. Әкімғали Кенжеғалиев 1946 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Теңіз ауда­нының «Қарашау» ауылында мұғалім Кенжеғали Мұ­қа­новтың отбасында туған. Гурьев мем­ле­кет­тік педагогикалық инс­ти­тутының физика-математика факультетінің жаңадан ашылған физика-жалпы тех­никалық пәндер бөлімін үздік бітіреді. Ә.Кенжеғалиев мұнай және газ өндірісімен айналысатын мекемелердің табиғи ортаға шығаратын залалды қалдықтарын анықтауда маман ғалымдармен ынтымақтаса отырып, ғылыми-өндірістік орталық ұйымдастыруға атсалысты. Каспий теңізінің қайраңында мұнай және газ өндіруге жүргізіліп жатқан белсенді жұмыстардың да әсерлерін болжай келіп, ай­мақ­тың экологиялық жағ­дайының нашарлауына жол бермеу мақсатында «Қа­зақстан қоғамдық академиясын» құрды. Академия қазір өз жұмысын жалғастырып келеді. Осы а­р­қылы халықты орынсыз алаңдамауға шақырды, эко­логияға қатысты үрей­ленуге себептің жоқ екендігін ғылыми жолмен дәлелдеп түсіндіріп беріп тұрды. Со­нымен қатар, Қашаған кен орнындағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығы мен аймақтағы экологиялық жағдай туралы баяндамасы да кезінде көпшілік ортасында жылы қабылданды. Ол – 6 монографияның, 10 оқу құралы мен дәрістер курстарының, 100-ден астам мақалалар мен тезистердің, 19 авторлық куәлік пен патент­тердің авторы. Ұлағатты ұс­таз, оқу процесін шебер ұй­ым­­дастырушы бірнеше жыл «Қол­данбалы экология және балық шаруашылығы» және «Жал­пы физика» кафедраларын абыроймен басқарды. Бүгінгі таңда «Геоэкология» зертханасының меңгерушісі қызметін атқарады. Каспий теңізінің ластану проблемасымен көп жылдан бері айналысып келе жатқан эколог-ғалымның Білім жә­не ғылым министрлігінің ғылыми-техникалық бағдар­ламалар мен жобалары бойынша жарияланған конкурсында «Каспий теңізінің Қазақстан секторында мұнай іздеу операцияларының эко­ло­гиялық жағдайға әсерін зерттеу және төгілген мұ­най дақтары таралуының мате­матикалық моделін жасау» тақырыбына әзірлеген ғылыми-зерттеу жұмысы 2012–2014 жылдарға ар­налған гранттық қар­жы­ландыру мүмкіндігін же­ңіп алды. Теңіз суының түбіндегі шөгіндісінің сынамасын алуға арнайы экс­педиция жасақталып, алынған сынамаларға талдау жасату үшін Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мем­лекеттік университетімен және Атыраудағы ЖШС ҒӨО «Экоаналитикпен» келі­сім­шарт жасалды. Атқарылған тапсырмалардың есебі уақ­тылы тұжырымдалып, үш жыл қатарынан нәтижелі жұмыс жүргізілді. Жоғарыда айтылған Білім және ғылым министрлігінің ғылым ко­митетінде ұтып алған ғылыми жұмыстың нәтижесін ғылыми кітап түрінде жинақтап, бас­падан шығаруға элек­трондық пошта арқылы жолданса, Бішкек қаласында қыр­күйек айында өтетін Ха­лық­аралық конференцияға 2 тұ­жырымдама жіберілді. Ғылым жолына тұңғыш талаптанған ұлының өзімен ақылдасуға келген сапарында өз ғұмырын ауыл мектебінде ұстаздық етуге арнаған құр­метті азамат жеті баланың әкесі Кенжеғали, анасы Жән­нат екеуі: «Өзің ниет қойсаң, ой­лаған мақсатыңа жетуіңе біз тілекшіміз», – деп, сәт-сапар тілеп, жолға шығарып салған болатын. Ал қазір ғалымның өткеніне ой жүгіртіп, болашаққа шолу жасаған аз ғана сұхбатынан әке артқан сенім мен үмітінің ақталғанын көруге болады. Көкейдегі арман-мұраты аза­маттық абыроймен астасып, хакімдердің ұлағатын бойына сіңірген ғалым-ұс­таз шәкірт баулып, ел-жер қамына алаңдайтын игі жақ­сылармен жолдас болса, қариялық жасқа ақсақал абыз­дың пайымымен жетіп отырса, әке үмітінің орта жолда қалмағаны. Көкіректегі арманның, көксеген мұраттың орындалғаны. Төңірегіне азаматтығы ерекше, бітім-болмысы сайдың тасындай іріктелген дос-жаран жинаған Әкімғали Кенжеғалиұлының бүгінгі мерейлі жасқа ел игілігі жолындағы төккен терінің жемісімен, дос-жаранының ортасында абыройы асқақтап жеткені Жүсіп Баласағұнның «Ғалым, дана болмағанда жаһанда, жерде игілік өнбес еді қашан да» деген түйінді сөзіне бір дәлел екені айқын. Әкімғали Кенжеғалиұлы 1993 жылы «Физикалық химия» мамандығы бойынша химия ғылымдарының кан­дидаты, ал 2009 жылы «Гео­экология» мамандығы бойынша техника ғылым­дарының докторы ғылыми атақтарын қорғады. Білім және ғылым саласына сіңір­ген еңбектері ескеріліп, «Қазақстан Рес­пуб­ликасы ғылымын дамытудағы еңбегі үшін», «Каспий маңы елдері ЖОО ассоциациясына 10 жыл», В.И. Вернадскийдің «Экологияға сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен және М.В. Ломоносовтың «Эко­логияға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Ол Құрманғазы ауданының құрметті азаматы да атанды. Осының бәрі ғалымның елге сіңірген елеулі еңбегіне берілген байыр­қалы баға еді. Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, филология ғылым­дары­ның кандидаты. АТЫРАУ.